Зидан Бэйлдің сатылатынын айтты
Мадридтің «Реал» командасының бас жаттықтырушысы Зинедин Зидан клубтың жақын арада Уэльс құрамасының шабуылшысы Гарет Бэйлді сататынын жеткізді. Бұл туралы ESPN хабарлады.
Зиданның мәлімдемесі испан клубының Халықаралық Чемпиондар кубогында немістің «Бавариясымен» кездесіп, 1:2 есебімен ұтылып қалғанынан кейін өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды.
«Бұл ойында Бэйл ойнаған жоқ, себебі, ол әні-міне дегенше кеткелі тұр. Мұның тез арада орын алатынына үміттіміз. Бұл – біздің бәріміз үшін ең үздік вариант болар еді. Біз оның жаңа командаға трансфері мәселесін шешіп жатырмыз. Менің жеке өзімнің оған қарсылығым жоқ, бірақ оның кететін де уақыты келді. Мен сондықтан шешім қабылдауым керек. Біз өзгеруге тиіспіз. Ойыншының кетуі – жаттықтырушының шешімі, ол сонымен бірге ойыншының өзінің де шешімінен туады», – деді Зидан.
«Реалдың» форвардына «Барселонаға» баруға рұқсат етілді.
Еске сала кетейік, «Реал» Гарет Бэйлді 2013 жылы «Тоттенхэмнен» 100 млн еуроға сатып алған еді. Валийлік футболшы бес маусымда команда сапында барлық турнирлерде 231 матчқа қатысып, 102 гол соқты, тағы 65 нәтижелі пас берді. Ол «Реалмен» бірге 13 трофейге қол жеткізді.
Жасы 16 шілдеде 30-ға толған Бэйлдің келісім-шарты 2022 жылғы маусым айына дейін жасалған. Бірақ ол мерзімінен бұрын тоқтатылмақшы. Әзірге «Реалдың» оны 80 млн еуроға сатпақ болып тұрғаны белгілі болып отыр.