Төртеуден үшеу ерді қалың топқа
Еуропа Чемпиондар лигасында бәйгеге қосылған «Астана» командасы алдын ала сайыстың бірінші ойынынан-ақ қатардан шығып қалды.
Елордалық команда бірінші кездесуін 9 шілде күні өз алаңында румынның «Клуж» клубымен өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Алаң иелері сапынан жалғыз голды 70-минутта қорғаушы Евгений Постников салды. Бірақ 17 шілдеде қарсыластар алаңында өткен қарымта матчта астаналықтар 1:3 есебімен ұтылып, жарыс жолынан шығуға мәжбүр болды. Бұл ойынды олар өте жақсы бастады. Соның нәтижесінде 4-минутта шабуылшы Роман Муртазаев бірінші болып есеп ашты. Алайда, бұдан кейін алаң иелері бет қаратпады. Олардың құрамындағы Бийел Омрани матч соңына дейін үш гол салып, хет-трик жасады. Атап айтқанда, ол 10, 26 және 73-минуттарда мергендігімен көзге түсті.
Енді «Астана» сайысын Еуропа лигасында жалғастырады. Ол мұның екінші раундында Андорраның «Санта-Колома» жасағымен күш сынасады. Матч алдымен 23 шілде күні қарсыластар алаңында ойналады.
Ал Еуропа лигасында сынға түскен Алматының «Қайраты» Босния және Герцеговинаның «Широки бриегімен», Шымкенттің «Ордабасысы» Грузияның Кутаиси қаласының «Торпедосымен» бәсекелерде келесі кезеңге емін-еркін өтті. Олардың екеуі де 11 шілде күні қарсыластарымен бірінші ойындарын өткізді. «Қайрат» оны қарсыластар алаңында бастап, 2:1 етіп жеңіп кетті. Ойында алматылықтар сапынан Адеринсола Эсеола 29 және 58-минуттарда дубль жасап, өз командасын алға шығарды. Босниялықтардан Иван Енин 34-минутта алғашқы голға есе қайтара алды. Бұл командалардың 18 шілдеде Алматыда өткен қарымта матчы тіпті қызықты болды. Матчтың 90-минутында меймандардан Дражен Багрич пенальтиден есеп ашса, алаң иелерінен Рамазан Оразов 90+2, Исламбек Қуат 90+4 минуттарда таразы басын өздеріне қарай аударып жіберді.
Шымкенттің «Ордабасысы» да екі кездесуде бірдей жеңіске жетті. Ол 11 шілдеде алдымен өз алаңында «Торпедоны» 1:0 етіп сүріндірді. Матч тағдырын шешкен жалғыз голды 67-минутта Темірлан Ерланов соқты. Ал 18 шілдеде ойналған екінші кездесуде шымкенттіктер 2:0 есебімен басым түсті. Голдарды 81-минутта Мерзад Механович, 90+4 минутта Зигей Бадибанга салды.
Мұның есесіне, Қостанайдың «Тобылы» екі ойынның қорытындысында Люксембургтің «Женнесс» командасынан аса алмады. Ол 10 шілдеде қарсыластар алаңында өткен бірінші ойынын 0:0 етіп бітірсе, 18 шілдеде өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнап қалды. Кездесудің 22-минутында меймандардан Халим Меди Меддоур өз қақпасына гол соғып алса, 59-минутта Мехмет Арслан пенальтиден таразы басын теңестірді. Осы есеп ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Сөйтіп, қостанайлықтар әлсіз бәсекелестерін алға жіберіп қойды. Осы сәтсіздігі үшін команда бас жаттықтырушысы Владимир Газзаев артынша отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Жоғарыдағы екі команда да екінші раундтағы бірінші ойындарын 25 шілде күні сырт алаңдарда өткізеді. Атап айтқанда, «Қайрат» Израильдің «Хаппоэль» (Беэр-Шева) командасымен, «Ордабасы» чехтың «Млада-Болеслав» клубымен күш сынасады. Ал қарымта ойындарды үш командамыз да 1 тамызда өз алаңында өткізеді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ