Лукашенко кеңес көсемі Сталинге ескерткіш қоюды ұсынды
МИНСК. 12 тамыз. Беларусь президенті Александр Лукашенко кеңес көсемі Иосиф Сталинге ескерткіш орнатуға ұсыныс жасады. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.
Белорус лидері журналистермен жүргізілген «Үлкен әңгіме» кезінде осындай ой білдірді. Трансляция You Tube желісінде көрсетілді.
Республика басшысы өзінің 17 қыркүйекті Халықтар достығы күні, демалыс күн деп неге жариялай алмайтынын айтты. Оның пікірінше, Беларусьте онсыз да демалыс күндері жеткілікті екен. «Мен көптеген елдерде болдым. Дәл біздегідей демалыс күндері көп ешбірі жоқ», – деді ол.
Сонымен бірге Лукашенко белорустардың 1939 жылы 17 қыркүйекте Батыс Белоруссияны Белорус КСР-не қосып бергені үшін Сталиннің тап өзіне алғыс айтуы тиіс екенін мәлімдеді. «Бұл жерді біз жаулап алған жоқпыз, оны басып алып, бізге алып берді. Йосиф Сталин. Оған зор алғыс. Бұл үшін оған бір жерлерде ескерткіш қоюымыз керек. Бұл өзекті мәселені соғысқа дейін-ақ нақты шешіп берді. Рахмет оған»,– деп сөзін қорытты республика басшысы.
Бұдан алдын Лукашенко Беларусьтің Ресей құрамына кіру мүмкіндігін жоққа шығарды. Ол белорустардың өз тәуелсіздіктеріне көптеген ғасырлар бойы ұмтылып келгенін, ал республиканың басқа елге қосылуы Ресей тарапы үшін ең басты «бас ауруы» болуы ықтимал екенін атап өтті.