Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Аса көрнекті қазақ жазушысы Әкім Тарази дүниеден өтті

АСТАНА. 22 сәуір. Қазақтың аса көрнекті классик жазушысы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әкім Тарази (Әшімов) 92 жасында дүние салды. Бұл туралы KursivMedia ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.

«Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.

Әкім Үртайұлы Әшімов 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында туған. Орта мектепті 1950 жылы Жамбыл облысы Луговой (қазіргі Рысқұлов) ауданының «Жаңа тұрмыс» ауылында бітірген. 1957 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 1968 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Жазушының алғашқы кітабы – «Құйрықты жұлдыз» повесі 1966 жылы шыққан. Бұдан кейін оның «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар» секілді әңгіме-эсселері мен  повестері, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағы жарық көрген. Ал 2023 жылы мамыр айында 12 томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өткен.

Әкім Таразидің сценарийі бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері қазақ киносының «алтын қорына» енген.

«Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» және өзге де  драматургиялық шығармалары еліміздің театр сахналарында қойылды. Жазушының көптеген туындылары орыс, қытай, поляк, болгар және ағылшын тілдеріне аударылған.

Әкім Тарази Н.Я. Бичуриннің «Ежелгі уақытта Орта Азияда өмір сүрген халықтар туралы мәліметтер жинағы» («Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена») және «Шыңғыс әулетінен шыққан алғашқы төрт ханның тарихы» («История первых четырех ханов из дома Чингизова») атты тарихи ғылыми-зерттеу еңбектерін, сондай-ақ, Ф. Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын қазақ тіліне тәржімалаған.

Қаламгер 1994 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды, 1997 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды, 2002 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2011 жылы Прага қаласында Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығымен марапатталды. Сол жылы Англияда Таразидің «Қорқау жұлдыз» романы ағылшын тілінде жарық көрді. 2015 жылы «Отан» орденімен марапатталған. 2021 жылы өнер және әдебиет саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі үздік наградасы – Қазақстанның Еңбек Ері атағының иегері атанды.

Алла алдыңыздан жарылқасын, абыз ақсақал, айтулы азамат, жұлдызды жазушы! Пейіште нұрыңыз шалқысын.

***

Қадірлі ағайын!

Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, асқар тау әке, ардақты аға, қадірлі бауыр, адал дос Әкім Таразидің (Ұртайұлы) өмірден өтуіне байланысты

Қонақасы: сәрсенбі күні, 23 сәуір, сағат 19:00-де Астана қ., Мәңгілік Ел, 65, Республикалық бас мешіт асханасында;

Қоштасу рәсімі: бейсенбі күні, 24 сәуір, сағат 8:30-да Республикалық бас мешітте, ал жаназасы сағат 9:30-да Республикалық бас мешіттің жаназа алаңында;

Жерлеу рәсімі: бейсенбі күні, 24 сәуір, сағат 10:30-да Пантеонда (Қарқаралы тасжолы);

Асы бейсенбі күні, 24 сәуір, сағат 13:00-де Республикалық бас мешіт асханасында өтеді.

Әшімовтер әулеті.

***

 

«Өмірден Әкім аға өтті!» дейді!..

Өзекті тіліп өткен өткір хабар, жүрек мұздатқан суық сөз…

Әдебиет әлеміне жан-тәнімен берілген жазушымыздың бірегейі еді. Алдымыздағы асқар таудай ағалар кеткен сайын іргеміз опырылғандай күй кешетіміз рас. Жайдары мінезді, әзілінің өзінен үлкен ақылдың сәулесі ұшқындап тұратын, кеңінен ойлайтын, кенен көңілдің адамы, дүниені өзінше көріп, өзгеше суреттейтін жөні бөлек жазушы болатын.

Бүгін суық хабарды сіңіре алмай отырғанда басымыздан өткен сыйлас, сапарлас, қызметтес кездерім есіме түсіп, жарқын естеліктерді қайғы еңсеріп кетіп жатыр…

Менің әзіл-шыны аралас «Күйеу бала» дегенім ол кісіге ұнайтын, «О, қайнаға» деп, әзіл-шыны аралас қалбалақтай қалғаны өзіне үйлесетін. Менен жиырма жас үлкен болса да, жолыға қалсақ әзіліміз жарасатын. Арамызда көп жылдардан келе жатқан жарасым, сызат түспеген сыйластық  бар еді.

Бала кезімде Әкім ағаның «Құйрықты жұлдыз» романын оқып, Кірпішбай деген совет заманының шеңберіне сыймайтын ерекше кейіпкері өмір-бақи есімде қалып қойды. Мұндай ағысқа қарсы жүзетін кейіпкер Таразидің әр шығармасынан табылатын.

Содан кейін жылдар өте «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», т.б. романдарын оқып, білімдар, шыншыл, аңғарымпаз, юморы жүрегіңді жылытатын қайталанбас жазушының ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасын тайға таңба басқандай танитын болғам.

Ол кісі әдеби ортаға әйгілі «4 тапалдың» үлкені еді. Барлығы да жойқын таланттар. Жақын достары Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтарлар оны «Әкім аға» дейтін.   Бұл топқа Қабдеш Жұмәділ ағамыз қосыла қалса олар «5 тапал» болып шыға келетін.

Ал Шерхан Мұртаза ағаның Әкім қатарласымен әзілі тіпті бөлек еді. Қара сөздің қас шебері, қаһарлы Шерағаң Әкім аға дегенде ақындық шабыты ұстап, әзіл өлеңдер бұрқырататын, кейде, өзі дүдамал болған ұйқасын маған көрсетіп алатын.

Бұл әдебиет алыптарының өзара сыйластығы әлі көз алдымда. Әкім аға енді сол достарының соңынан бүгінгі күннің сәлемін алып бара жатқандай.

90 жасқа толған мерейтойы қарсаңында мен Әкім Таразидің еңбегін тізіп жазып, өтініш білдіргенімде, ТҮРКСОЙ-дың Алтын медалін Бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы Раев Қазақстанға  жолдап, табыс етуді өзіме ұсынған еді. Мәртебелі марапат ұшақпен жеткен кезде Әкім Тарази ағаның төсіне өз қолыммен тақсам деп Астанаға алып-ұшқаным, алайда ол кісі тымауратып қалып, дәрігерлер ешкімді қабылдатпай, Алтын медальді Астана жазушыларының сол кездегі басшысы Дәулеткерей Кәпұлы бауырымызға аманаттап кеткенім есіме түседі.

Әкім Тарази ағамыз проза, драматургия, киносценарий жанрларының қай-қайсысында да өшпес із қалдырып, өнер саласында соңынан қыруар талантты шәкірт ерткен биік Ұстазға айналғалы қашан?! Оқырманының, халқының, мемлекеттің лайықты құрметіне бөлене білді. Ұлағатты адамға ұзақ ғұмыр жарасатынын байқатты және ұлтқа қажет адамға қанша жас жасаса да аздық ететінін көрсетті.

Әкім ағаның өмірден озуы – халқымыз үшін, әдебиетіміз үшін орны толмас орасан қаза. Қалың оқырман қауымға, Әдебиеттегі күллі қаламдас інілеріне, марқұмның  әулетіне, Роза Мұқанова қарындасым мен отбасына,туған-туыстарына ауыр қайғыға ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын!

Әкім ағаның жаны жанатта болып, нұры пейіште шалқысын!

Алаш баласына ағамыздың жасын берсін!

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

 

«Таразы» сәуірде батып, тамызда туады

Бүгін 92 жасында қазақтың қабырғалы қаламгері Әкім Тарази фәни жалғанның парағын жауыпты.

Ғажайып сәйкестік: дәл осы уақытта «Таразы» шоқжұлдызы да Сүмбілені соңына салып, Үркерді жанына алып, жерге түсіп барады. Ол сонау таң суыр Тамыздың ілкі декадасында дүниеге қайта келеді. Яки жаңа дүние, жас төлмен, буынды шөп, бұлтты көкпен қайта қауышады…

Әкім ағамыз да ешқашан жербауырлап жүрмеген Рухты қаламдоз. Ілкі туындысы «Құйрықты жұлдыз» (1966) аталғанмен, қаламгердің Бұйрықты жұлдызы ұзақ жанды. Әбден толысқан шағында «Қорқау жұлдызды» жазғанмен, Алқау жұлдызы тұңғиыққа емес, тым биікке шырқады. Оның рух қыраны «ұясын бұлтқа салды»! Сол қасиет бәрімізге үлгі!..

Алыптар шоғыры азайып барады. Бұл Жылан жылы жақсыларымызды жұтумен жылжуда. Дегенмен ілгеріден үміт күткен жұрт едік, түбі қайыр деп, қайырын сұрайық!

Шаңырағын сұлу сезімдерге бесік қылып, терезесін таза ойларға есік қылып, аңыз адамды бөпедей саялаған, абыз ағамды анадай аялаған Роза ханым Мұқановаға көңілқосымды білдіремін! Қастерлі шаңырақта ұялаған Бақтың сәулесі көшпегей, Құттың тәубесі өшпегей!

АЙТ-МАН (Светқали НҰРЖАН)

 

Кейіпкер сомдаған суреткер

Бүгін міне, қазақ әдебиетінің таңы Таразисыз атты. Әдебиетіміздегі «Алпысыншы жылғылар» аталатын алыптар шоғырының соңғы шоқ жұлдызы жарқырай барып ғайыпқа сіңді. Алыс жолдан арып-ашып ауыр жүк арқалап келген алып қара нар шөкті, арғымақ – қалам қаңтарылды.

Бір ғана размердегі аяқ киім тігетін «Етікші» деген ең алғашқы әңгімесіне қазақ әдебиетінің аңызы әйгілі Ғабит Мүсірепов: «Е,е Шудан да бір Шолохов шығады десеңші. Әңгімеңді оқыдым. Жақсы. Бірақ баспаймын…» деген Тарази тұңғыш жазбасында-ақ Кеңес үкіметінің стандарттық санасын сынаудан бастаған еді.

Содан ары қарай «Құйрықты жұлдыз», «Шер», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Жаза», «Москва – Баласаз» романдары мен повесттері кесек-кесек сомдалған кейіпкерерімен қалың оқырманға жол тарта берді. Сол кейіпкерлердің дені стандартты қоғамның стандартқа сыймайтын кейіпкерлері еді. Сол кейіпкерлердің ішкі үні шын мәніндегі адам табиғатының еркін аңсары, қазақтың қылбұрауда шыңғырған құлындауысы еді. Санаға салынған бұғауға қалай көндігіп, көндікпегендерге таңқала қарайтын кейіпкерлер еді. Сыртынан қарап отырып жаның ашиды. Құл болғанына қуанған саналы адамның енді қулығының қалай жетілгеніне оқырман ретінде өзің қайран қалардай кейіпкерлер еді.

Әдебиет әлемінде түрлі жазушылар болады. Бірақ құрыштан құйылғандай дәуірдің, уақыттың кейіпкерін сомдайтын суреткерлер көп болмайды. Сол аздың бірі – Тарази! Мың адамның бейнесінен мың адамның қасиетін бойына сіңірген бір адам жасап шыққандай шеберлік керек кейіпкер жасауға! Тарзидың Кірпішбайы миллион адамның бейнесін бір өзіне сіңірген бір кейіпкер емес пе?!

Тарази шығармаларын зерделей оқыған адам әсіресе Сәбет үкіметінің шек-қарынын ақтарып отырады. Ұңғыл-шұңғылын түгел кезеді. Адам санасына не арқылы, қандай өзгерістерді енгізгенін көзбен көріп отырғандай күй кешеді.

Халқының ауыр кезеңдерден өтіп жатқан тұсында қолына қалам алып, қазақтың күллі болмысын бойынан өткізе, жан дүниесіне тербете отырып қағазға түсіру қандай қиын!?.

«Қазір қандай бақытты буын!  Біздің балалық шағымыз соғыспен тұспа тұс келді.

Бәріміздің көрген қорлығымыз бір, мұңымыз бір, көбінің әкесі ұсталып кеткен, көбінің әкесі соғыста, аналарымыз колхозға жұмыс істеп көздері құрттап кететінін де көрдім. Олар бізді аштықтан  аман алып қалды. Сол бір күн­дерді еске алғанда көзімнен жас шығып кетеді. Аштық тақы­рыбын айту – мен үшін өте ауыр. Осының бәрін көрмесем менен Тарази деген жазушы шықпас еді!!!», – дейді қаламгер. Сөйте отырып жазды. «Ақбердінің ауласы», «Андрей» сынды әңгімелері тұтас дәуірдің картинасы ғана емес, ішкі ащы запыраны да болып ақталырып түсті ғой.

Осы жолдарды қағазға түсіріп отырғанда Әкім Таразиды бір шама зерттеген қаламгер Алпысбай Мұсаев аға қоңырау шалды. Ебіл-дебілі шығып жылап тұр. «Тоқсан жасап өмірден өтсе де біз әлі арамыздан қандай жазушы аттанып бара жатқанын сезінгеніміз жоқ», – деді. Тап солай!

Сезген жанға Өзі бауырында туған Алатау аңырап қалды, Өзі бауырында өскен Қарату қаңырап қалды, Өзін өмірінің соңына дейін тербеткен Сарыарға сансырап, сыңси жылайды, Өзі өле сүйген күллі қазақ даласы күңіренді.

Өзіне сезілер, бәлкім сезілмес, мыңдаған оқырман кеудесінен әлі талай заман Тарази кейіпкерлері бас көтеріп авторын іздейді, ұмытпайды.

Бақұл бол, ұстаз! Қош бол, классиік!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button