Қош болыңыз, қазақ әдебиетінің классик қайраткері!
Қазақ әдебиетінің қайран алыбы, қазақ ұлтының тағдыры мен тарихын әлемге танытқан қайраткер қаламгер, дүние жүзін мойындатқан асылымыз, ардақтымыз, абызымыз Әбеке! Иманыңыз серік, жайғасар жайыңыз пейіш болғай!
1982 жылдың күзі. Даңқы жер жарған жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов ағамызбен мен басқаратын Жамбыл атындағы колхозға келді. Ол елдің тірлігімен, үлкендерімен танысып сөйлесті. Мұнда келгесін бұл ауылдың кезінде 19 баласының 13-ін Ресейде оқытқан әйгілі болыс Мұңайтпас Лапиннің, «Қыз Жібек» фильмінің бас режиссері Сұлтан-Ахмет Қожықов әулетінің, ол кезде көзі тірі Сәбира Майқанова апамыздың туған мекені екенін біліп, қатты ризашылық танытты. Кетерінде жақсы көңіл күйде болып, ауыл тұрғындарына жақсы тілегін айтып, жылы қоштасқан еді. Біздің таныстығымыз осылай басталды.
Кейін бұл жақындық одан әрі жалғасты. 1989 жылдың шілде айында, сенбі күні. Сырдария аудандық, атқару комитетінде төрағамын. Жұмыста отырмын. Таңертең сағат 10-дар шамасында Әбекең қасында өзін күтіп алған обкомның бөлім меңгерушсі Әбдіжәлел Бәкір, қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Сәдуақас Аңсатов, облыстық партия комитетінің қызметкері Кеңесбек Махамбетов бар, кабинетіме кіріп келді. Сәлемнен кейін Қазалыдағы бірінші хатшы Елеу Көшербаев ағамызды қостыртып, сөйлесіп алды да, маған қалаға кірмей, біздің үйден шәй ішіп шығатынын ескертіп: «Жүр, үйіңе апар» деп орнынан тұрды. Аяқ астынан шәй дайындығына үлгіру үшін маған жазушыны аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына апаруға тура келді. Сөйтіп, ол кісімен дереу хабарласып, Әбекеңнің сәлем бергелі барғалы тұрғанын айтып үлгедім. Сосын бұдан әрі жол жүретін обком көлігінің жүргізушісі ас ішсін деп желеумен оны көмекшіммен асханаға жібертіп алып, тағы шамалы уақыт создық.
Осыдан кейін жаяулап тартып, біздің үйге келдік. Табалдырықтан аттай бергенде, арғы жақтан қуырылған балықтың иісі келді. Ал балық – Әбекеңнің ең бір сүйсініп жейтін асының бірі. Ол кісінің несібесіне соның алдында «Бірінші май» совхозындағы Мұңайтпас ағамыз үйге балық әкеп тастағаны қандай жақсы болған!
Әбекең ағамыз үйге кіргеннен кейін Елекеңмен (Көшербаев) телефон арқылы сөйлесіп, тағы бір сағат кешігіп шығатынын ескертті. Сол жолы ол үйде балықтың әр қабырғасын, омыртқасының дәмін татып, шәй ішіп аттанған еді.
Бұл сапары Аралдағы немере інісінің жағдайымен келген екен. Жалпы, Әбекең жеңіл тамақ, балықты қолайлайтын. Құс етінің жүнінің түбірі қанша тазалағанмен, терісінде қалып қояды деп ықыласты болмайтын. Шай, тамақты жастыққа жантайып ішкенді ұнататын. Үйге соғарында: «Ана Мұхан досың мен әзілкеш Сахабашың болсын» деуші еді.
1991 жылы Жаңақорған ауданындағы малшылардың 151-і жер кепеде қыстайтын. Одақ тарап, барлық қатынас үзілген кез. Барғаныма 4 ай болған. Құрылыс заттары жетіспейді. Алматыға Әбекеңе барып, жағдайды түсіндіріп, онымен біірге Премьердің орынбасары, агропром басшысы Балташ Тұрсынбаевқа влып бару жөніндегі өтінішімді бірден қолдады.
Әбекең Балташқа: «Қазақтар сендердің қойларыңды бағам деп, осы уақытқа дейін жер кепеде келін-кепшіктерімен бірге тұрып жатқан көрінеді, уақыт тауып, барып қайт, мына жігіттің өтінішін орында, соларды жердің бетіне шығарып үй салуға 5-6 жүз тонна цемент керек екен», деп кідірмей, шығып жүре берді.
1992 жылы мамырдың 19-ы күні Әбекең хабарласпай, Жаңақорғанға бір кісімен келіп тұр жұмысыма. «Алматыда, Қызылордада тыныштық бермейді, бір тыныш жер табасың, «Соңғы парызымды» сонда аяқтасам» деп еді. Сосын Жаңақорған санаториясындағы Әмитов Егенберді ағамызға апарып, екі номерлі жәйлі пәтерге орналастырдық. Бір ай жұмысын жасап, қолы босаған соң: «Былтырғы малшылардың үйлеріңді көрсет», деді. Осылай шұғыл жолға шықтық.
Әр мекеме аудан әкімшілігінен бастап 1-2 үйден салып жатқан кез. Аудан әкімінің орынбасары Шайзында Қарақожаев ағамыздан бастап, оншақты салынған, салынып жатқан үйлерді, жанындағы кепелерді көріп, үйдің көлеңкесіне отыра кетті де, дүниенің мол кезінде неге салынбаған деп таңырқап, орнынан тұрып, бар жұмыстарын тастап шомылатын бөлмесіне дейін бар үйлерді аралап,бүкіл аудан мекемелерінің жұмылғанына ризашылығын білдіріп,алғысын айтты. Бұдан әрі арнайы дүкенге ат басын бұрдық.
Жағдайдың қиын кезі. Дүкен сөрелері бос. Әр рабкооптан жинақтап, жоғын Түркістаннан әкеліп ашқан дүкеннен ауылдың кеңестің анықтамасымен қайтыс болған жанның туысы келіп, белгіленген норма бойынша қажетін алып кетуші еді. Әбекең жарықтық, өз көзіне өзі сенбей, бір мезет ойланып тұрып: «Ибрагим, халқыңа бас қосқан жиныңның біреуінде менің атымнан айтарсың, не көрмедік, бұлда жөнделер, еліңнің қимылына, көңіл күйіне қарап разы болдым» деп бізге қуат берген еді.
1993 жылы мамыр айының 15 күні Исатай ағамыздың 60 жылдық мерейтойына қатысты. Соңында маған: «Ауданыңа апар, ағаң Қалтай екеуміз бір-екі күн кідіргіміз келеді, Қалтай ағаңның әкесі Мұхамеджанның «Ақтас мешітінде» имамдық қызмет етіп, 1938 жылы қуғынға түсіп, Ташкентте ұсталып шейіт болған екен. Сол кісінің аруағы разы болсын, Мешітті жөндеп, үйлер, жол, жарық, су ұңғымасын салған екенсіңдер», деді. Сөйтіп, ауданда болып, аралап, ертеңіне жолға шықты.
2018 жылдың маусым айында Әбекеңнің үйіндегі кездесуде Сәкең ағамызбен бірге өзінің жазып жатқан үш еңбегімен екі сағаттай таныстырып, бұрынғымен қәзіргі жағдайға, биліктегілерге, елдің хал ахуалына көзқарасын толғанып отырып, әңгіме-дүкен құрған болатын.
Иә, індеттен шыға алмадық. Ол сылтау болмас, «армысыз» деп хал-ахуалыңызды біле алмадым, Әбеке, кешірім өтінемін. Бұл менің ол кісімен соңғы емен жарқын кездесуім екен.
Бүгін ағамыздың ақырғы қоштасу рәсіміне аттанып барамын.
Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,
қоғам қайраткері
Қызылорда қаласы