Прага «Азаттық» радиосының жұмысын жалғастырғысы келеді

ПРАГА. 16 наурыз. Чехияның сыртқы істер министрі АҚШ әкімшілігі жапқан «Азаттық» радиосының жұмысын Еуропада жалғастыруды ұсынады. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Чехияның сыртқы істер министрі Ян Липавски 17 наурызда еуропалық әріптестерімен кездесуінде Дональд Трамп әкімшілігі қаржыландыруды тоқтатқан «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының жұмысын жалғастыру мәселесін көтермекші.
Чехия үкіметі Еуроодақта АҚШ-тың қаржыландыруынан айырылған, Прагада орналасқан «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының болашағын талқыланды жөн көріп отыр. «Мұндай хабар таратуды жалғастыру Еуропаның мүддесіне сай», – деді сыртқы істер министрі Ян Липавски 16 наурыз, жексенбі күні Чехия телеарнасында.
Ол 17 наурызда Еуроодақтың басқа елдеріндегі әріптестерімен өтетін кездесуде «Азаттық» радиосының жұмысын жалғастыру мәселесін күн тәртібіне қоятынын айтты.
«Азаттық» радиосының Чехия үшін және Еуропа үшін нені білдіретіні туралы саяси тұрғыдан ойлану керек», – деді Липавский. – Біз көршімізде тоталитаризмнің өркен жайып кетпеуіне мүдделіміз».
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі ел ішінен тысқары аумақ аудиториясына хабар таратқан жүздеген америкалық БАҚ қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберді. «Бұл ең алдымен «Америка дауысы» және «Азаттық» радиосы сияқты ақпарат құралдарының қызметкерлеріне әсер етті», – деп хабарлады Франс Пресс агенттігі 15 наурыз күні кешке.
Мұның жай-жапсары жайында «Америка дауысы», «Азат Азия» және «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының тілшілері мен басқа қызметкерлері электронды пошта арқылы хабар алды. Олар жұмысшыларды бұдан былай кеңселерге кіргізбейтінін және баспасөз куәліктерін, жұмыс телефондарын және басқа жабдықтарды тапсыруға тура келетінін айтты.
Мемлекеттік қаржыландырудың аяқталғанын «Азаттық» радиосының басшысы Стивен Капус растады. Оның айтуынша, бұл 75 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан медиакомпанияның хабар таратуын тоқтатуына алып келеді.
Бұған Трамптың 14 наурызда қол қойған АҚШ үкіметіндегі жеті тәуелсіз федералды агенттіктерді ауқымды қысқарту туралы жарлығы себеп болды.