Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

 «Ақжардағы» Сәден Нұртаев атындағы білім бәсекесі

Кейінгі жылдары Ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетті дамытудағы ролін айқындау және тарихи сананы жаңғырту мақсатында, өз тарихымызға деген мақтаныш сезімін ұялатып, жастарға отаншылдық тәрбие беру үшін мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құрудың маңызды екені баса айтылуда.

Осы ретте сонау 1960 жылдардың өзінде елімізде алғашқылардың бірі болып, туған өлкенің тарихын оқушылармен бірлесе зерттеу бағытындағы жұмыстарды жүргізген КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Сәден Нұртаев екенін мақтан етеміз.

Сәден ағамыз жастайынан туған өлке мен туған ауыл тарихына, өңірден шыққан оқымыстылар, би-шешендер, ақын-жырауларға қатысты әңгіме, толғау-қиссаларды құлағына құйып, дастан-жырларды жадына жаттап өседі. Онжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтты  аяқтап, «Ақтөбе», «Ақжар» және «Жаңақала» ауылдарындағы мектептерде тарих және қоғамтану пәндерінен дәріс береді. Сабақ өту барысында кітапта жазылған жалаң оқиғаларды сол қалпында баяндай салмай, әрбір тарихи оқиғаны өмірмен тікелей байланыстыра түсіндіріп, оның өмірде қолданылуы жағына басты назар аударды. Мұны қазір білім жүйесінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру деп атайды.

Кезінде Сәден Нұртайұлының басшылығымен мектеп жанынан музей жасалып, оған жәдігерлер жинақтауға мектептің барлық оқушылары белсене кіріседі. Сәден ағайдың оқушылары сол маңдағы «Сырлытам», «Ақмырза», «Қандыарал», «Қарақ», «Қосқала», «Құмқала» сияқты тарихи орындарға кәсіби археологтарша қазба жұмыстарын жүргізген. Көптеген көне тұрмыс заттарын, қару-жарақ, қақпан, қайрақ, бүтін қыш ыдыстар мен оның сынық­тары, ою-өрнектері бар бұйымдар тауып, мектептегі тарих музейіне тапсырып отырған. Жаңашыл мұғалім құрған мазмұнды музей қызметімен танысу мақсатында облысқа келген республика партия және білім саласы басшылары құм ішіндегі ауылға жиі соғып тұрған.

Сол жылдардың өзінде ұлағатты ұстаз Сәден Нұртайұлы шәкірттерін ұлттық тамырдан ажырамауға, туған жердің тарихына асқан ынтызарлықпен және ыждағаттылықпен қарауға, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға тәрбиеледі. Мұны ұстаздың алдағы жарқын болашаққа деген сенімі, келешекті болжай білетін көрегендігі деп айтуға әбден болады. Мұндай кісінің өнегесін насихаттау кейінгі ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге тигізер әсері мол болмақ.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма басшылығы барлық филиалдарда еліміздің білім беру саласында табысты еңбек еткен ардагер ұстаздарды ұлықтау жұмыстары жақсы жолға қойған.

Атап айтқанда, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институты Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында Қармақшы ауданы «Ақжар» ауылындағы №28 орта мектепте КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы республикалық Олимпиаданы 2018 жылдан бері өткізіп келеді. Өйткені, С.Нұртаев ағамыз 1960-1965 жылдары осы мектептің директоры болып абыроймен қызмет атқарған.

Биылғы Олимпиада 13 мамырда 5-ші рет өткізілді. Оған Қызылорда облысы оқушыларымен қатар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының білім беру ұйымдарының үздік оқушылары қатысты. Білім бәсекесі №28 мектеп оқушыларының еліміздің әнұранын орындауымен басталып, институт директорының алғысөзіне, Қармақшы ауданы әкімі Ә.Ерсұлтанов пен Сәден ағай ұрпақтары атынан Қызылорда облыстық соттар әкімдігінің төрағасы С.Сүлейменовтің құттықтауына жалғасты.

Олимпиада оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды-шығармашылық қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушыларды қолдау, оқушылар арасында ғылымға деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Олимпиада цифрлық форматта өткізілетіндіктен, қатысушылар тек компьютермен жұмыс жасайды. Яғни, адам факторы толығынан жойылған.

Білім бәсекесінің республикалық кезеңінде 3 тур өткізілді. І турда қатысушылар ACTIVote құрылғысына қосылып, тест сұрақтарына жауап берді. Турдың қорытындысы бойынша әр сыныптан (9, 10 сыныптар) жоғары балл жинаған 8 қатысушы ІІ турға жолдама алды.

ІІ турда қатысушылар деңгейлік тапсырмаларға жауап беру арқылы ұпайлар жинады. Ұпай қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған 4 оқушы ақтық турға өтті.

III турда қатысушылар қазылар алқасы тарапынан әзірленген тарихи жағдаяттарға өз жауаптарын ұсынды. Ұпай қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған қатысушылар жеңімпаз және жүлдегер атанды.

Бас жүлде, І, ІІ және ІІІ жүлделі орын алған жеңімпаздарды ұйымдастыру комитеті дипломдармен және қаржылай сыйақылармен марапаттады. Республикалық Олимпиаданың өтуіне демеушілік жасаған С.Нұртаев ұрпақтары атынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйақыны ұлағатты ұстаз Сәден ағайдың немересі Сәден Абақан Рзақұлұлы тапсырды.

9 сынып оқушылары арасында:

Бас жүлде – Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы №25 орта мектептің оқушысы Әйекешова Айнұр;

І орын – Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 мамандандырылған мектеп-интернат оқушысы Қанат Самал;

ІІ орын – Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы №181 орта мектептің оқушысы Құлмаханова Ақтолқын;

ІІІ орын – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы Б.Соқпақбаев атындағы №48 орта мектептің оқушысы Әбсұлтан Қалижан.

10 сынып оқушылары арасында:

Бас жүлде – Қызылорда облысы, Арал ауданындағы №220 орта мектептің оқушысы Дайрабаева Дамира;

І орын – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы №114 орта мектептің оқушысы Жахат Аяулым;

ІІ орын – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы №85 орта мектептің оқушысы Алтынбаева Айкөркем;

ІІІ орын – Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы №157 орта мектептің оқушысы Абушахман Нұрай.

Сонымен қатар, Ақжар ауылдық округінің әкімдігі мен «Оразахун» ЖШС Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан және Жамбыл облыстарынан келген 8 оқушыға арнайы қаржылай сыйақы тапсырды.

Олимпиадаға қатысушылардың барлығына сертификаттар, жетекшілеріне Алғыс хаттар табыс етілді.

Республиканың бес облысынан білім сайысына қатысқан үздік оқушылар алдағы уақытта тағылымы мол тарихшы Сәден Нұртаев ағамыздың еңбекке толы өмір жолын өнеге етіп, Жаңа Қазақстанды құруға ақыл-ой, білігі мен білімін аянбай арнары хақ.

Білім бәсекесін ұйымдастырушылар өте жоғары деңгейде өткен республикалық іс-шараға демеушілік жасаған ағайдың бел баласы, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі меценат Рзақұл Сәденұлы бастаған Сәден ағайдың ұрпақтарына алғыс айтып, толағай табыстар тілейді.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button