Чувашиядағы екі татар ауылының жастары қыз үшін төбелесті
ЧЕБОКСАРЫ. 22 шілде. Ресейдің Чувашия республикасындағы екі татар ауылының жігіттері бір қыз үшін топ болып төбелесті. Бұл туралы «Национальный акцент» хабарлады.
Төбелеске «Шығырдан» және «Долгий остров» ауылдарында тұратын татар жігіттеріне бір қыздың ұнағаны түрткі болды. Оқиғаның басы 14 маусымнан басталады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, «Долгий островта» тұратын үш жігіт алдымен «Шығырданнан» келген екі жігітті ұрып тастайды. Таяқ жегендердің бірі жарақат алып қалғанына қарамастан, медициналық көмекке жүгінбейді.
Мұның есесіне, 16 маусым күні түнде ашудан зығырданы қайнаған «Шығырдан» тұрғындары зәбір көрсетушілермен есеп айырысу үшін қолдарына таяқ ұстап, көрші ауылға қарай атой салады. Алайда, жергілікті полицейлер әупірімдеп жүріп, үлкен қантөгістің алдын алады. Полицейлер көліктерін байқап қалған жастар сол бойда жан-жаққа тарап қашып кетеді.
Бірақ кейін бәрібір төбелес орын алады. Осы оқиғаға байланысты төбелеске қатысушы 21 адам ұсталады. Олардың 8-і әкімгершілік жазаға тартылады.
Анықталғандай, төбелеске «Долгий остров» ауылында тұратын бір бойжеткен себепші болып шықты.