Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін Көпен

Қайран досым, Көпенім. Өзімше бауыр тартып, жеке иемденіп алғаныма кешірім сұраймын. Ол бәріміздің Көпеніміз еді. Осы бір сатира сардарының, қаламының ұшында найзағай ойнаған, ойшыл да дара, іскер журналистің бармаған жері, баспаған тауы, ең негізгісі қалам тартпаған нысанасы жоқ шығар. Ол шаршамайтын, үнемі Садықбек Адамбеков көкесінің інісіндей ел аралап, халықының алақанында, құрметтің бел ортасында жүретін. Бүгін – Батыста, ертең – Шығыста, ал бүрсікүні қай аймақта болатынын Көпекеңнің өзі де білмейтін. Бір білетіні, еліміздің қай өңірінде жүрсе де, өзінің туып-өскен жері – Отырарға жолай бір соқпай кетпейтін.

Жердің құдіреті оның тартылыс күшінде десек, әлемге әйгілі Отырар Көпенді өзіне тартатын да тұратын. Бұл – Жер-Ана мен перзент арасындағы көзге көрінбейтін сағыныш, талпыныс, аңсау болса керек. Орайы келгенде айта кетейін, менің есіме сонау бір кездегі Оңтүстік Америкаға, туысқан халық – үндістер еліне жасаған саяхатым түсті. Әңгіменің негізгі ойтүрткісі – экватор белдеуі. Бұл жерге аяқ бассаң көңіліңді қуаныш кернеп, іздегенің табылғандай, арманың орындалғандай күй кешетіндігіңде. Қолыңа: «Экватор белдеуін кесіп өтті» деген куәлік береді. Сол сәттегі қуаныш толқуыңды сөзбен жеткізу мүмкін емес! Оны көру керек! Экватор белдеуінің қақ ортасында малдас құрып отыру керек! Сен сонда ғана Жер құдыретін іштей сезінесің.

Бұл жердің кереметін – Жер кіндігі екенін ғалымдар әлдеқашан шамалап дәлелдеп қойған. Шамалап дегенім, ғалымдардың экватор белдеуінің дәл ортасын дүп таппаған, ал, ең негізгісі бұл жердің құдіреті өзіне тән тартылыс күші бар екенін де білмеген. Соңғы кездегі зерттеулер негізінде Жер кіндігінің дәл кіндігін мына тәсілмен оп-оңай-ақ анықтапты.  Ол үшін  Жер шарының төменгі бөлігінен қолыңа су құйылған құты алып, белдеуге жақындасаң су солдан оңға қарай айналып, иірім пайда болады. Ал жоғарыдан төмен түссең су оңнан солға қарай айналып, иірім жасайды. Бұл көрініс айналдырған елу қадам жердегі табиғат кереметі. Тура экватор белдеуіне келгеніңде, тыныштық орнап, қозғалыстың бәрі тоқтап, сілтідей тына қалады екен. Болған оқиғаға зер салсақ,  адамзаттың ойына кіріп-шықпайтын бір құпияның сыры ашылғалы тұр! Ол – адам баласының жүрек қағысы, қан айналысындағы өзгеріс, ең негізгісі жаныңның жай табатындығында. Осы көрініс туған жерге келгеніңде де қайталанатын сияқты. Бұл – өз болжам-пайымым.

Көпен досымның жүрген жері әзіл-күлкіге, кішігірім сахналық көрініске,  арпалыспен өткен «итжығыс» өмір өрнектеріне толы-тын. Күрмеуге келмейтін қиын тіршілікті әзілімен өрнектеп, шешімін өзі тауып беретін. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш», ренжігенді татуластырып, шаршағанды сейілтіп, қуаныш сыйлап жүретін. Төңіректі дүрліктірген бір шытырман оқиға болса, сол көріністің бел орасынан Көпекең табылатын. Ойлап қарасам, сол қызыққа толы көріністер Көпенді өздері іздеп жүретіндігі.

Көпен Әмірбек бүкіл саналы ғұмырын қазақ журналистикасына, сатира жанрына  арнады. Сонау жетпісінші жылдардың орта шенінен бастап, жүрегі тоқтағанға дейін әділдіктің жаршысы «Ара» журналын шығарумен келді. «Жайдарман» телехабарына қатысып, жастардың жайдары күлкісіне қуанып жүрді. Ал оның халқымыздың біртуар асыл азаматтары жайлы алған сұхбаттары, естелік-эсселері қаншама! «Қазақ әдебиеті» газетінде апта сайын, Қазақ радиосынан күнара сомдалып жататын. Теледидардағы «Көз көрген», «Жол-жөнекей» хабарларын айтсаңызшы! Не деген еңбек, төгілген есепсіз маңдай тер! Көпеннің сол жазған әр мақаласын қуанышпен еске ала отырып: «Мен тарихи тұлғалардың бет-бейнесін дәлме-дәл сақтап, келер ұрпаққа сол қалпында айнытпай жеткізуге тырыстым.  Өйткені, осы естеліктер келер ұрпақ үшін құнды дерек, таптырмас мұра» дегені есімде. Шындығында да жылдар өткен сайын Көпен кейіпкерлері бізбен бірге өзіндік бейнесін, тарихи таптырмас келбетін сол қалпында сақтап келеді. Бұл туындылар публицист, сатирик-жазушының тамаша қолтаңбасы, келер ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы.

Көпен Әмірбек менің курстас досым еді. Ол сыйластыққа жайлы, әңімешіл, бір таңқалдырар оқиғасы дайын тұратын жан болатын. Айтар ойын саралап, мысалмен шегелеп қоятын. Айтқандарының біріне сенсем, енді біріне күмандана «Қожекеңнің інісі ғой» деп үндемей қоя салатынмын.

Бұл қасиет Көпеннің  құдіреті, ешкімге ұқсамайтын болмысы болса керек!

Көпекеңмен бірге жүргеннің  кереметі оны танымайтын адам жоқ. Үлкен де, бала-шаға да жүгіріп келіп амандасып, суретке түсіп жататын. Мұндай кездерде дүние күйіп кетсе де Көпекең асықпайтын.Бейтаныс жанды туған бауырындай құшағын аша шүйіркелесіп, одан соң рахаттана суретке түсетін. Досымды күтіп, баратын жерімізге кешігіп жатқанмызды сездіруіммен әлек болатынмын. Әттең, «Қамшының сабындай қысқа ғұмырды» ұзартуға ұмтылған, таныс-бейтаныс адамдарды алаламай, бәріне бірдей қуаныш сыйлауға талпынған досым-ай!

Жақсы адамдар бір-біріне ұқсас келеді

– Осы адамдар мені көп шатастырады. Амандасқандардың  алпыс пайызы Асанәлі Әшімов, жиырма бес пайызы Жүрсін Ерман дейді. Ал, қалған он бесі дүп таниды, -деді досым бірде ағынан жарылып.

Әдеттегідей екеуміз ұялы телефон арқылы сәйлесіп жатқанбыз. Ол –  Астанада, мен – Алматыдамын.

– Ассалаумаалейкум, ата! – деп амандасты біреу.

– Иә, қарағым, аманбысың? –деді Көпен жанына жақын тарта.

– Асанәлі ата, сізбен бірінші рет кездесіп тұрмын. Естелікке  суретке түсейік.

– Түссек, түсейік, – деді Көпен.

Мен трубканың арғы жағында әңгімелерін тыңдап тұрмын. Шыдамым жетпей: «Мен Асанәлі атаң емеспін, қарағым, Көпен ағаңмын ғой!» деп неге айтпайсың дедім.

– Жоқ, ұялтпайын-ақ қояйын. Көңілі қалмасын, – деді досым…

Жақсы адамдардың ұқсастығын, ұлылығын жалғастырған Көпекем-ай!..

***

Астанаға келген сайын Көпенге жолықпай кетпеймін. Оның үйі Әзірет Сұлтан мешіті мен Пирамиданың арасындағы «Ақылды үйде» орналасқан. Әдеттегідей бір күні Орталық  мешіттің қасынан өтіп бара жатқанбыз. «Бұл тұрғын үй кешені мен сияқты жалқаулау адамдарға арнап салынған екен. Шынымен-ақ ақылды», – деп әзілдеп қойды.

– Жұма намазға қатысайық, – деді досым.

– Мейлі, сауап болар, – дедім мен.

Әзірет Сұлтан ғимаратының бірінші қабатындағы есіктен ішке ендік. Бұл жер намазға жығылар алдында дәрет алып, беті-қолды жуатын бөлме екен. Халықта есеп жоқ. Жан-жақтан жұма намазға асыққан үлкенді-кішілер. Бірі апыл-ғұпыл бет-ауызын, енді бірі қол-аяғын  жуумен әлек.

– О, о, Көпеке, амансыз ба? Кіріңіз, жұма намаз қабыл болсын!

– Асеке, төрлетіңіз. Сіз де мешітке келеді екенсіз ғой!

– Жүрсін аға, көрінбей кеттіңіз, амансыз ба?

Жігіттер қолдарындағы құман, сабындарын қоя сала, кезектесе амандасып жатыр.  Жамағаттың Көпекеңе деген құрметіне таң қалып, іштей риза болып тұрмын.

Басында сәлдесі, үстінде шапаны болмаса да, тура мешіттің бас имамындай, қадыр-қасиетке бөленген досым, Көпенім-ай!..

Ұшақта берілген қолтаңба

Осыдан қырық жылдай бұрын болған мына оқиға есіме түсті. Оңтүстік Америкаға жасаған саяхатым негізінде жазылған «Кечуа тайпасының үндістері» кітабым 15 мың данамен жарық көріп, тез арада тарап кетті. Алғашқы қуанышым, бірінші кітабым ғой. Алматы дүкендерінде таусылып, Жезқазған қаласынан бір бумасы табылды. Курстас достарыма айтып, алдырып қойғанмын. Көпеннің жезқалада жүргенін есітіп, кітаптарымды Алматыға алып келуін өтіндім. Досым бір бума – отыз дана кітапты көтеріп, ұшаққа мінеді. Ол кез кеңшілік заман. Қошемет те өзгеше, құрмет те ерекше. Көпен тыныш жүрсін бе? Ұшақ он мың метр биіктікке көтеріле «аяқ-қолын» бауырына басып, дірілі бәсеңсіген кезде досым менің кітабымның тұсаукесерін ұйымдастырып жібереді. Өзін: «Мен – Бейсенбай Сүлейменовпін» деп таныстырып, қолтаңба жазып, кітабымды оңды-солды таратады. Алғашқы оқырманға: «Б.Сүлейменов деп қол қойса, сәлден соң ұмытып, «К.Әмірбеков»  деп жаза  бастайды. Несін айтасың, ол кезде кітап сүйер қауымның қарасы көптеу де, ал шегір көз сықақшыны онша тани бермейтін кез-тін. Оның үстіне «автордың» өзі,  шын жүрекпен ұсынып тұрса, кім алмасқа! Кітап біраз адамға жетпей қалады.

Ертеңіне Көпекеме барып, кітаптарымды алайын десем, болған оқиғаны майын тамыза айтып берді. Үлкен жұмыс бітіргендей мақтанып қояды. «Біз бағаламай жүр екенбіз, сен тамаша саяхатшы, әрі керемет журналист екенсің. Кітабың қолдан-қолға тимей, тарап кетті. Көр де тұр, әлі үндістер өз тарихын сенің кітабыңнан оқып, мақтанып жүретін болады» – деді Көпен. Іштей «әттеген-ай» десем де, досымның мақтау сөзіне әжептеуір қуанып қалдым. «Сөз тапқанға – қолқа жоқ». Тентектігі де, еркелігі де өзіне жарасып тұратын…

Көпеннің азын-аулақ көрегендігі де бар еді. Бұл жолы дұрыс айтыпты. Менің шығармаларымның ішіндегі ең шоқтығы биігі, өзіме де, оқырманға да ұнағаны осы үндістер жайлы жазған тарихи-танымдық саяхатнамаларым болды.

Мен қалай «ақымақ» атандым

Курстас-достың орны бөлек. Менің Шымкент пен Алматыдағы, Астанадағы шығармашылық кездесулерімді басқарып берді. Ал, журналист-жазушылық өмір жолым жайлы баяндаманы академик Уәлихан Қалижанов жасады. Сол кездесулердің бірінде Көпен: «Менің Бейсенбай деген «ақымақ» досым бар. Олай дейтінім, көз майын тауысып, кітап жазады. Оны өз қаржысына шығарады. Ертегі кітаптарын арқалап, елді мекендердегі балаларға сыйға тартады. Енді, міне, Алматы мектептерінің бірінде апта сайын шәкірттерге тегін сабақ беріп жүр екен. «Ақымақ» емей немене» демесі бар ма? Кездесуге келгендер рахаттана күлді. Алғашқыда үндемей, әдеп сақтап, іштей ренжіп қалдым. Сөйтсем, досым дұрыс айтыпты. Уақыт өте Көпеннің осы  сөзін өзім мақтана айтып жүретін болдым. Ал енді бірде мені балықшыға теңеді:

«Балалар әдебиетінің балықшысы Бейсенбайдың қармағына кандай балық ілінеді? Ол, әрине, қармақ салған көлі мен өткел бермес өзеніне байланысты. Ал Бейсекең теңіз кешіп, мұхит асып кеткен жазушы. Балықтың барлық түрін балалар әдебиетінің тақырыбы десек, қаламгердің қармағына ілінбеген «балық» кемде-кем. Қаламын қармақтай арқалап бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Кешегі Кеңес Одағы мен Азияны былай қойғанда, Оңтүстік Америка мен Африка құрлықтарын, жұмбағы мол Амазонка мен джунглиді аралап «қармақ» салған қарымды қаламгер. Ауқымы кең саяхатшы. Амазонка тажалы атанған – пиранья мен скат аулады. Тынық мұхиттан азулы, алмас тісті баракуда, буырқанған Атлант мұхитынан майшабақ аулады. Кей күндері қармағына бақа-шаян, Галопагос аралдарының алып тасбақасы ілінді. Бейсекең осының бәріне балаша қуанды.

Астарламай ашығын айтсам – барған жерінде балық аулаған жоқ. Сол елдегі балалардың бақытты өмірі туралы қаншама әсерлі әңгіме-ертегілер, тамаша саяхатнама-эсселер жазып қайтты.

Ертеректе «балықшы бала» деген өлең жазып ем. Реті кеп тұр, қайталайын:

Ауламақ боп балықты,

Алды әуелі қалтқы.

Сапқа арнап бір талды,

Жерден қазып құрт алды.

Мойнақ деген итін де ап,

Көлге келді митыңдап.

Әттегене-ай, алмапты

Жалғыз ғана қармақты.

Біздің Бейсенбай қайда барса да қармағын ұмытпайтын, ұқыпты «балықшы». Еңбекқорлығы дихандарға ұқсайды. Жер жыртады. Егін егеді. Орып алған бидайын тас диірменге салып, өзі тартады. Ұнтақталып шыққан ұнын елекке салып елейді де… Керегін бір жаққа, кебегін бір жаққа тастайды. Бір жақсы жері диірменнің үстінгі тасын ауызбен үрлеп, айналдыруға тырысатын жалқаулардың сортынан емес.

Көпен ӘМІРБЕК,

12 қыркүйек, 2021 жыл».

Осы бір алақандай мақаланы маған арнап жазып, жас балаша қуанғаны әлі есімде…

Мәңгілік тақырып: Бауыржан Момышұлы

Әңгіме арасында Бауыржан Момышұлымен қалай кездескенімізді еске алатынбыз.

– Ол кісіге мен де барып, сұхбат алмақшы болдым. Қателігім Баукеңмен бірге шарап ішкендігім, – деді Көпен күрсіне. Ол өткен іске сабырмен қарайтын. Ешкімді кінәлап, өш сақтамайтын. Біреулер сыртынан сөз айтып, жүйкесіне тиіп жүрсе де түсіністік танытатын. Өзінің дұрыстығын дәлелдеп, бас қатырмайтын. Ал Баукеңнен сұхбат ала алмағанын естігенімде, өмірін күлкімен өрнектеп жүрген досымның көңілінен мұң көргендей болдым!..

Ал мен Баукеңе барған кезде: – Апа, мына балаға көже берме, шәй құй деп құрмет көрсеткен болатын. Біраздан соң бір шөлмек «Каберне» шарабын алдыртып, маған қарады да: «Ішесің бе?» деді. Мен «жоқ» деп жауап бердім. Менің ұтқан жерім осы шығар, – дедім.

Баукеңнен сұхбат ала алмағанына өкінген Көпен әңгімені әріден бастады.

– Мен сұхбат алатын кезде ол кісінің қолы тимеді. Үш күн жүгірдім. Хабарласа бердім, қайтпадым. Үш күн дегенде «Таңертең, сағат ондар шамасында кел» деді. Бардым. Барсам, көңіл-күйі жоқ екен. Маған бір қарады да: «Ана тұрған виноны әкеліп құй!» деді. Екі үлкен бокалға теңдей етіп құйдым. Тартып жібер деген сыңай танытқан соң, ішіп алдым. Баукең қанша ішсе, мен де сонша ішемін деп сыпайылық сақтап отырған болатынмын. Көзімнің қиығын салсам, бәрін ішіп қойыпты. Мен де қалыспадым.  Бір кезде: «Встат, тағы біреуін алып кел!» деді. Әкеліп, екі бокалға толтырып құйдым. Баукең бұл жолы жартысын ішті, мен де жартысынан кейін тоқтай қалдым. «Ой, жақсы болды ғой, Бауыржан Момышұлымен бірге шарап іштім, дәмдес, тұздас болдым. Екеуміздің әңгімеміз енді жарасатын шығар» деп арқамды кеңге салдым.

– Ал, аға, екі-үш күннен бері сізбен хабарласып жүрген журналист ініңіз мен едім, енді осы жолы сұхбат беретін шығарсыз» -дедім.

–Дурак! –деп зекіп қалды. «Қандай ақымақ журналист ішіп алып, сұхбат алады. Шагом марш!» деді де қуып шықты. – Ойланбай істеген осы қылығым үшін әлі күнге дейін өкінемін. Маған қарағанда сен ақылды екенсің. Баукеңмен қосылып шарап ішпеген, – деді Көпен.

Мен ақсақалмен тек екінші кездескенде ғана бір бокал шарап ішкенімді мақтана айттым.

– Сенің талғам-шеберлігің де, талантың да жетеді. Бірақ насихатың аз.  Жеткіліксіз, -деді Көпен. – Мені қолдаушылар көп.  Ал сәті түсіп, Баукеңнен сұхбат алғанымда, Әзілхан Нұршайықовқа айтпаған сырын маған ашар ма еді? Қыр соңынан қалмауым керек-ті. Қосылып шарап ішкен не теңім!

Осы бір көңілсіз кездесуді есіне алған сайын, Көпеннің көгілдір көзі қайтадан мұңға толатын…

Бір түндегі екі төбелес

Жетпісінші жылдардың басы. Көпеннің серілік өмірге дайындалып, шеберлігін шыңдап жүрген кезі-тін. ЖенПИ-дің бір қызы тұрмысқа шығып, біздің курстың оншақты жігіті тойға шақырылдық. Асханаға келсек айналасының бәрі қазулы. Әсті су құбырларын ауыстыруға дайындап жатқан болуы керек. Мұны көрген Көпен: «Тойдан тарқағанда костюмдерімізді теріс айналдырып киіп алайық. Абайсызда шұңқырға түсіп кетсек, киімімізді бүлдіріп алуымыз мүмкін» деді. Біз курстасымыздың сөзін әзіл көріп, мән бермедік.

Тойы да басталды. Бір қуаныштысы, курстасымыз Жұмахан Сарыбаевтың ғашық қызы да осында жүр екен. Ол бұрынғыдан да құлпырып кетіпті.

Бір кезде би басталды. Әуен бәсеңси бергенде, Жұмекең ортаға шықты. Оның ән айтуға ыңғайланғанын байқап, курстас жігіттер қайырмасына қосылуға дайындалдық.

Қайткенде, қайткенде кездесеміз?

Жүректі, жүректі тербетеміз.

Жұмекеңнің, Жұмекеңнің білмедің ғой,

Сені ойлап, Бикешжан, өзгергенін…

Жұмаханның қоңыр даусы көпшілікті өзіне бірден баурап алды. Тура үнді фильмдеріндегідей көрініс. Айнала қоршаған қыз-жігіттер. Көтеріңкі көңіл-күй. Асхананың іші әсем безендірілген. Түрлі-түсті жарық. Сазды әуен.

Ол қыздың қасына жақындай келіп, саусағымен Бикешті көрсетеді.

– Сен мендік болу зорлық па?..

Ал қыз болса, ұялып, төмен қарайды. Жұмекең қайта шабыттанып, жігерлене түседі. Ол осы сәтте сылтып басқан аяғын да ұмытып, махаббат айдынында қалықтай жүзген, сыңарын іздеген аққудай-тын. Мен бес жыл бірге оқысам да, Жұмекеңнің дәл мұндай нұрлы да бақытты кезін көрген жоқпын. Өйткені, бұл сәт – Жұмекеңнің нағыз жұлдызды сәті еді…

Той аяқталды. Далаға шықтық. Айнала тас қараңғы. Мұнда бізді «Аңырақай шайқасы» күтіп тұр екен. Көреген Көпеннің айтқаны дұрыс келді. Менен басқалары костюмдерін теріс айналдырып киіп алды. Қарсылас жақ шайқасқа ертерек қамданыпты. Біз бір-бірімізді іздеп, жиналып жүргенде, арамыздан алғашқы «құрбандар» да табылды. Төбелес десе дебелесі қозып тұратын Оңғар жоқ. Қарсыластардың біреуін қуып жүріп, ауладағы терең қазылған шұңқырдың ішіне түсіп кетіпті. Жабылып, әрең дегенде қолынан тартып, шығарып алдық. Оңқаңның оң көзі көрінбейді. Білгіштердің айтуына қарағанда, кастетпен дәлдеп соққан.

Біздер ырғалып-жырғалып жиналғанша, тарих факультетінің жігіттері жұмыстарын бітіріп, сақ жауынгерлері сияқты іздерін суытып та үлгеріпті. Таңғы алтыда алғашқы трамвайлар қозғала бастаған. Аялдамаға келсек, біздің қарсылас жақ көлікке мініп алыпты. Тек бір жігіт қана көлікке сыймай, айналқастап жүгіріп жүр. Алдыңғы, одан соң артқы есікті қағады. Қорықпай қайтсін, біздің жігіттер оны көре салысымен, жемтігіне атылған қасқырдай анталай ұмтылды. Мен ол жігітті жақсы танитынмын. Араша түсіп, әрең дегенде құтқарып қалдым.

Көпеннің басшылығымен трамвайды трамваймен қудық. Біз жатақханаға жеткенде қарсылас жақ атқа мінерлерінің бәрін жинап, есіктің алдында күтіп тұр екен. Қарасай батыр 88, бұрынғы Виноградов көшесінің маңында «Аңырақай шайқасы» қайта жалғасты. Никольск базарына жақындау жерде аудандық ішкі істер бөлімі орналасқан болатын. Лезде милиция жетіп те үлгерді. Жаға жыртысып жатқан жігіттер шашылған тарыдай жан-жаққа қашып жатты. Милицияның қолына түссең біткенің, декан Темірбек Қожакеев онсыз да тісін қайрап жүргені. Оқудан шығарады.

* * *

Көпен… Көпен қашқан бойы бір кіреберіске кіріп кетеді. Қорыққаны соншалық, шатырдан бір-ақ шығады. Тығылып ұзақ отырады. Шатырдың терезесінен төмен қараса, айнала қаптап жүрген қызыл жағалылар. Кілең офицерлер. Генералдан басқаның бәрі бар. Көпен бір сұмдықтың болғанын сезеді. Ойлаған сайын, зәресі ұшады. Ұстап алса, оқудан тура  шығарады. Қылышынан қаны тамған журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев те көрген сайын: «Әттең, әттең, қап бәлем, қолыма бір түсерсіңдер, сонда мойындарыңды біртіндеп жұламын, біртіндеп», –деп, сабақ сайын ескертетін. Көпеннің зәресі әбден кетеді. Кешегі серілік дәуреннің бал-шырын сәттері көзден бұл-бұл ұшты. Нар тәуекел, не де болса, шатырдан шығып, бесінші қабатқа түседі. Үстінің шаңын қаққаны сол еді, біреу иығынан қағады. Бұрылып қараса, еңгезердей капитан миығынан күліп тұр екен. Көпенде өң-түс жоқ. «Бәрі де бітті» деді іштей.

– А-а-ағатай, құтқарыңызшы, бұзық жігіттер соқпақшы болып, соңымнан қуып, содан осында келіп тығылғанмын, – деді Көпен күмілжіп.

Капитан қарқылдай күледі. Сөйтсе, ол осы қабаттың тұрғыны болып шығады. Ал, үйдің маңында милиционерлердің қаптап жүргені – бұл үйде кілең ішкі істер қызметкерлері тұрады екен.

Көпен өмірінде дәл бүгінгідей қорықпаған шығар…

***

Курстас досыммен күн сайын екі-үш сағат сөйлеспесем көңіл көншімейтін. Кейде Көпекең демалып жатса, ұялы телефонын ұлы Жұбаныш көтеретін. Ол әлі мектепке бармаса да, екеуміз ұзақ әңгімелесетінбіз. Әкесінің  жазған тақпақтарын оқытамын. «Ал енді сау бол. Көкең тұрған кезде мен хабарласты деп айт» деймін. «Айтамын» дейді бала. Артынша Көпен хабарласады. Сөйтсем, Жұбаныш әкесін оятып, менің номерімді теріп: «Көке, Мистер Бис хабарласып жатыр» дейді екен.

Кей кездерде Жұбаныш телефон тұтқасын көтергенде әзілдеп, даусымды өзгертіп: «Мен Исаханмын, не Оңдасынмын» деймін. Жұбаныш біліп қояды. «Жоқ, сен Мистер Биссің». Міне, енді Көпен кеткелі бері Жұбаныш досыммен сөйлесе алмай қалдым. Бала жүрегіне сызат түсіріп алам ба деп қорқамын. Бар жаңалықты анасы Әйгерімнен біліп тұрамын. Каратэге, футбол, домбыра үйірмелеріне қатысатынын, алғашқы жеңісін, ұтып алған медаль-мақтау қағаздарын. Ал Орталық стадионға барып, үлкен футбол додасын тамашалағанын естіп, қуанып қаламын.

Қайран, Көпекең тірі болғанда, ұлының таудай талабын көріп, көңілі жадырай түсетін еді. Жұбаныш – Көпекеңнің өмірінің жалғасы, қуанышы, сағынышы, жан жұбанышы…

***

Жыл сайын Арыс қаласына жақын жердегі Мұрынқарақ тауының бөктерінде Қарақ әулие мен Алатау батырды еске алу шарасы болады. 2021 жылғы басқосу ерекше өтті. Ұлы екі тұлғаға ас беріліп, Құран бағыштаумен қатар Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Халқымыздың ежелгі тарихын зерттеп жүрген танымал ғалымдар Қарақ әулие, Алпамыс батыр, Есім ханның Бас қолбасшысы болған Әз-Ғараб Алатау батыр туралы зерттеулері мен ғылыми жұмыстары жайлы ой бөлісті, пікір алмасты.

Осы атаулы шараға дос-курстасым Көпен Әмірбекті арнайы шақырдым. Көпенді Астанадан Мұрынқарақ тауына алып келуді кәсіпкер інім Сейдахмет Сейітжаппарұлы Зұлпыхаровқа тапсырдым. Ғылыми конференция жоғары деңгейде өтті. Сол басқосудан соң менің інім, кәсіпкер-меценат Оразхан Кенжеғұлұлы Жанысбеков «Құт мекен – Көксарай» мәдени- ағарту жобасы аясында Көпеннің «Көпен келе жатыр!..» атты сегіз томдық шығармалар жинағы мен фото альбомын жарыққа шығарып берді. Бұл жинаққа Көпекеңнің бала кезден дана кезге дейінгі қалам тартқан барлық шығармалары енді.

Бір қуанатыным, досым көзі тірісінде кітаптарының көркем безендіріліп, жарыққа шыққанын көріп, қуанышы қойнына сыймай кетті. Бұл оқиға Көпен өміріндегі үлкен қуанышы, арманының орындалғаны еді.

***

Көпен Отырарда, Арыстан баб пен қасиетті Түркістанға барар жолдың бойындағы өз атасы – Тіней ата зиратына жерленді. Өз ұсынысы, жүрек қалауы еді. Осы құт мекен Көпеннің экватор белдеуі сияқты ең қастерлі жері-тін. Өйткені, ол атамекеніне оралған сайын, көзге көрінбейтін, тек жүрек дүрсілімен ғана өлшенетін бір құдіретті күштің бар екенін сезетін.

Бұл жер – Көпеннің күлкісі мен көңіл мұңын сақтап қалған мәңгілік жер, алтын бесігі!

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», публицист, жазушы.

***

Суреттерде: 1.Астанадағы балалар кітапханасындағы кездесу. Көпен мен ұлы Жұбаныш.

2.Кітаптың тұсаукесерінде.        

3.Астана. Наурыз мерекесінде. Көпенмен түскен соңғы сурет. 2022 ж.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button