Шымкентте қамалғандардың туыстары шеруге шықты
ШЫМКЕНТ. 29 қаңтар. Шымкентте екі күннен бері қаңтар оқиғалары кезінде қамауға алынғандардың туыстары шеру өткізіп жатыр. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Шеруге шығушылар құрамын қамалып жатқан азаматтардың әкелері мен шешелері, бауырлары мен әйелдері құрады. Олар Шымкенттегі тергеу оқшаулағышы жанына жиналып, өздерінің талаптарын айтты.
Жиналғандардың қолдарында «Халық террорист емес», «Перзенттеріміз террорист емес. Әділдікті талап етеміз» деген плакаттар болды. Әйелдер өз күйеулері мен ұлдары заңсыз ұсталып отыр деп есептейді.
Ботагөз Шерубаеваның ұлын тура ауруханада ұстапты. 5 қаңтарда жігіттің қолына оқ тиген, сосын №31 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылған. Ол анасымен хат жазысып тұрыпты. Ал 9 қаңтарда оның көз алдында төрт құқық қорғаушы келіп, жас жігіттің қолын қайырып, алып кетіпті.
«Ұлым маған өзінің ешқандай кінәсі жоқ екенін айтып жатыр», – дейді Шерубаева.
Гүлшехра Жанбосынованың ұлын да құқық қорғаушылар терроризммен айыптауда. Әйелдің айтуынша, 5 қаңтарда кешкі сағат 10 шамасында оның ұлы жұмыстан қайтып келе жатқан. Ол автосалонда істейді екен. Көшеде шу естілгесін, бұрылып барып, шеруді түсіре бастаған. Айтуынша, ұлы блогер екен. Енді оған лаңкес деген айып тағылып жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты 10 мыңға жуық адам ұсталыпты.