Атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті
АЛМАТЫ. 5 ақпан. Аты әлемге танымал жазушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған.
1942–1945 жж. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген, 1962–1964 жж. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.
1992 жылдан халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы.
Әбдіжәміл Нұрпейісов әдебиетке Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін араласа бастады. Ол бұл салаға 1950 жылы жарық көрген «Курляндия» романымен келді. Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы бұл туындысы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлыққа ие болды. Аталмыш романды кейін қайта өңдеп, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен жариялады.
Бұдан кейінгі жылдаы жазушы қаламынан «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары туды. Олар артынша дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылды.
Қаламгер осы аралықта А. П. Чеховтың, А. М. Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А. Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Жазушы 1974 жылы «Қан мен тер» трилогиясының сахналық нұсқасы үшіе КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ал 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты болды.
Ол әр жылдары «Қызыл Жұлдыз», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы» (1984), «Отан» (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.