Сода зауыты «соры қайнаған» елдің сорын қайната түседі
Марс Сафаров, химия ғылымдары докторы, профессор, Башқортостан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер кальцийленген сода өндірісі туралы БСК (Башқұрт Сода Компаниясы) мысалында берген сұхбатында төмендегі деректерді келтірген:
https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1793301057517844&id=100005139010160&sfnsn=mo
Аралда салынбақшы Қытай химия зауытына аралдықтардың қарсылығына негіз болатын төмендегі сараптаманы ұсынамыз.
«Кальцийленген сода – жалпы қажет өнім. Оның 25-30% әйнек жасауда, қалғаны түрлі-түсті металлургия және басқа салаларда пайдаланады.
Кез келген өндіріске қойылатын ортақ инженерлік талапқа сәйкес:
Шикізат қоры, су қоры, көлік жолдары, жұмыс қолы және тұтынушы өндіріс орнына жақын маңда орналасуы шарт».
Біздің жағыдайда аталмыш шарттар Аралда тоғысқан сияқты әсер қалдырады.
Салыстармалы түрде біздегі жағыдай мен халықтың наразылығын тудырған жәйттардың ұқсастығы Башқортостандағы Стерлитамак сода компаниясындағыдай.
«Қысқа тарихи анықтама берсек, Башқортостанда сода өндірісін кеңес үкіметі 1937 жылы қолға алған еді.
Дәл Стерлитамак маңында көп мөлшерде әктас, табиғи ас тұзы қоры жинақталған және ағып тұрған Ақ Еділ өзені сода өндірісі негізін қалауға себеп болған.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Украинадан – Славянск және Шахты қалаларынан сода зауыттары Башқортостанға көшіріліп, Германия жеңілген мемлекет болғандықтан контрибуция заңымен ең маңызды, ең озық, ең дамыған технологиялар мен өндіріс нысандарын, алтын қорын, басқа да байлықтарын КСРО-ға тегін берген дүниелердің ішінде заманауи сода зауытын да Башқортостанға апарады.
Жалпы, дүниежүзінде кальциленген сода ірі өндірісімен айналысатын 34 зауыт бар. Олар барлық сода мөлшерінің 50% өндіреді.
Ғаламның сода мөлшерін негізінен монополист екі алпауыт мемлекет – АҚШ – 24%, Қытай 38% сода өндіреді.
Негізінен бұл зауыттар 1861 жылы енгізген бельгиялық химик Сольвенің әдісімен кальциленген сода өндіруші болып саналады.
Бұл әдістің ерекшелігі мынадай: кальцийленген соданы шығару үшін екі шикізат керек – әктас (известняк) СаСО3 және ас тұзы NaCl. Екеуін қосқанда – кальцийленген сода – Na2CO3 шығады, немесе натрий карбонаты.
Әктас-известняк қорын тауып, оны қазып, қопарып, вагондарға тиеп, қажетті мөлшерде бөлшектеп, қортқы көмір-кокс қосып, араластырып, тік металлургиялық пешке салып, 900*-1100* аралығындағы ыстықта күйдіреді.
Оған дейін кезкелген жер бетіндегі таулардың, шыңдардың, құм мен сайдың ғаламдық тарихы қайталанбас құндылығы болған.
Мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген жан-жануарлардың, жәндіктер мен өсімдіктердің, адамның тіршілігінің іздері, таңбалары сақтаулы тұрған табиғи қорды мың градуста өртегесін, әктас тарихынан айырылып, өлі дүниеге: көмірқышқыл газ (СО2) және әкке (СаО) айналады.
Көмірқышқыл газ бен ас тұзын қосқанда кальциленген сода шығады: СО2+ NaCl = Na2CO3.
Сольве әдісі талабымен қосалқы элементтер пайдаланылады – NaCl-дан натрий алынады.
Әктастан – көмірқышқыл СО2 шығарылады. Ас тұзының хлоры (Cl) және әктастың кальциі (Са) қосылғанда қоқыс болып хлорлы кальций-хлористый кальций шығады (СаСl2).
Осы екеуі қосылып ағын, улы суларды құрайды.
Сольве әдісімен 160 жыл бойы жұмыс жасап келген зауыттардың негізгі уайымы да осы ағынды зиянды қалдықтарды құрту мәселесі болып табылады.
Дүниежүзі тұтынушыларына керегі 2 миллион тонна хлорлы калий. Оны аталмыш қоқыстардан алуға болар еді.
Ал қазіргі 34 зауыт 50 миллион тонна қалдық тастауға мәжбүр. Ондай өрескел жабайы мөлшерде СаCl2 керек емес. Оны ешкім тұтпайды. Қажеті – 50 миллион тоннадан небары 4%-ы ғана.
Сондықтан керек емес 48 миллион тонна улы хлорлы калий мұхиттарға, теңіздерге, көлдерге, өзендерге төгіледі.
Зауыттар соншалықты айлалы әдіспен ірі ашық су қоймалардың жанынан салынған екен. Ірі теңіздер мен мұхиттардың жағасына жақын жерде орналасқан.
Үлкен көлемді сулардың уланғаны аса білінбейтін себеп – мұхит пен теңіздің табиғи су құрамы тұзы басымдау болғандықтан.
Сөйтіп СаСl2 NaCl теңіз суы құрамының негізін қалайды.
Сондықтан ол өндіріс иелерінің басын шламм төгу, улы суды жасыру сияқты мәселе ауыртпайды».
Ал Арал мен Башқортостан не істеу керек?
Қытайлықтар улы қалдықтарды тығу жолдарын таппай Сольве әдісін жарты жолда тоқтатып, СаСl2-ң орнына басқа тұз шығару әдісін тапқан.
Тұздың атауы – хлорлы аммоний (NH4Cl). Аммоний күріш алқаптарында тыңайтқыш ретінде қолданатын болады.
Сонымен, қытайлықтар Сольве әдісін өздерінің ерекшеліктеріне сәйкестендіріп, ықшамдап, СаСl2 орнына NH4Cl өндіріп, Хоу әдісін тапқан.
Хоу әдісі – қысқартылған, ықшамдалған Сольве әдісі.
Тұрандықтардың, аралдықтардың қоятын талабы – қытай (гонконг) «АралСода» зауытын аса зиянды, кесірлі дегені – ескерген, адамзатқа қарсы Сольве және Хоу технологияларымен жұмыс істеулеріне жол бермеу дегені.
Одан басқа үнемді, перспективалық әдістері бар екенін алға тартамыз.
- Мысалы, соданы тұзды көлдерден тікелей алуға болады.
Ресейде ондай көлдер өте көп – Алтайдағы Солёное көлі, Башқортостанда – Орынбордың Соль-Илецкіде, т.б. жерлерде, Қазақстанда тұзды көлдердің саны 40.
Соның ішінде – Кіші Арал, Қамыстыбас, Тұщыбас көлдері Арал ауданында орналасқан.
Табиғи кальцийленген соданы трона деп атайды.
АҚШ-та соңғы 30-40 жылдарда жаңадан Сольве әдісімен жұмыс істейтін бірдеде-бір өндіріс орны салынбаған.
Дүниежүзіндегі сода өндірісінің 24%-зы АҚШ-та тек тірі тұз көлдерден қазылып табылады. Олар соданы жасамайды, тек құдайдың берген өнімін кептіріп, қалталап сатады. Ондай өнім өте таза болып табылады.
Қалдығы, шламы жоқ дегеніміз. Арнайы әктас қазу үшін тауларды қопарудың қажеті болмайды.
- Екінші перспективалық зиянсыз сода табу жолы – қоршаған ортаны ластайтын, ауаны тарылтатын көмір қышқылынан (СО2) шығару.
Әсіресе, Алматы сияқты ірі қалалардың электростансаларының қалдықтары – таза көмірқышқыл және су болып келеді – СО2 мен Н2О.
Көмір, газ, ағаш, тезек – бәрінің қалдықтары осындай.
Дүниежүзілік ушыққан мәселенің бірі – қоршаған ортаны улы қоспалардан сақтау жолында мемлекеттерге ауаға қалдық тастауға нормалық шектеуден аспау талабын орындау – «соблюдение норм выброса».
Аталмыш газ жылыжай әсеріне – «парниковый эффект» деп аталатын кесірге әкелетіні адамзатқа өте қатерлі.
Ендеше көмірқышқылды азайтудың төте жолы – ірілі-кішілі жылыту стансаларының қалдығынан көмірқышқылын алып, сылты (щёлочь) қосып, СО2+NaOH қоспасын шығаруды өндіріске енгізуге әбден болады.
Қазақстанда ондай 35 электрстансалары бар. Оның біреуі де Арал өңірінде орналаспаған.
Неліктен Аралға ең азғын, ең зиянды, ең ескі, келешегі жоқ әдіспен өмір сүргісі келетін өндіріссымақтар ену керек?
Неліктен жабайы капитализмнің өрескел тұрпайы өнегесі Аралдан орын алу керек?
«Оған Ресей Федерациясы президенті Путин В.В. Башқортостандағы 2020 жылы «БСК» өндірісі иелерінің және аймақтық сатқын басшыларының ауызжаласуынан жергілікті халықтың арасындағы азаматтық соғысқа әкеле жаздаған текетіреске талдау жасап, қорытындылаған сөзінен жауап іздеуге болады.
«БСК» – «Башқұрт Сода Компаниясы» дегеніміз – 2019 жылы 12,7 миллиард рубль таза тапқан фирма. Және үлеспайдаға-дивидентке қосымша 6% жұмсаған фирма.
Әзір таппаған пайданы, келешекте табуы мүмкін пайданы дивидент, яғни 106% үлеспайданы жабайы әдіспен – табиғи ресурстарды оңды-солды лақтырып, кешіп, түбіне дейін сорып, сөйтіп қармаған ақшасын, активтерін шетелге аударып, ертеңгі күні қашып кететін кірмелер» деген сыңайда бағалаған еді.
Дереккөз бойынша, «БСК»-ның табыстылығы, тиімділігі мен рентабельділігі 24,6% құраса, алпауыт деп жүрген «ЛукОйл»-да 9,3%, «Роснефть» компаниясында 15,6 %-н шектеледі екен.
Елеусіз сода өндірушілер мұнай мен газ компанияларды екі орап алатын деңгейге жеткен.
«Башқұрт Сода Компаниясының» маржасы жалпы табыстың ¼ құрап, қосымша келешекте табылатын пайдадан 6% қосып, табысын оффшорға жасырады дегенді білдіреді.
Сол сияқты, «АралСода» зауыты жаңа технология іздестіріп, көне қытай өндіріс әдісін жетілдіріп немесе одан түбегейлі бас тартып, ежелгі сақ пен ғұндардың, заманауи Түркие мемлекетінің негізін қалаған Арал өңірінен тарау алған тайпалардың ата қонысын ең болмағанда қазіргі қалпында сақтап, табиғаты мен жұртына мейіріммен қарап, саналы түрде жабайы әдістерден қол үзеді деп бірде бір пенде кепілдік бере алмас.
Оның дәлелі – Қытай мемлекетінің өз экологиясына келтірген зардабы.
Аралдықтардың жер байлығы, су байлығы, денсаулығын құртып оп-оңай миллиардтаған пайда тапса, озық инженерлік, өнертапқыш жаңалық ашып басын ауыртып не істесін?
Олардың Сольве-Хау әдістеріне жармасып қалуында сондай гәп жатыр.
Сірә, мұнай қорын Аралдан таппақшы капиталисттер теңізді құрғатып, су орнына САРАТС бағдарламасын сексеуіл егумен айырбастап, мұнай өндірісіне қажетті кальциленген соданы 1861 жылдан бері ескерген әдіспен, ескі құрал-жабдықпен өндірмекші, улы қалдығын мұхитымыз не теңіз түгіл, көлшігіміз жоқ ата қонысымыздың мал бағатын, бау-бақша егетін, өмірге ұрпақ әкеліп, қанаттандыратын даламызға, жер асты суларымызға төгіп, қажет деген кезде тауларымыз бен шыңдарымызды жарып, қопарып, тұзды көлдерімізді сарқып, қытайландыру саясатын жүргізу үшін оффшорлық дұшпандарды әкелу мақсат екен ғой қазақ билігіне?
«Егер ғарыштан түсірілген суреттерге назар салса, Стерлитамак қаласы маңында сода өндірісінің қалдығы, ақ таңдақ көлшіктерін байқауға болады.
Ол Сольве әдісімен шығарған соданың қосалқы қалдығы – NaCl + CaCl2 = дистилярды сұйықтан жинақталған химикатты көлдер. Яғни, 15%-ды тұздық.
Өйткені 1 тонна сода өндіргенде 3 миллион тонна тұз қосымша қоспа болып шығады.
Ол қоспаны зиянсыздандыру үшін 500 есе су мөлшері қажет. Демек 8,5 текше шақырым су керек болады.
Ғылыми талапқа сәйкес 1 литр суда не бары 0,3 грамнан аспайтын тұз мөлшері болу қажет».
Аралда, жалпы Қызылорда мен Ақтөбе аймақтарында сондай көлемде су табыла ма?
Теория жүзінде дәрияның суы тоқтаусыз ағып, Арал теңізіне құйды дейік.
Оған аталмыш миллиондаған тұзды қоспаны зауыттан ағызып, жіберді дейік. Табиғаттың заңымен судың ағу мөлшері жыл бойы әр мезгілде әр деңгейде болады.
Көктемгі тасқын кезінде деңгейі көтеріңкі, жазда ағысы төмен. Су тайыз болғандықтан шектен көп тұзды көл мен теңізге тастағаны үшін айыппұл төлемеу мақсатында, өндірушілер қалдықты ай далаға ағызып, терең әрі көлемді апан қазып, тұзды қалдықты толғанша құяды да, апан толғасын, жанынан басқа апанды қазуға мәжбүр болады.
Сөйтіп сансыз, сапасыз тұзды көлшіктер, сорлар көбейе береді.
Аралда қазір не теңіз, не дария суы жоқ. Көрші Қарақалпақстанда бізден де бұрын бұл жағдай орын алған.
Сондықтан теңізге төгілетін улы қоспалар теңіз құрғағасын жер асты суларына қосылып, трубалармен үйлерімізге ағып келеді. Улы көлдер күн астында кепкесін, түйіршектеліп, ауаға міндетті түрде ұшады.
Жоғарыда келтірілген дәлелдердің негізінде тұрандықтар Арал өңіріне сода өндірісін аталған екі технологиялық әдіспен мүлдем салуына болмайтынын ашық айтады:
- Сольве-Хау технологиясы улы,
- Көмірқышқылдан табуға Қазақстандағы 38 электростансалардың бірде біреуі өңірде орналаспағаннан,
Қытай жобасын кері қайтарып, жергілікті халықтың санасына, дәстүріне ыңғайлы мал шаруашылығын дамытып, одан шыққан тері, жүн, сүт шикізатынан пайдалы өнім шығаратын өнеркәсіп көзін ашуды қолға алу қажет. - Осы және басқа да тиімді, денсаулыққа, қоршаған ортаға зиянсыз жобаларды ойластыруға тұрандықтар өз ұсыныстарын беруге дайын.
- Және Қазақстан үкіметі мен мүдделі мемлекеттік құрылымдардың кезкелген инвестор атаулылардың алдына түсіп, жанұшыра олардың пайдасын ойлап, ҚР халқына кереғар жобаларға мұрындық болуды доғаруын талап етеміз.
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі