Таным

Текті әулет тағылымы

Қалжан ахунның өмірі мен қызметі және оның ұрпақтары

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Тәрбие – талбесіктен». 40 жыл бойы халыққа білім беру саласында қажырлы еңбек еткен Шәмсия Қалжанованың өнегелі ғұмыры – соның айқын айғағы. Дін қайраткері, қасиетті Сыр өңірі жұртшылығын Ислам дінінің басты ұстанымы имандылыққа тәрбиелеп, мешіт-медресе ашқан Қалжан ахун бабамыздың туған немересі Шәмсия апамыз бүкіл саналы ғұмырын оқу-ағарту ісіне арнады. Ұстаздық пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүріп, өңірдің білім мен мәдениет салаларын төрге оздырып, өрге шығарды. Ерен еңбегінің жемісін көріп, Халыққа білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері атанды.

Қалжан ахунның үлкен ұлы, әке жолымен діни оқуды тәмамдаған Уамық атамыздың отбасында дүниеге келген Шәмсия апамыз кішкентайынан имандылық тәрбиені бойына сіңіріп өсті. Бала кезіңде көргендерін, көңіліне түйгендерін атасы жайлы жазған «Қалжан ахун» кітабына арқау етті. Әжесі Зейнеп пен анасы Мәриядан естігендерін зердесіне тоқыды. Әсіресе, әжесінің Шәмсияға әсері күшті болды. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын Зейнеп Оразқызы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінен нақты деректерді келтіріп, әңгіме шертетін. Шәмсия атасы, ғұлама ғалым Қалжан ахун туралы көп мәліметті де әжесінен естіген еді.

Шәмсия апамыздың әкелері, Қалжан ахунның қос ұлы Уамық пен Мағұмар өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу, білімді адамдары болды. Қызылорданың Тереңөзек маңындағы ауылда, әкелерінің саз балшықтан салынған кішкентай мешітінде орта білім алып, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген олар Бұхарадағы жоғары дін оқуы – «Көкелташ» медресесінде оқыды. Бірақ діни біліммен шектелген жоқ. Сол замандағы оқыған, тоқығандармен жақын араласты. Солардың – бірі мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың арда ақыны, 1920-1925 жылдары Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, қазіргі тілмен айтқанда Премьер-министр болған Сәкен Сейфуллинмен дос еді. Сәкен Шәмсияның туған әкесі Уамықты әдеби шығармашылықпен айналысуға үгіттейтін. Оның себебі, Уамық атамыз өлең жазатын. «Шоңбайға», «Тайманға», «Қиял», «Әбіләзиз молдаға», «Шоңбайдың 55 жасқа келгеніне…», «Абытқа», «Уамықтың сөзі» атты өлеңдері кезінде М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінен алынып, «Қалжан ахун» кітабында жарияланды.

Уамық мақсым әкемізді көзіміз көрді. Әкеміз Мәншәріп Найзабайұлынан төрт-бес жас үлкендігі бар замандасы болатын. Уамық әкеміздің бәйбішесі, Шәмсия апамыздың анасы Мәрия әже Қойғын әжеммен бірге туған. Олар – Тереңөзек төңірегінде тұрған Қартабай деген кісінің қыздары. Уамық әкеміз біздің үйге жылына үш-төрт рет келіп қонып, әңгімелерін айтып, көкем екеуі таң атқанша ұзақ сырласатын. Біз әкеміздің қолына су құйып, талай рет қолынан дәм асадық. Өте ажарлы, мәдениетті, сабырлы кісі еді, жарықтық. Қазіргі ақсақалдар туралы әңгіме туа қалса, олар жайлы жақсы сөз шықса, Уамық әкемді еріксіз еске аламын. Ел ағасының үлгісі деуге болатын, жан дүниесі де, ішкі, сыртқы келбеті де өте таза адам еді.

Шәмсия апамыз осындай өнегелі ортадан, текті әулеттен шықты. Апамыздың білімге деген шырағын ағасы Сағададдин жақты. Осы өмірде өз орнын тауып, адам ретінде қалыптасуына ағасының ықпалы зор болды. Ташкенттің Орта Азия университетінің география факультетін бітірген Сағададдин Шәмсия қарындасы бірінші сыныпқа барған уақыттан оқуын қадағалады. Қарындасына велосипед, секіріп ойнайтын жіп, доп сатып әперіп, физикалық дамуына да жағдай жасады. Өкінішке қарай, Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған Сағададдин аға аман оралмай, хабар-ошарсыз кетті.

Шәмсия апамыз мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсті. Барлық сынақ пәндерінен – орыс тілінен, орыс әдебиетінен, географиядан және КСРО тарихынан «5» деген баға алды. Сонда қала мектептерін бітірген құрдастары ауылдан келген қарапайым қыз қалайша бәрінен «бестік» баға алып жүр деп таңданған. Ал ол соның бәрін бастауыш сыныптарда-ақ Сағададдин ағасының ықпалымен меңгере бастаған.

Отбасылық жағдайына байланысты апамыз Қыздар педагогикалық институтының соңғы курсынан Қызылорда педагогикалық институтына ауысуға мәжбүр болды. 1953 жылы бұл оқу орнының филология факультетінің орыс бөлімін бітіріп, Қызылордадағы 1 май атындағы орта мектепке жас мұғалім болып келді. Арада ширек ғасырға жуық уақыт өткенде, осы мектепке директор болып тағайындалды.

Ал оның алдында Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты болып сайланып, қалалық кеңестің атқарушы комитетінде мәдениет бөлімін басқарды. Әкесінің досы Сәкен Сейфуллиннің аты берілген Қызылордадағы орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін директоры қызметін атқарды. Алматыдағы №13 жұмысшы жастар мектебінің директоры да болды. Білім саласының дамуына өзіндік үлкен үлесін қосты. Елдің тұрмыс тіршілігімен етене таныс еді. Тектінің тұяғы ұрпақ амандығын ойлап, үлкен әулеттің шамшырағы болды. Қай қызметте жүрсе де, асып-тасу, көкіректі керу, қарамағандағы қызметкерлерден өзін жоғары санау дегенді білмей, қарапайым қалпынан айнымады. Сөзін ешкімнен қаймықпай айтатын өткірлігі мен білім дәрежесі қатарынан терең болғандықтан орта да өз орны, ой-пікірі, парасат-пайымы жоғары, тектіліктің ізгі қасиеті әрқашан бойынан жан-жағына нұрын шашып тұратын.

Шәмсия апамыз 2009 жылы дүниеден озды. Биыл апамыздың туғанына 90 жыл толар еді. Артына салиқалы ұрпақ пен «Қалжан ахун» атты кітапты қалдырды. Аталған кітапта атасының өмірі мен еңбек жолын, ағартушылық қызметін кеңінен баяндап, қазақ халқының тарихында күрделі із қалдырған XIX ғасыр мен ХХ ғасырдың тарихи кезеңдерінен нақты мысалдар келтірді. Бұл кітап отбасылық тарихты ғана емес Алашқа ана да, пана да болған қасиетті Сыр өңірінің тарихи шежіресін сонау шығыс ғұламаларының өнеге өсиеттерімен байланыстыра баяндайды.

Терең діни білім иесі атанып, ізгілікті ісімен абырой биігіне көтерілген ғұлама-ғалым Қалжан ахун Бөлекбайұлы 1862 жылы дүниеге келген. Арғы тегі Ақтөбе облысынан тараған өз заманының киелі кемеңгері небәрі он жасында әкеден жетім қалған. Ауыл мектебінде дәріс алып, хат таныған ол кейіннен Хиуа қаласындағы діни ортада оқып, білім жолына толыққанды бет бұрып, имам болған. Ерекше есте сақтау қабілетімен, білімге құштарлығымен көзге түскен Қалжан ахун имамдық мектепті бітіргеннен кейін діни білімін тереңдете түсу үшін анасымен бірге Бұхара қаласына барады. Мұндағы мақсат – «Көкелташ» медресесіне оқуға түсу болатын. Алайда, сол заманда аталған медреседе білім алу екінің біріне бұйырмайтын бақ болған. Сол себепті, оқуға қабылдану ахун бабамызға оңайға түспейді. Оның үстіне, көптеген қиындықтармен бетпе-бет келген тағдыр жолы тауқыметке толы жанға ол жақта көмектесетін ешкім болмайды. Анасы да қайтыс болып, жетім қалады.

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, «Көкелташ» медресесінде білім алушылардың басым бөлігі қазақ байларының балалары екенін аңғарамыз. Себебі, білім ордасы қазақ байларының қаржысымен бой көтерген. Десе де, ерекше қарым-қабілетімен, көпшіл мінезімен жақсы қырынан таныла білген Қалжан ахун медресе тәләбаларының (шәкірттерінің) ішінде зор беделге ие болған. Сонымен бірге, Ораз имамның көп қамқорлығын көрген. Осылайша, ғылым мен білімге деген құштарлықтың арқасында 1889 жылы, яғни 27 жасында «Көкелташ» медресесінің заң бөлімін ойдағыдай бітіріп, жоғары білімді имам және ахун атағын алған. Ал ахун атағы діни тұрғыда тереңнен толғап, жүректі қозғап ой айтатын, Ислам дінінің сенім (ақида) мен амал (фиқһ) негіздерінен толыққанды хабардар, шариғаттың шарттары мен құлшылықтың қағидаттарын халыққа түсіндіріп, уағыз-насихат жүргізетін адамға берілген.

«Көкелташ» медресесін бітіргеннен кейін «ахундардың ахуны» атанып, қамшының сабындай қысқа ғұмырында дүйім жұртты аузына қаратқан Ораз ахунның ұсынысымен Қалжан ахун Бөлекбайұлы Сыр бойына келеді. Ораз ахун Қалжан ахунды құрмет тұтып, сол маңайдағы елдің сауатын ашып, бағыт-бағдар беру мақсатында екі айдай ұстайды. Межеленген уақыт аяқталғаннан кейін өз міндетін жоғары деңгейде атқарған Қалжан ахун Өзбекстанға немесе өз ағайындарының шақыруымен Жалағаш, Сырдарияға бағыт алғалы тұрғанда Ораз ахун терең білім иесін жібергісі келмей, өзінің Зейнеп есімді қызына қоспақшы болады. Ал Ораз ахунның қызы Зейнеп атақты Қалдан батырдың Ерболат есімді ағасының ұлымен аттастырылып қойылған болған. Сондықтан Ораз ахун мәслихат жасап, үлкен-кішімен кеңесіп, кешірім сұраушыларды Қалдан батырға аттандырады. Атақты батыр мән-жайды естігеннен кейін өз келісімін береді. Сөйтіп, Қалжан ахун мен Зейнеп бас қосып, ғұлама-ғалым өмірінің соңына дейін Сыр бойында бала оқытып, ұстаздық қызмет атқарып, Ислам дінін насихаттайды.

Ахунның Уамық және Мағұмар есімді екі ұлы болған. Олар да білімді, сауатты, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген. Бұхарадағы «Көкелташта» білім алған. Бірақ Октябрь революциясынан кейін большевиктер дін өкілдерін сотсыз, тергеусіз ату жазасына бұйырып отырғандықтан, ағайынды жігіттер тағдырдың тәлкегімен Өзбекстанда, Тәжікстанда, Ауғанстанда тұруға мәжбүр болған. Ал олардың ұрпақтары қазір кең байтақ Қазақстанда оқып, білім алып, туған еліне қызмет етуде.

Солардың бірі – Шәмсия Қалжанова апамыз Қалжан ахун Бөлекбайұлының ғұмырбаяны жөнінде нақты деректерді жинап, топтастырды. Ол 2002 жылы «Санат» баспасынан «Қалжан ахун» атты кітап болып жарыққа шықты. Орыс тілінде жазылған бұл кітапты 2012 жылы, Қалжан ахун Бөлекбайұлының 150 жылдығы кезінде Шәмсия апамыздың қыздары, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының бас аллергологы, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры Жанат Бақытқызы мен заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Гүлнар Бақытқызы қазақ тіліне аудартты.

Аталған кітапта ғұлама ғалымның өмірі мен еңбек жолы, ағартушылық қызметі кеңінен баяндалған. Шәмсия апамыз сондай-ақ, әкесінің адал еңбегін теріс таныған кеңестік саясаттың шоқпарына ұшыраған Уамық пен Мағұмардың еңбектерін ашып жазған. Сонымен қатар, кітапқа Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мұрағаттарынан табылған Уамық Қалжанұлының және оның замандастарының өлеңдері енгізілген.

Кітап орыс тілінде жарық көргенде, оның таныстырылымы Қызылорда қаласында өтіп, Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде, «Қалжан ахун» ауылында, Жалағашта кітап авторымен кездесулер ұйымдастырылды. Ал 2012 жылы Сырдария ауданында «Қалжан ахун жылы» жарияланып, ауданның сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың, аудан басшысы Ғизат Әбілтайдың басшылығымен, зиялы қауым, аға ұрпақ өкілдерінің, білім, мәдениет саласы қызметкерлерінің атсалысуымен, жалпы аудан халқының араласуымен ұлан-ғайыр іс атқарылды. Ахунның өмірбаяндық деректері, діни-ағартушылық, ұстаздық, шығармашылық қызметтері терең талданып, араб, парсы, көне шағатай тілдеріндегі көне қолжазбалары ана тілімізге аударылып, ұлы ұстаздың еңбегіне дінтану, философия тұрғысынан баға берілді.

Осынау бүкілхалықтық іске осы елдің азаматы ретінде мен де атсалыстым. Біз ес білгелі есімің естіп өскен Қалжан ахун бабамыздың бұл өңірде алатын орны ерекше екені тағы да бір дәлелдегендей болды. Әкем Мәншәріп Қалжан ахун мешітінің батыс жағында «Сортүбек», «Жалағаш төбенің» маңында дүниеге келіп, осы төңіректе өмір сүрді.

Көкем Қалжан ахунды «Ақынекем» деп атайтын және «Ақынекем бала оқытып, мешітке түскен пітір-садақаны жарлы, тұрмысы ауыр отбасыларына таратып беретін, дүние жинамаған, халық үшін жаралған адам» деп үнемі айтып отыратын. Қалжан ахун білімді ғана емес, іскер де болған. Мешітті де асармен салдырған. Осы имандылық үйі жанынан 2-3 гектар жерге бақша салып, жүзім ектіріп, оның өнімін мешітке келушілерге таратып беріп отырған. Көкем: «Бұл құнарлы жерге Ақынекен еккен қауындар қақ айырылып жатады екен, сол қауындарды өз қолымен тіліп, балаларға беріп отыратын болған. Халықтың діни сауатын ашып қана қоймай, диханшылыққа да үйреткен» дейтін.

Қалжан ахунды тек қана діни ілім иесі десек, қателесеміз. Ол кісінің жаны өмірге, жаңашылдыққа жақын, әлемдегі саяси үрдістерден хабардар болған. Теміржол құрылысы жүріп жатқан кезде аш-жалаңаш жұмысшылардан зәбір көрген адамдар ахунға келіп шағымданады. Сонда Қалжан ахун: «Бұл жұмыс ертеңгі ұрпаққа керек, алысты жақындатады» деп сабырлылыққа шақырыпты.

Әсілі, жақсы қасиеттер жұғысты болады. Қалжан ахунның үлгі-өнегесі, бойынан тараған нұры талай жанның көкірегіне құйылса керек. Көкем кеңестік дәуірде өмір сүрді. Дін жөнінде ол кезде көп айтылмайтын. Бірде көкемнің: «Қазір молдалардың білімі шала, олардың ішінде техникум бітіргені аз. Ал мен Ақынекенің шәкірті Сүлеймен молдадан дәріс алдым, «Мұхтасарды» бітірдім» дегені есімде.

Қалжан ахун шәкірттеріне «Әліппе», «Әптиек», «Иманшарт» қана емес, «Мұхтасар», «Аканд», «Ақлақты» да оқытқаны мәлім. Ол ұстаздықпен қатар шариғатқа қатысты мәселелер – зекет төлемі мөлшері, мирас мәселесі, неке, зина, талақ жайлы да жазған. Ахунның замандастары жазған хаттарын оқи отырып, оның өлеңдерінен рухани дүниені, қара сөздерінен философиялық ойды көреміз.

Әкем «Мәселе құранды әндетіп оқығанда емес, шын ниетпен оқуда» деуші еді. Бұл ахуннан алған үлгісі болса керек. Қалжан ахун бабамыз шын ниетімен халыққа қызмет жасаған ғұлама. Арада ғасырлар өтсе де, оның ізгілікті еңбегі ел жадынан, ұрпақтарының ойынан бір сәт кетпей, кейінгі ұрпаққа өнеге, мұра болып келе жатыр.

Уамық Мақсым әкеміз өмірінің соңғы жылдары «Әттеген-ай, бізден із қалмады-ау» деп өкінген деседі. Сол кезде досы Әбсаттар «Із қалмаса да, тұяқ қалды ғой» деген уәж айтқан. Мұнда әкеміздің артында бір кітап қалмағанына өкініш білдірген секілді. Сол арманды бабалары жайлы кітап жазған перзенті Шәмсия апамыз орындады. Апамыз ата-бабаларының елге жасаған ұлағатты істерін, халықтың қамқоршы болған ұлағатты ұстаздығын тарихы терең деректермен толықтыра отырып,  жоғары дәреже көрсете білсе, екінші жағынан өзінің ата жолын жалғастыруымен терең білім иесі екендігін көрсетті.

Қалжан ахунның 150 жылдығы кезінде апамыздың қыздары Жанат пен Гүлнар кітапты қайта өңдеп шығарып, таныстырылымын Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында жоғары деңгейде өткізді. Оған облыстан бір топ делегация қатысып, олардың жұмысына разы болып оралды. Және жыл сайын ауылға келіп, бабаларына құран бағыштауды үрдіске айналдырды. Сонымен қатар, Сырдария, Жалағаш аудандарының, әсіресе, «Қалжан ахун», «Ақсу» ауылдары мен Тереңөзек, Жалағаш кенттерінің халқы жыл сайын арнайы бір күнді белгілеп, баба басына ниет жасап, сол қасиетті орынды қастерлеуден айныған емес.

Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Уақыттың өтетіні рас, көп нәрсенің ұмытылатыны да рас. Бірақ ізгі із бен тағылымды іс ешқашан ұмытылмайды» деген екен. Расында да жалған дүниеде адамның жүріп өткен ізі ғана қалады. Барлығымыз – жолаушымыз. Ал осынау ұлы сапарда көпшіліктің қажетіне жарап, елге адал қызмет етуден асқан – абыройлы іс жоқ. Сол себепті, ғұлама-ғалым Қалжан ахун мен оның ұрпақтарының руханият саласында атқарған қажырлы еңбегі, аманатқа адалдық танытуы қай қырынан алсақ та үлгі-өнеге. «Жақсының аты өшпейді», демекші уақыт жылжыған сайын терең білім иесінің есімі жаңғыра бермек. Өйткені, өнегелі өмірі білім тарату мен рухани кемелденуге негізделген Қалжан ахунның еңбегі мыңдаған көкіректе сайрап жатыр…

Батырбек МӘНШӘРІПҰЛЫ,
Жалағаш кенті,
Қызылорда облысы

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button