Жасы 100-ге қараған Толстой Америкада дүние салды
ВАШИНГТОН. 12 қаңтар. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың шөбересі Сергей Толстой жасы 99-дан асқан шағында өмірден өтті. Бұл туралы «The Washgton Post» хабарлады.
Толстойдың үрімі өмірінің соңғы жылдарын қайыршылықта өткізіп, хосписте қайтыс болды. Ол Мэриленд штатындағы Бетесда елді мекенінде тұрды.
Толстойдың немере қызы графиня Вера Толстая мен чех кәсіпкері Одо Баковскидің ұлы Сергей 1922 жылы 20 қазанда туған. Ол өмірінің жартысын Еуропада өткізеді. Ал екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін әскери аудармашы ретінде АҚШ армиясы қатарына шақырылады. Ол сондай-ақ орыс тілін оқытушы ретінде де табыс тауып жүреді. Алайда, уақытының көбін құмар ойындарға арнайды.
Сергей Толстой 60-шы жылдардың басында АҚШ-қа қоныс аударып, Вашингтонның түбінде тұра бастайды. Ол мұнда келгесін де құмар ойынның құрсауынан шыға алмай, ат жарыстарына бәс тігуге көшеді.
Ұлы жазушының немересі өмірінің соңғы отыз жылын жоқшылықта өткізеді. «Мен үй-күйсіз графпын» дейді екен оның өзі.
2010 жылы әлем әдебиеті классигінің ұрпағы кезінде «графиня Толстая» атанғысы келген көптеген бай ханымдардың өзіне күйеуге шыққылары келгенін айтты. «Қазір енді кеш, сол кезде олардың бірімен келіскенде, осы кезде бай болып өмір сүріп отырар едім», – деді ол.
Сол сияқты Сергей Толстой жасы ұлғайған шағында орыс жазушысы бар өмірін өткізген Ясная Полянаға келіп тұрған көрінеді.