Таным

МАҒАУИН МИССИЯСЫ

Кеше, бүгіндері Астана, Алматы қалаларында Мұхтар аға Мағауинге ас беріліп жатыр. Бұл күндері жақсы сөз көп айтылды, өсиеті еске түсті. Руханият жайлы әңгіме қозғалды. Бізде өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік.

Ұлт мүддесіне табандап қызмет еткен, алаш тапсырмасына аса тиянақты, Жер бетіне ерекше міндетпен келген ардақты Мұхтар Мағауин өз шеңберіңде, өмір мөлшерінде, Тәңірі жүктеген үлкен бір миссияны толық орындап шықты.

Егер Мағауин жасаған зор еңбекті тізімдейтін болсақ, алапат, қыруар істі қай кезде тамамдап үлгерді екен деп таң қалар едік. Бұл туралы, өмірдің мұраты еңбек екені жайлы «Көк мұнар» романында жазып еді.

Оның өмірі – өнегелі, сөздері – ақиқат, ақыл-кеңесі – өсиет.

Ол уақытпен жарысты. Кімді-кім жеңер екен депекі жақ ұзақ аңдысты. Уақыт басып озды, бірақ мәңгілік Мағауинге бұйырды. Мағауин мәшіңкесі тықылдап жатқанда, бізге өнердің жүрегі талмай соғып тұрғандай елестейтін. Қазір мәшіңке үнсіз тұр. Қаралы күндер біткенде біз мәшіңкеден шыққан талай шығарманы табармыз.

Заңғар жазушымен енді біз кітап жүзінде кездесеміз. Уақытты түсіндік, мәңгіліктің жолын кім біледі? Мағауин. Ғылым тәртіпті сүйеді, алайда, көркем шығармашылық та тәртіпті жақсы көреді екен. Оның ғылыми еңбектері мен көркем әдебиеті астасып жатты. Ғылыми дүниесі күн озғанда көркем мәтіннен көрінді. Яғни, жазушыда таным біреу-ақ, ол – ізденіс, еңбек.

Уақыт тоқтады. Тәртіпке берік, шаруасына мығым, мақсат-мұратына адал Мұхтар аға Мағауин ешқашан өлмейтіндей көрінетін. Кез келген нәрсеге тиянақты еді. Ел ұқыптылығына қарап, жазушыдан гөрі математикке ұқсататын. Принстон университеті бағын қыдырып жүрген Эйнштейн тағдыры тәрізді. Көзі тірісінде аты аңызға айналған тұлға болды. Соңғы ғасырдың ішінде дәл Мағауиндей шығармашылық табысқа жеткен адам жоқтың қасы.

Мағауин сыйлы болды ма? Болды. Жұрт қадір тұтты ма? Тұтты. Кімнің есім-сойын атар едік? Мысалы? Мұхтар аға Құл-Мұхаммед әулеті.Қазақстанда Мұхтар деген есім-сой иесі қашанда елін сүйген, жерін сүйген, өнерін сүйген ер келеді. Атамұра басшысы Рақымғали досымның қазақ халқына жасаған күллі еңбегі көз алдымда. Бұл жайлы сіздер де білесіздер. Әсіресе, Мұхтар Мағауиннің 80 жасқа толған мерейтойы тұсында «Ұлтқа қызмет» атты естелік кітапбы жарық көрді. Атамұрадан басылып шыққан аталмыш кітап Мұхтар ағаның еңбегі мен шығармашылығына арналды. Іле-шала «Көк мұнар» романы жарық көрді. Мағауин ұстаздың көңілінен шыққан бұл кітаптар ағамыздың қуаныштары мен мерейтойлары елеусіз қалмағанын білдіреді. Кітаптың шығарылымына Мұхтар аға Мағауиннің өзі араласып отырды. Ол талапшыл тұлға еді, бөтен қаламның төл мәдиниетін, төл мәтінің билеп-төстеуіне қарсы болды.

Бұл жұмыстың басы-қасында Рақымғали жүрді. Ал идеяны айтқан, бағыт-бағдар берген Мұхтар аға Құл-Мұхаммед болатын.

«Ұлтқа қызметтің» өзге кітаптарға ұқсамайтын бір артықшылығы болды.

Ол кеңес hәм тәуелсіздік заманында есімі ғаламды шарлаған Мұхтар аға Мағауин туралы тұңғыш әрі соңғы кітап еді.. Иә, сенсеңіз де, сенбесеңіз де солай.

Бұл кітаптың басты қасиеті мұнда емес. Басты қасиеті – оны Мұхаңның өзі қарап шыққаны әрі жарық көрген нұсқаны көріп кеткені. Кейінгі ұрпаққа өнеге кітап.Толқын-толқын жас Мұхаңа сенеді. Мұхаң – бізге. Мұхаңның жасқа үміт артуы – зор.

Кітапты мемлекеттің емес, ағайынды Мұхтар мен Рақымғали Құл-Мұхаммедтер жарыққа шығарды. Ұлтқа жағатын игі істі Құл-Мұхаммедтер мақтан үшін емес, ұлы жазушының құрметі үшін жасады.

Сол кітаптың құрастырушысы және оны Мұхаңның өз қолына табыстаушы ретінде мен нық сеніммен айта аламын: кітап аталған екі азаматтың абыройлы еңбегі.

Ашы да болса ақиқат осы, ағайын.

Кезінде Мыржақып бабамыз айтқандай,

«Сұраймын, сонда қайда едің?»

Мұхтар аға Мағауин біреуге жақ, біреуге қарсы болған жоқ. Оның әр нәрсеге өз пікірі болды. Тегі, кезінде, ұлт мүддесіне табан аудармай 60 жыл қызмет жасаған қазақ данышпаны Мұхтар Мағауин өзінің жанкешті образы Ораз-Мұхаммед тәрізді халқына Жерұйық, жұмбағына жауап іздеп, Шыңғыстаудан шыққан еді. Шұбартаудан басталып, АҚШ-тың Мэрилэнд штатында аяқталған ұзақ сапарында, кешелері ұлы империялар таласқан алып мемлекет топырағында, рухтас елде, өзіне әдеби ағайын, жазуы туыс Фолкнер мен Хемингуэй отанында, ұлы мұрат жолында, ел алдындағы борышын өтеп, бүкіл еңбегін қазаққа табыстап, алыста, бала-шағасының ортасында, ғарышта жүйткіп өзің өзі мәңгілік айналып кетіп бара жатқан адамзат Планетасында Төлеген Айбергенов жырлаған биікте қайтыс болды.

Дидар АМАНТАЙ,

жазушы, философ

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button