Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Футбол. «Астана» жеке-дара көш бастап келеді

АСТАНА. 5 мамыр. Мамырдың 2-3-і күндері футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында кезекті 9-турдың ойындары ойналды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Соңғы турдың қорытындысы бойынша «Астана» командасы өзінің көшбастаушылық позициясын жақсарта түсті. Оның өзінен кейінгі командадан 5 ұпай айырмашылығы бар.

Астаналықтар бұған 3 мамырда Ақтөбеде жергілікті «Ақтөбе» командасын 2:0 етіп ұту арқылы қол жеткізді.

Екінші орынға осы турда өз алаңында «Таразды» 3:0 етіп күйрете жеңген Қостанайдың «Тобыл» командасы жайғасты. Осы күні «Атырау» өз алаңында Ақтаудың «Каспий» ұжымын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Кеше турдың қалған 4 матчы ойналды. Олардың арасында Шымкентте «Ордабасының» көш соңындағы «Тұран» жасағынан 0:1 есебімен ұтылып қалғаны сенсация болып саналды. Түркістандықтар кездесудегі жалғыз голы 1-таймда-ақ салды. Бірақ уақыттың көптігіне қарамастан, алаң иелері ойын біткенше таразы басын теңестіре алмады.

Петропавлда жергілікті «Қызыл Жар» мен Алматының «Қайраты» арасындағы ойынның 1:1 есебімен тең аяқталғанын да сенсация көріп отырғандар бар. Алайда, 7-турда Атыраудан 0:1 болып ұтылып қайтқан алматылықтардың бұл жолғы сырт алаңдағы тең ойынын біз күтпеген нәтиже санамас едік. Себебі, қызылжарлықтар да биылғы біріншілікті едәуір қарқынды бастады. Ал алматылықтар ала-құла ойын көрсетіп келеді. Осыған байланысты болса керек, команданың бас жаттықтырушысы Шпилевскийді орнынан алу жөнінде ұсыныстар да естіле бастады.

«Ақжайық» өз алаңында «Жетісуды» қабылдап, соңғы минуттарда жеңісті тартып әкетті – 3:2. Ойын барысында талдықорғандықтар екі рет таразы басын теңестіріп үлгерді. Олар сол екі голды да өте әдемі соқты.

Қарағандыда «Шахтёр» Қызылорданың «Қайсарынан» аса алмады – 1:1.

 

Турнир кестесі (5 мамырдағы жағдай)
 
Ор  Командалар О Ұ Т Ж Доп Ұп
1  «Астана» 9 7 2 0 22-7 23
2  «Тобыл» 9 5 3 1 18-6 18
3  «Тараз» 9 5 2 2 14-9 17
4  «Қайрат» 9 4 4 1 19-8 16
5  «Қызыл-Жар» 8 4 2 2 11-7 14
6  «Ордабасы» 8 4 1 3 17-15 13
7  «Ақжайық» 9 4 0 5 8-10 12
8 « Каспий» 9 3 3 3 11-11 12
9  «Атырау» 9 3 2 4 11-16 11
10 « Шахтёр» 9 3 1 5 7-12 7
11  «Ақтөбе» 9 2 3 4 12-17 6
12  «Қайсар» 9 1 3 5 10-17 6
13  «Тұран» 9 1 3 5 8-21 6
14  «Жетісу» 9 1 1 7 7-19 1
 
Ескерту: «Ақтөбе», «Жетісу» және «Шахтер» командаларынан сертификат жөніндегі комиссия 3 ұпайдан алып қалған.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button