Ер көңілді Ертайымыз еді
Белгілі журналист Ертай Бекқұловтың қазасына орай
Кісінің өлімі қай кезде де жеңіл болмайды. Бақилыққа байланысты баянның бәрі ауыр. Бірақ қазаның да қазасы бар. Бір кездері Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бес жыл бірге оқыған біздер үшін курстас досымыз Ертай Бекқұловтың күтпеген жерден өмірден өтіп кетуі тап солай ауыр соққы болып тиіп отыр.
Ертай Бижігітұлы Бекқұлов 1953 жылы 12 маусымда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы «Бірлік» совхозының «Қосүйеңкі» бөлімшесінде туған. 1971 жылы «Бірлік» орта мектебін бітіргеннен кейін Отан алдындағы борышын өтеп қайтып, 1974 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Оқып жүрген кезінен шығармашылық белсенділік танытып, мерзімді басылымдар беттерінде көріне бастады.
Ерекең нағыз азамат-ердің сойы еді. Бүкіл саналы ғұмырын өзінің сүйікті кәсібі – журналистикаға арнаған ол артында айшықты таңба, соқпақты сүрлеу қалдырды. Баспасөз жүйесіндегі еңбек жолын 1979 жылы Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінде бастаған курстасымыз көп ұзамай республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің осы өңірдегі меншікті тілшісі болып бекітілді. Ал 1985 жылы 300 мыңнан аса таралымы бар жастар басылымының басшылығы өзінің іргелі ізденісімен, мәнері бөлек жазу қабілетімен таныла бастаған талантты журналисті оқырманы ең көп аймақ – Оңтүстік Қазақстан облысына меншікті тілші етіп ауыстырды. Содан кейінгі бар өмірі Шымкентте өткен Ерекең осында жүріп кейін «Халық кеңесі» және «Ана тілі» газеттерінің меншікті тілшісі болып та абырой биігінен көрінді, «Алматы ақшамы» газетінде бөлімге де басшылық етті, «Үкімет жаршысы» үнпарағында да ыждағатты жұмыс істеді, жергілікті «Ақиқат» – «Истина» басылымында бас редактордың орынбасары да болды, қалалық «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» мәтбұғатын да басқарды. Содан кейінгі ұзақ жылдарға созылған тірнекті қызметі облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне арналды. Мұнда сол аралықта қатардағы қызметкерден бастап бас редактордың бірінші орынбасары лауазымына дейінгі сатылардың бәрінен екшелеп өтті. Осы жылдардың бәрінде Ертайдың жанында біздің бәріміздің тағы бір курстасымыз, Ерекеңнің студент кезден басталған мөлдір махаббатының музасы, өмірлік серігі Алма Смағұлова оған дем беріп, қолдау көрсетіп, жанына жалау болып, ұдайы бірге жүрді.
Ерекең осы өмір өткелегі барысында өзін кәнігі жарналист, қарымды қаламгер, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, ұлағатты ұстаз тұрқынан толық таныта білді. Ол қайда қандай қызмет атқарса да, өзінің антына берік, кәсібіне адал болды. Осы жылдарда қаншама буын шәкірттер тәрбиелеп шығарды.
Ертай расында атына сай кескекті ер-тін, мәрттіктің мәрмәрі, адалдықтың алдаспаны еді. Оның жаны да, жүрегі де таза болатын. Не істесе де, ынты-шынтымен беріліп істейтін. Бастаған ісін ақырына дейін апаруға қайыл-тын. Досқа деген пейілі кең еді, тілегі кемел еді. Біз қазір сондай сыралғы достан, сарабдал жолдастан, сырбаз жігіт ағасынан, сыпайы азаматтан айырылып қалып отырмыз. Бұл біздің жанымызды жабырқатады, жүрегімізді ауыртады, өзегімізді өртейді. Бірақ Алланың ісіне қарсы келер шамамыз жоқ.
Бақұл бол, Ертай бауыр! Алла алдыңнан жарылқасын. Жаратқан иеміз жан жары Алмаға сабыр берсін. Біз Ерекеңнің жасы 90-ға келіп отырған анасы мен Алмаға, барша бауырлары мен ағайын-туыстарына көңіл қосын білдіреміз.
ҚазМУ-дың журналистика факультетін 1979 жылы бітірген түлектер
***
Редакциядан: Намазы 8 қыркүйек күні сағат 11-де Жаңақорған ауданындағы «Қосүйеңкі» ауылында өтеді.