Украинаның түпкілікті халықтары кімдер екені анықталды
КИЕВ. 22 шілде. Украина президенті Владимир Зеленский елдің түпкілікті (байырғы) халықтары жөніндегі жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Жұрт байырғы (автохтонды) халықтар арасында орыс ұлты жоқ екеніне бірден назар аударды.
Аталған жарлыққа сай, түпкілікті (негізгі) халықтар Украина құрамында өзін өзі анықтау құқығына ие болады және Конституция мен Украина заңдары шеңберінде саяси статус ала алады. Олар сондай-ақ өкілетті органдар арқылы өздерінің бұқаралық ақпарат құралдарын жасап, оған мемлекеттен қолдау алуына да болады.
«Мемлекет басшысы қол қойған құжатқа сәйкес, байырғы халықтар өздерінің рухани, діни және мәдени дәстүрлері мен салттарын дамыту, материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау, өздерінің діни және мәдени маңызы бар орындары мен нысандарының тізімін белгілеу, өздерінің тарихи топонимикаларын қалпына келтіру, тілдерін, тарихын, мәдениетін зерттеуді қамтамасыз ету үшін оқу орындарымен қызмет жасасу құқығын алады», – делінген президент баспасөз қызметінің хабарламасында.
Осымен бірге заң Украинаның байырғы халықтарының этникалық тегін және этникалық ерекшеліктерін мойындамауға тыйым салады.
Биылғы 1 шілдеде Рада Украинаның түпкілікті халықтары туралы заң қабылдаған болатын. Оның мәтініне сәйкес, Украинаның ежелгі халықтары қатарына осында ертеден тұрып келе жатқан, өзінің тілі мен мәдениеті, дәстүрі, әлеуметтік, мәдени және өкілдік органдары бар, өзін Украинаның байырғы халқы сезінетін, тұрғындар арасында этникалық аз санды құрайтын, Украинадан тыс жерлерде мемлекеттік құрылымы жоқ автохтонды (шығу тегі жағынан түпкілікті) этникалық қауымдастық жатады. Бұл анықтама бойынша Украинаның ежелгі халықтары санатына қырым татарлары (қырымлылар), қарайымдар мен қырымшақтар кіреді. Мұндай анықтама орыстардың Украина жерінде өздерін түпкілікті халық санауына ешқандай жол да, мүмкіндік те бермейді.
Бірақ бұған көне салатын орыстар ма, осы заң қабылданғаннан кейін-ақ Ресей президенті Владимир Путин әдеттегідей қиғылық салды. Ол орыстарды Украинаның байырғы (негізгі) халықтарының бірі санайды екен. Әлбетте, мұның тіпті де олай емес екені, орыстардың мұнда келімсек болып табылатыны тарихтан аян.
Ал Ресейде аз санды халықтарға Украина билігі тарапынан жасалып жатқан мынадай қамқорлықтың бірде-бірі жоқ. Мұның орнына Кремль олардың ұлттық қалыптарының тезірек жоғалуына барынша күш салып келеді.