Британия Назарбаев бастаған жемқорлар командасына санкция салады
ЛОНДОН. 5 ақпан. Ұлыбритания Нұрсұлтан Назарбаевқа, оның туыстары мен Қазақстан элитасы шеңберіндегі тағы бірқатар сыбайластарына жемқорлықтары үшін санкция салғалы жатыр. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
«Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар туыстары – ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев, мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматуллин, Nur Otan партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, сондай-ақ Қазақстан элитасының басқа да өкілдері Ұлыбритания парламенті қарайтын ықтимал санкция тізіміне кіретіндер қатарында аталды», – делінген хабарламада.
«Мен Ұлыбританияны өзім қазір атап өтетін келесі тұлғаларға қатысты жемқорлыққа қарсы санкциялар енгізу үшін тиісті шаралар қабылдауға шақырамын, олардың барлығының активтерді тәркілеп алу мен парақорлыққа қатыстары бар», – деп мәлімдеді Ұлыбритания парламентінің депутаты Маргарет Хэдж Қазақстандағы қаңтар оқиғаларына байланысты жүргізілген дебаттың барысында.
Оның айтуынша, «өзінің ұсынып отырған детальдары уақытқа байланысты шектеулі болғанымен, олардың әрбірі естіген адамды естен тандырады».
«Бұлар – Тимур Құлыбаев пен оның әйелі, Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева және олардың сыбайластары Арвинд Тику. Қолда бар мәліметтер Құлыбаевтың орасан зор қаржы жинап алу үшін өзінің жағдайын асыра пайдаланғанын көрсетеді. 2020 жылы Financial Times Құлыбаевтың мемлекеттік ірі мұнай тұрбалары келісімшарттарынан өзіне табыс тартып алу үшін құпия сызбаны пайдаланғанын баяндады. Басқа елдерде ақша ұрлады және пара алды деген күдікпен оған қатысты тергеу жұмыстары басталып кетті. Forbes-тің мәліметі бойынша оның байлығы $2,9 млрд-ты құрайды, ал мұнда, Ұлыбританияда оның кемінде 60 млн фунт стерлинг тұратын жылжымайтын мүлкі бар», – деді парламентарий өз сөзінде. Мұндай көлемдегі ен байлық Динара Құлыбаевада да бар.
Депутат Хэдждің айтуынша, Дариға Назарбаева мен оның болжамды (яғни заңсыз) күйеуі Қайрат Шәріпбаев осы тізімде болуға тиіс. «Дариға – Назарбаевтың үлкен қызы. Forbes-тың бағалауынша, оның $595 млн тұратын империясы офшорлық компаниялардың, қорлар мен трасттардың мейлінше күрделі жүйесіне жасырылып қойылған. Оның Лондондағы үш жылжымайтын мүлкін сатып алыну тегі белгісіз нысан ретінде қамауға ордер беріліп қойылды. Бірақ Source Material тергеушілері Назарбаева Ұлыбританияның Жоғарғы сотын алдап түсіруі мүмкін деген қауіп білдіреді. Сонымен бірге, Дариғаның ықтимал күйеуі Шәріпбаевтың «Назарбаевтар отбасының меншігі» саналатын қазақстандық Bank RBK-тен алаяқтық жолмен $334 млн алып алғандардың бірі екені де айтылып жүр», – деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, сондай-ақ күдіктілер тізімінде Дариғаның ұлы Нұрәли Әлиев те бар. «Әлиев 21 жасында өзінің нағашы атасы құрметіне «Нұрбанк» аталған жекеменшік банк төрағасының орынбасары болып тағайындалды, 22 жасында сол банктің басқарма басшысы болды. Ұлыбританияның сот құжаттары оның 2008 жылы банктен компания арқылы $65 млн несие алғанын, содан кейін тағы да кредит алғанын айғақтайды. Заңгерлердің сөздерінше, Нұрәли бұл қаржының бір бөлігін Бишопс-авенюден құны 39,5 млн фунт стерлинг тұратын үй сатып алуға жұмсаған», – деп баяндайды Хэдж.
Бұдан әрі тізімде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен «оның әріптесі Айгүл Нұриева тұр».
«Мәсімов – Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі. Оған пара алғаны жөнінде бірқатар айыптаулар тағылды, соның ішінде мұндай айыптауларды Британия компаниялары да білдірді. Ол 45 тікұшақ сатып алу үшін Airbus-тан пара алған болып шықты. Нұриева – қазақстандық банкир және Мәсімовтің сенімді өкілі. Оның сондай-ақ Швецияның Teli телекоммуникациялық компаниясынан жалпы сомасы $64 млн пара алушылыққа байланысты туған ірі жемқорлық дауына қатысы болған», – деп нақтылай түсті парламентарий.
Келесі кезекте ол Владимир Кимнің есімін атады.
«Ким – Қазақстандағы ең бай адам, оның әл-ауқаты $4,3 млрд-қа жуық. Ким Лондон тауар биржасында көрінген бірінші қазақстандық құрылым – Kazakhmys plc компаниясын басқарды. Ал Global Witness-тің есептік баяндамасында іс жүзінде бұл компанияның егесі Назарбаевтың өзі екені атап көрсетілді, Ким бар болғаны оның сенімді өкілі болып шықты. 2017 жылы Кимнің қызы Камила $60 млрд долларға Найтсбриджден үш пәтер сатып алды», – деді сосын депутат.
Ол Кимнің әріптесі Эдуард Огайдың «Казахмыстың» тағы бір егесі болып табылатынын айтады. Бұл үшін ол «премьер-министрге пара берген деседі».
«Кеңес Рақышев – құпия жолмен байып кеткен, қазынасында $1,6 млрд ақшасы бар, АҚШ-тың санкциясына ұшыраған Шешен республикасы басшысымен қарым-қатынастағы қазақстандық бизнесмен», – деді баяндамашы дебатта. Бірақ 77 жастағы Маргарет Хэдж оның қазақ элитасындағы көрнекті тұлғалардың бірі Иманғали Тасмағамбетовтің туған күйеу баласы екенін білмейтін болып шықты.
Тізімде келесі кезекте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқармасының бұрынғы басшысы Сауат Мыңбаев тұр.
«Мыңбаев энергетика және минералды ресурстар министрі болды, сол кезде оның Қазақстанда мемлекеттік контрактілерді ұтып алған құны $3 млрд тұратын бермудтік компаниясы бар еді. Бұған оның министрлігі қол жеткіздірді. Оның әйелінің атында Ұлыбританияда жылжымайтын мүлік бар», – деді Хэдж.
Депутат бұдан әрі «олигархтар үштігіне» тоқталды.
«Александр Машкевич, Патох Шодиев және бұдан бұрын қаза тапқан Алиджан Ибрагимов Қазақстанда тау-кен өнімдерін шығаратын, Лондон қор биржасына қатысатын Eurasian Natural Resources Corporation деп аталатын компаниясы бар. 2013 жылы өздерін айыптаған африкалық саяси қайраткерге пара берді деген айтарлықтай зор алаяқтық желеуімен бұл компанияға қатысты қылмыстық іс қозғады», – деді саясаткер.
Тізімнен президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Болат Өтемұратов та тыс қалмады.
«Өтемұратов – Назарбаев аппаратының бұрынғы жетекшісі. АҚШ-тың дипломатикалық хабарламасында Өтемұратовтың өз президентінің «жеке қаржы менеджері» болғаны, ал оның жеке веб-сайтында байлығының $3,9 млрд-ты құрайтыны айтылған», – деді Хэдж.
Бірінші президенттің туған інісі Болат Назарбаев та осы тізімнің бас жағында жүр. «Болат Назарбаев – өте бай адам. 2008 жылы ол 20 млн фунт стерлингке Манхэттендегі Plaza отелінен пәтер сатып алды. Ол қаңтар күндерінде орын алған тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған қарулы топтарға қатысы бар деп айыпталып жатыр», – деп нақтылай түсті депутат.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бұрынғы бастығы Ахметжан Есімовке де айып тағылуда. Ол қордың ақшасын оңды-солды еркін пайдаланып, өзінің бұрынғы күйеу баласы Ғалымжан Есеновке Британия Виргиния аралдарындағы құпия компаниялар арқылы кредит берген көрінеді. Қазір Есенов те Қазақстандағы ең бай адамдардың бірінен саналады.
Парламентарий Дариғаның құдасы бизнесмен Қайрат Боранбаевты да атап өтті. «Қайрат Боранбаевтың қызы Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаевқа күйеуге шығып, барлық байлық өздерінде қалды. Боранбаев бірқатар қызметтер атқарды, соның ішінде Түрікменстаннан жемқорлық жолмен жеткізілген даулы газ транзитіне де қатысы болды». – деді депутат. Бақсақ, оның Вирджиния-Уотер эксклюзивті жабық кешененінде құны 25,4 млн фунт стерлинг тұратын особнягы, One Hyde Park-те бағасы 60 млн фунт стерилингке тең пәтері және Найтсбриджде жалпы құны 15 млн фунт стерлинг болатын шалқыған үш пәтері бар екен.
Депутат бизнесмен Александр Клебанов пен оның ұлы Яковты да естен шығармапты.
«Бұлардан кейін Александр Клебанов пен оның ұлы Яков тұр. Александрдың байлығы $374 млн болып есепеледі, ол Орталық Азия электр энергетикасы компаниясын басқарады. Бұл екі адам бұрынғы президенттің қаржылық жағынан сенімді өкілдері болып табылады. Олар Дариға Назарбаеваның қайдан пайда болғаны белгісіз дүние-мүліктерінің құлып астына алынбай қалуына көмектесті», – деп атап өтті саясаткер.
Келесі кезекте Нұрлан Нығматуллин, Бауыржан Байбек және бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев келеді. Хэдждің сөзіне қарағанда, бұлардың бәрі «билеуші Nur Otan партиясының жоғары лауазымды тұлғалары және Назарбаевтың өте жақын ұры-қары сыбайластары» болып келеді.
«Олар жемқорлықтың адамдары және адам құқығын бұзушылықта да жауапкершілікке тартылулары тиіс», – дейді депутат.
Саясаткер бұрынғы президенттің кенже қызына да арнайы тоқталып өтті.
«Ұлыбританияның жоғарғы соты Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның елден күрделі офшорлық құрылымдар арқылы $300 млн-нан аса ақшаны сыртқа, соның ішінде Виргиния аралдарына шығарып алып кеткеніне назар аударды», – дегенді айтты ол.
Депутат бизнесмен Айдан Кәрібжанов деген біреуге де шүйлікті.
«Айдан Кәрібжановтың бұрынғы әйелі оны банкир болған кезінде қазақстандық ұлттық телекоммуникация компаниясын сатып, көп байлықты жиып алды, мемлекеттің есебінен орасан зор табыс әкеліп тұрған мемлекеттік активтерді жекешелендіріп алды деп айыптады», – деді Хэдж.
Тізім бұдан әрі Назарбаевтың туған інісі Сатыбалдының балалары – Қайрат Сатыбалды мен оның інісі, қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш жалғастырады. Екеуі де Назарбаевтың төңірегіндегі оған ең жақын және шешуші тұлғалардың бірі болып табылады. Олардың да офшорларда орасан зор ақшалары бар.
Депутат осы аталған кісілердің бәріне жемқорлық санкциясын салуды ұсынады.
Маргарет Хедж Қазақстандағы жемқорлық пен клептократияның дамуына Британияның да қосқан үлесі жетерлік дей отырып, бұған үш түрлі дәлел келтіреді.
«Мен Үкіметтен екі түрлі мәселені айқындауды сұрағым келеді. Біріншіден, Қазақстанға қарсы санкциялар салу арқылы ондағы бассыздықты тоқтатуға белсенді қатысуымыз керек. Екіншіден, олар келесі сессияда экономикалық қылмыстар туралы заң жобасын ұсынуды өз мойындарына алады. Олар бұл заң жобасының ережелері тиімді мақсатқа сай және ақылға қонымды болатынына көз жеткізуі тиіс. Британия арам ақшамен аянбай күресетіндігін көрсете білуі керек», – деді ол.
«Кеңес Одағынан бөлінгеннен бергі отыз жылдың ішінде Қазақстанның біраз табысқа жеткені айқын. Оның ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) Ресейді қоса алғанда, өзге көршілерінен оқ бойы озық болды. Өмір сүру деңгейі жоғары және 2010 жылдан бері Қазақстан саяси тұрақтылығымен мақтана алады», – деді саясаткер.
Оның айтуынша, мұнда мәселенің екінші жағы бар. Қазақстанды өз халқының ақшасын ұрлаған клептократиялы элита басқарып келді. 2019 жылға дейін ол диктатор Нұрсұлтан Назарбаев болды. Елде тек 162 адам ғана байлықтың 55%-ын иеленеді. Оның көбі Назарбаев отбасының мүшелері мен оның жақын серіктестері. Елдегі адам құқықтарының жағдайы өте мүшкіл, ал ақпараттың бостандығы өте тар ауқымда.
2006 жылы Клинтон әкімшілігі кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі болған Джонатан Уайнер «Әлемде Назарбаев сияқты жемқорлығымен қатты танымал болған басшыны көрмеппін… Біз оның кемінде 15 жылдан бергі жемқорлығы жөнінде білеміз» деген еді.
«Бірақ Британия бұның барлығына көзін жұма қарады, коррупцияны көзге ілмей, Қазақ билігіне ақшаны жымқыруға және оны оңды солды жұмсауға көмектесті. Үш мысал айтайын, – деді Хэйдж. – 2008-2015 жылдар аралығында 205 қазақ клептократына біз «алтын» виза бердік, сөйтіп, олар арам ақшаларын Британияда жұмсауға мүмкіндік алды. Бұл виза – бірінші деңгейдегі инвесторларға берілетін виза, Қазақстан ондай мүмкіндікке ие болған алғашқы бес мемлекеттің бірі еді», – деген ойға қазық байлады парламентарий.
«Жақында Chatham House жасаған есебінде қазақ элитасы Ұлыбританияда жарты миллиард фунттан астам жылжымайтын мүлікке иелік етеді екен. Оның £330 миллионы Назарбаевқа және оның отбасына тиесілі. Оның күйеу баласы Sunninghill Parkты £15 миллион фунтқа сатып алған, өз құнынан £3 миллион фунтқа қымбат. Ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемқорлықты әшкерелеу жобасы қазір Назарбаевтың құпия түрде құны $7.8 миллион доллар болатын төрт қайырымдылық қорын бақылап отырғандығын айқындаған. Оған қонақ үйлерден бастап, банкілерге дейін инвестиция құйған. Бұл 2020 жылы Ұлыбританияда тіркелген Jusan Technologies холдингіне жартылай тиесілі. Қазақ басшыларының бұндай әрекеттеріне көз жұмғанымыз соншалық, олардың арам жолмен тапқан байлығын Британияда жаратуына тыйым салатын заңдарымыздың өзін қолдана алмадық», – дегенді батырып айтты ол.
«Десе де, біздің Үкіметтің қимылдауына әлі кеш емес. Біздің қолымызда қазақ олигархтарына қарсы қолданатын қару тұр: ол – санкция. Жақында Қазақстанда болған наразылықтар, оның соңының тәртіпсіздікке ұласуы, осы клептократияның жемісі. Өз халқын жүйелі түрде тонап келген билікке қарсы біздің Үкімет санкция жариялауы керек. Біз клептократияға қарсы Parliamentary Alliance деген парламентаралық альянс құрдық. Біз Біріккен корольдіктер, Америка және Еуропа одағы елдері парламенттері Үкіметтерімізге Қазақстандағы клептократияға қарсы санкция салуды мәжбүрлейтін боламыз», – деп ойын түйіндеді саясаткер.
Сонымен, бұл тізімге мына адамдар кіргелі отыр:
Нұрсұлтан Назарбаев
Дариға Назарбаева
Қайрат Шәріпбаев
Болат Назарбаев
Тимур Құлыбаев
Динара Құлыбаева
Әлия Назарбаева
Қайрат Сатыбалды
Самат Әбіш
Нұрәли Әлиев
Кәрім Мәсімов
Айгүл Нұриева
Владимир Ким
Эдуард Огай
Кеңес Рақышев
Сауат Мыңбай
Александр Машкевич,
Патох Шодиев
Болат Өтемұратов
Ахметжан Есімов
Ғалымжан Есенов
Қайрат Боранбаев
Александр Клебанов және оның ұлы Яков
Нұрлан Нығматуллин (Ерлан Нығматуллин)
Бауыржан Байбек
Марат Бекетаев
Айдан Кәрібжанов
Қазақстан өзінің осындай «халықаралық дәрежедегі ұлттық батырлары» бар екенін білуге тиіс.