Жаңалықтар жаңғырығыЭкономика

Трамп Байденнің Ресейге қарсы санкцияларын ұзартты

УАШИНГТОН. 13 сәуір. АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің алдындағы Джо Байденнің Ресейге қарсы санкцияларын тағы 1 жылға созды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ федералды тізіліміндегі құжатқа сәйкес, өзінен бұрынғы Джо Байденнің 2021 жылдың сәуірінде Ресейге қарсы салған санкцияларды тағы бір жылға созып қойды.

Шектеулер сол кезде «Ресей үкіметінің шетелдегі қаскүнемдік әрекеттеріне», атап айтқанда, АҚШ-тағы сайлаудың өтуіне нұқсан келтіру әрекетіне байланысты жасалған. Байденнің №14024 жарлығы «ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер» салдарынан қарастырылатын төтенше жағдайды белгілейді. Ол Ресейдің сайлауға араласуға, киберқылмысқа, «шетелдік үкіметтерге ықпал ету үшін трансұлттық сыбайлас жемқорлықты пайдалануға» және журналистер мен диссиденттерді қудалауға қатысы бар жеке тұлғалары мен ұйымдарына санкция салуға мүмкіндік береді.

Жарлық бірнеше рет кеңейтіліп, ұзартылды. Қазір ол жеке және заңды тұлғаларға қарсы санкцияларды ғана емес, сонымен қатар Ресей активтерін бұғаттауды, сондай-ақ ресейлік әскери-өнеркәсіп кешенімен ынтымақтасатын шетелдік қаржы институттарына екінші реттік шектеулерді қамтиды. Трамп соңғы ұзартуды «Ресей Федерациясы Үкіметінің арнайы зиянды әрекеттері <…> Құрама Штаттардың ұлттық қауіпсіздігіне, сыртқы саясаты мен экономикасына ерекше және төтенше қауіп төндіреді» деп түсіндірді.

Бұған дейін 27 ақпанда Трамп Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуына байланысты Ресейге қарсы салынған санкцияларды бір жылға ұзартқан болатын. Әңгіме АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обаманың Ресейдің Қырымды аннексиялауынан кейін 2014 жылы қол қойған №13660 атқарушы жарлығы, сондай-ақ 2018 және 2022 жылдары енгізілген шектеулері туралы болып отыр.

11 сәуірде Трамп Ресейді Украинадағы соғысты тоқтату үшін «әрекетке» шақырды. Axios ақпарат мәнбесінің хабарлауынша, Ақ үй сәуір айының соңын Кремль атысты тоқтатуға келісетін шартты мерзім ретінде қарастыруда, әйтпесе Ресей жаңа санкцияларға тап болады. 4 сәуірде Мемлекеттік хатшы Марко Рубио да Уашингтонның «айларды» күтуге ниеті жоқтығын және Путинге бұл туралы ойлануға бірнеше апта уақыт беріп жатқанын мәлімдеді. Трамптың өзі Мәскеу мәміле жасасудың аяғын созып бара жатқанын сезсе, Ресей мұнай экспортына 25 пайыздық қосымша баж салығын енгізетінін ескертті.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button