Трамп Кремльдің Украинаға қатысты саясатына наразылық білдірді

УАШИНГТОН. 8 сәуір. АҚШ президенті Дональд Трамп Кремльдің Украинаға соққы беруін жалғастырып жатқанымен келіспейтінін айтты. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
7 сәуірде Ақ үйдегі Сопақша кабинетте Израиль премьер-министрімен кездесуінде Дональд Трамп Украинадағы оқиғалар тақырыбын тағы қозғады. АҚШ президенті қазір украин жерінде жалғасып жатқан жауластық жағдайына қатты алаңдаушылық білдірді. «Олар тура жындылар сияқты бомбалап жатыр», деді ол Путиннің Украинаны соққының астына алуын тоқтатпай жатқанына ренжіп.
Трамп не болып жатқанын түсіне алмайтынын айтты.
Ақ үйдің басшысы оның командасы Ресеймен де, Украинамен де уақытша атысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Уашингтон «мақсатқа жетуге жақын», бірақ ол нақты неге қол жеткенін ашып айтпады.
Дональд Трамп сондай-ақ Владимир Путинмен соңғы телефон сөйлесуі кезінде Ресей көшбасшысының тез арада атысты тоқтатудан бас тартқаны өзін «тіксінтіп» жібергенін мойындады.
Журналистер жаңа баж салығын енгізу тақырыбын да сөз қозғады. Ресей бұл тізімдегі 180-нен астам елдің қатарында жоқ. Неге? Трамп бұған АҚШ пен Ресей арасында 2022 жылдан бері ешқандай сауда қарым-қатынасы жоқ екенін айтып жауап берді, сондықтан баж салығы енгізілген жоқ.
Украина мен АҚШ өкілдері Сауд Арабиясында Ресейге 30 күндік уақытша бітім жасауды ұсынғанына бір айға жуық уақыт өтті.
13 наурызда Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Кремль уақытша атысты тоқтатудан бас тартып отырғанын мәлімдеді.
25 наурызда Уашингтон мен Киев энергетикалық инфрақұрылымға соққы бермеу жөнінде жаңа бастама көтерді. Алайда Кремль күн сайын азаматтық нысандарға шабуыл жасауды жалғастыруда. 4 сәуірде Кривой Рогтағы шабуыл нәтижесінде 20 адам қаза тапты, оның 9-ы балалар болды.