Қырғызстан мен Тәжікстан шекара жөнінде келісімге келді
БАТКЕН. 1 мамыр. Бүгін түс ауа Қырғызстанның Баткен облысында қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасын делимитациялау мен демаркациялау жөніндегі келіссөз аяқталды.
Қырғыз Республикасының делегациясын сол елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев, Тәжікстан Республикасының делегациясын сол елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов басқарды.
Келіссөз барысында тараптар қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы шиеленісті реттеу жөніндегі бұдан кейінгі әрекеттер мен қалыптасып отырған жағдайды талқылады.
Ташиев пен Ятимов соңынан барлық мәселе бойынша бір мәмілеге келіп, келісім жасасқандарын мәлімдеді.
«Енді шекарада тыныштық орнауға тиіс. Төрт тармақтан тұратын келіссөздің қорытындылары бойынша жасалған хаттамаға қол қойылды. Ол екі елдің арасындағы барлық шекаралық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», – деді Ташиев.
«Қайғылы жағдай бұдан былай қайталанбайды», – деп мәлімдеді Ятимов. Ол бүгін принципті мәселелердің бәрі шешілгенін айтты.
Ташиев барлық әскерлердің шекара сызықтары бойынан кері қарай әкетілетінін жеткізді.
Осының алдында Ресей екі елдің арасындағы келіссөзге делдал болуға дайын екенін білдірген болатын. Мұндай ниеттті ОБСЕ де көрсетті. Бірақ тараптар ешкімнің араласуынсыз мәселені өздері шешкенді жөн көрді.