Маңғыстауда наразылық білдірушілер саны көбейе түсті
АҚТАУ. 3 қаңтар. Маңғыстау облысында наразылық қозғалысына қатысушылар саны сәт сайын көбейіп келеді. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
«Маңғыстау облысында наразылық білдірушілер саны көбейді, полицей автозактарының әкеп қойылғаны дааңғарылды, бұдан басқа, ірі елді мекендерде интернеттің ажыратылып қалғаны байқалуда», – делінген хабарламада.
«Біз бағаның өсуіне байланысты өзіміздің талаптарымызды қойып отырмыз: газдың, тамақтың бағалары төмендеуі қажет», – деді алаңға жиналған жұрттың бірі агенттік тілшісіне.
ҚазТАГ сонымен бірге редакцияға аймақтан әртүрлі видеокадарлардың келіп түсіп жатқанын баяндайды. Онда жергілікті жеке тұрғындар мен еңбек ұжымдары бағаның өсуіне келіспейтіндіктерін білдіруде.
«Біз Ақжігіттегі (Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы) газ бағасын 90 теңгеден ұстап тұрмыз, Боранқұл жағында ол 95 теңгеден. Өзен тұрғындары осы мәселені қойып отыр, бірақ біз бұл мәселені шеше алмаймыз», – бір ер кісі.
Облыстың ірі елді мекендерінде интернеттің ұстауы үлкен проблема болып тұр.
Еске сала кетейік, 2 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында тұрғындар сұйытылған газ бағасының күрт көтеріліп кетуіне байланысты наразылық білдіріп, көшеге шығып кеткен еді. Жергілікті билік жұрттың ашуына жауап ретінде бағаның бұлайша күрт өсіп кетуінің «дәлелді себептері» бар екенін айтты. Олар мұны «нарықпен» байланыстырды.
Мұндай уәжге келіспеген халық жолдар мен алаңдарды басып қалып, сол жерлерде таң атқанша тұрды.
Түнгі сағат 3-тің кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-ге шығып, осы мәселеге байланысты Үкіметке тапсырма бергенін жазды.
Қазір Үкімет құрған комиссияның газдың литрлік бағасы 85-90 теңге аралығында болатынын хабарлағаны мәлім болды. Алайда, бұл баға наразы жұртты қанағаттандырып отырған жоқ. Олар 50 деген цифрды атап жатыр.