АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Маңғыстауда вахтадағы мұнайшылар жұмыстарын тастап шықты

АҚТАУ. 4 қаңтар. Маңғыстау облысындағы мұнай кен орындарында вахтада жұмыс істеп мұнайшылар халық наразылығынан қосылу үшін жұмыс орындарын тастап шықты. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.

Вахташылар кен орындарынан қалаға қарай жаяу-жалпылап жол тартты. Олар біршама уақыттан кейін қаладағы таныстарынан көлікпен көмек көрсетуді сұрады. Көмек көп кешіккен жоқ, бірқатар уақыттардан кейін оларға қарай автокеруен бет алды.

Еске сала кетейік, 2 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында тұрғындар сұйытылған газ бағасының күрт көтеріліп кетуіне байланысты наразылық білдіріп, көшеге шығып кеткен еді. Жергілікті билік жұрттың ашуына жауап ретінде бағаның бұлайша күрт өсіп кетуінің «дәлелді себептері» бар екенін айтты. Олар мұны «нарықпен» байланыстырды.

Мұндай уәжге келіспеген халық жолдар мен алаңдарды басып қалып, сол жерлерде таң атқанша тұрды.

Түнгі сағат 3-тің кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-ге шығып, осы мәселеге байланысты Үкіметке тапсырма бергенін жазды.

Қазір Үкімет құрған комиссияның газдың литрлік бағасы 85-90 теңге аралығында болатынын хабарлағаны мәлім болды. Алайда, бұл баға наразы жұртты қанағаттандырып отырған жоқ. Олар 50 деген цифрды атап жатыр.

3 қаңтар күні аймақтағы жұмысшылардың бір бөлігі газ бағасының күрт қымбаттауынан туып жатқан жағдайға байланысты өздерінің ереуілге шығатындарын айтып ескертті.

Қазір белгілі болғандай, Маңғыстау облысында наразылық акциясына шығатындар саны көбейіп келеді. Кеше бұл қатарға Ақтау, Бейнеу, Форт-Шевченко, Құрық елді мекендері қосылды.

Агенттік сондай-ақ екі әскери ұшақтың Ақтау әуежайына келіп қонғанын да жазып жатыр.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button