Қазақстан боксшылары Белград турнирінде екінші болды
БЕЛГРАД. 1 мамыр. Бокстан Қазақстан құрамасы халықаралық «Белград жеңімпазы» турнирінде командалық екінші орын алды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Биыл 58-ші мәрте ойналған «Belgrade Winner» («Белградски победник») сайысының ерлер мен әйелдер сайысына әлемнің 35 елінен келген былғары қолғап шеберлері қатысты.
Бір айта кетерлігі, турнирде ерлер – 8, әйелдер 10 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты.
Жарыс 23 сәуір күні 1/16 финалдық іріктеу сынынан басталды. Онда қазақстандықтар сапынан 4 боксшы сынаққа түсіп, бәрі де қарсыластарын ұтты. Атап айтқанда, 75 кг салмақтағы Ермахан Жақпеков македониялық Лео Йовановскиден 5:0 есебімен, 91 килодан ауыр салмақтағы Нұрлан Сапарбай ресейлік Ярослав Дороничевтен 3:2 есебімен басым түссе, 81 кг салмақтағы Нұрбек Оралбай македониялық Али Асемиді 1-раундта-ақ іске алғысыз етті. Қыздар арасында 69 кг салмақтағы Балжан Асқар швейцариялық Зайнаб Кейтенің рингке шықпай қалуына байланысты жарыс жолын жалғастырды.
Сәуірдің 24-інде 1/8 финалдық іріктеу шайқастары ойналды. Ол біздің 57 кг салмақтағы Серік Теміржановтың франциялық Селим Боуайтадан 1:4 болып ұтылып қалуынан басталды. Бұдан кейін 63 кг салмақтағы Ертуған Зейнуллинов ресейлік Ян Штокаленконы (4:1), 69 кг салмақтағы Абылайхан Жүсіпов шотландиялық Тилер Йоллыны (3:2), 75 кг салмақтағы Нұрқанат Райыс болгариялық Рами Киванды (5:0), Ермахан Жақпеков кипрлік Андреас Коккиносты (5:0), 81 кг салмақтағы Нұрлан Сапарбай серб Слободан Йовановичті (4:1) жарыс жолынан шығарып тастады. Қыздар арасында 48 кг салмақтағы Алуа Балқыбекова ресейлік Юлия Чумгалаковадан 4:1 есебімен басым түсті. Ал 60 кг салмақтағы Әдина Қалдыбай грекиялық Николета Питаға 0:5 есебімен тізе бүкті. Бұдан әрі 60 кг салмақтағы Назым Ищанова чилилік Валентина Бустаментеден (0:5), 69 кг салмақтағы Балжан Асқар уэльстік Росие Акклестен (ABD 3) аса алмады.
25 сәуір күні өткен ширек финалдық жекпе-жектерге бізден 9 саңлақ қатысып, солардың 8-і жеңіс тойын тойлады. Жеңілгендер қатарын тек Ермахан Жақпек қана толтырды. Ол шотландиялық Сэм Хиккейге 0:5 есебімен есе жіберді. Ал жеңісті 52 кг салмақтағы Сәкен Бибосынов бастап берді. Ол франциялық Тео Тикоутты 5:0 етіп ұтты. Осы күні турнирде бірінші рет көрінген 91 кг салмақтағы Василий Левит швейцариялық Мохамед Барриді 2-раундта нокаутқа жіберді. Бұлардан бөлек, Нұрқанат Райыс – ресейлік Владислав Федюлинді (5:0), Нұрбек Оралбай – франциялық Рафаэл Монниді (5:0), Ертуған Зейнуллинов – келесі франциялық Энцо Грэйді (4:1), Абылайхан Жүсіпов – серб Дзейлан Тоскишті (4:1), Нұрлан Сапарбай литван Йонас Язевичюсті (5:0) жеңіп шықты. Ал Алуа Балқыбекова серб Сандра Маранды (5:0) еркін ұтты.
Жартылай финал 26 сәуірде шаршы алаңды шайқады. Онда алдымен Алуа Балқыбекова франциялық Рим Беннамаға 1:4 есебімен жол беріп алды. Осымен ол қыздар арасында медаль алған жалғыз саңлағымыз болып қалды. Бұдан кейін Василий Левит грекиялық Вагкен Нантизанянды 4:1 етіп ұтса, Нұрлан Сапарбай ағылшын Фрезер Кларктен әлсіз көрінді (0:5). Сосын Сәкен Бибосынов румын Космин Гирлеануды (5:0) ұтты. Ал Ертуған Зейнуллинов сербиялық Павел Федоров рингке шыға алмағандықтан ұрыссыз жеңіске жетті. Келесі кезекте Абылайхан Жүсіпов ресейлік белгісіздеу спортшы Алиса Шарифовтан 0:5 болып ұтылды. Осылайша бір кездері өзіне өте жоғары үміт артылған боксшы ақыры сол деңгейге жете алмай, біртіндеп төмендеп келе жатқанын тағы көрсетті. Шотландиялық Сэм Хиккей біздің тағы бір боксшымыз Нұрқанат Райысты да жарыс жолынан тайдырып тастады – 4:1. Ең соңынан рингке көтерілген Нұрбек Оралбай ресейлік Максим Рейтермен тепе-тең шайқаста алға шықты – 3:2!
Сонымен, 27 сәуірде финалдық шайқастарға кезек келді. Мұнда Сәкен Бибосынов пен Ертуған Зейнуллинов үмітті ақтап, турнир жеңімпазы атанды. Осы айқаста Сәкен қырғыздың аса тәжірибелі боксшысы Азат Усеналиевті 5:0 есебімен тізе бүктірсе, Ертуған ресейлік сондай танымал тарлан Артур Субханкуловты 3:2 етіп тізе бүктірді. Ал қалған екі боксшымыз – Нұрбек Оралбай мен Василий Левит қарсыластарынан ұтылды. Атап айтқанда, Нұрбек ағылшын Бенджамин Уиттакерге 0:5 болып жеңілсе, Василий ресейлік Тимур Гамзатовтан 2:3 есебімен қалып қойды.
Сонымен, Қазақстан боксшылары арасында Сәкен Бибосынов, Ертуған Зейнуллинов – алтын, Нұрбек Оралбай, Василий Левит – күміс, Алуа Балқыбекова, Абылайхан Жүсіпов, Нұрқанат Райыс, Нұрлан Сапарбай қола медальдерге қол жеткізді.
Ерлер арасындағы бәсекеде 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль алған Ресей құрамасы бірінші орын алса, 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жинаған Қазақстан командасы екінші сатыға орналасты. Үшінші басқышқа 2 алтын, 5 қола медалі бар Англия жайғасты. Бұлардан бөлек, Сербия және Болгария құрамалары бір-бір алтын медальге ие болды.
Қыздар тобында 3 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль алған Ресей құрамасы бірінші тұғырға көтерілді. Бұдан кейінгі орындарды Сербия, Франция құрамалары еншіледі.