Бокс: қазақстандық 6 боксшы чемпионат финалына шықты
ВАРШАВА. 20 сәуір. Поляктың Кельце қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында жартылай финалдық шайқастар мәресіне жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Чемпионатқа әлемнің 52 елінен 2002-2003 жылдары туған 414 жас жігіт пен қыз келді.
Жартылай финалда біздің жерлестеріміздің қатысуымен 10 жекпе-жек өтіп, солардың 6-ында мерейіміз үстем болды.
Қыздар арасында Үндістаннан – 7, Ресейден – 3, Польша, Өзбекстан, Қазақстан құрамаларынан екі-екі, Украина, Түркия, Франция және Молдова елдерінен бір-бір боксшыдан финалға шықты. Ал жігіттер арасынан Ресейден – 5, Қазақстаннан – 4, Украинадан – 3, Өзбекстаннан – 2, сол сияқты Үндістан, Польша, Куба, Жапония, Черногория және Армения елдерінің әрбірінен бір-бір былғары қолғап шебері ақтық сында айқасады.
Енді бәрін рет-ретімен баяндайық.
Алдымен кеше, 19 сәуір күні кешкі сессияда ойналған екі жекпе-жекке тоқталып өтейік. Бізден сол пәйтте бірінші болып шаршы алаңға шыққан 75 кг салмақтағы Дана Дидай венгер Богларка Варганы 3:2 есебімен ұтты. Содан кейін 60 кг салмақтағы Елнұр Сүйінбай бразилиялық Юри дос Рейспен қолғап түйістіріп, 4:1 етіп жеңіп шықты.
Ал 51 кг салмақтағы моңғолиялық қазақ қызы Күлән Алтынбек біздің Гүлнар Тұрапбаймен емес, ресейлік Валерия Линковамен шайқасып, 0:5 болып тізе бүкті. Сол сияқты Өзбекстан құрамасындағы жалғыз қазақ жігіті Айдос Тағайбаев 60 кг салмақта колумбиялық Джон Элин Оравио Синестрамен ұшырасып, 2:3 есебімен жол беріп алды.
Бүгінгі күнгі шайқастар қыздар арасындағы жекпе-жектермен басталды. Бізден бірінші болып рингке көтерілген 60 кг салмақтағы Жұлдыз Шаяхметова өзбек қызы Дилфуза Бекованы 5:0 етіп ұтты. Бұдан кейін 69 кг салмақтағы Жасмин Қизатова поляк Барбара Маркинковскаға 1:4 болып есе жіберді. Мұның артынан 81 кг салмақтағы Әсел Сағатова ресейлік Ксения Олифиренкодан 1:4 есебімен жеңілді. 75 кг салмақтағы Дана Дилай бұл жолы өзбек қызы Шохида Рузметовадан басым түсті – 3:1. Соңынан 81 килодан ауыр салмақтағы Елдана Тәліпова молдовалық Дария Козорезден 2:3 есебімен жеңілді. Сөйтіп, жеңілген үш қызымыз чемпионаттың қола медалін қанағат тұтып қалды.
Жігіттер сайысында бұдан гөрі табысымыз артық болды. Мұнда да бес саңлағымыз рингке шықса, солардың төртеуі жеңіске жетіп, біреуінің ғана жолы оңғарылмады. Бірінші болып 49 кг салмақтағы Санжар Тәшкенбаев ұрыс алаңына жетіп, үнділік Бишхвамитра Чонгтханды 4:1 етіп тізе бүктірді. 56 кг салмақтағы Ерболат Сабыр Ресей құрамасының капитаны Алексей Шендриктен үш раунд бойы да басым болды – 4:1. Содан кейін 64 кг салмақтағы Сабыржан Аққалықов үндістандық Анкит Нарвалды 4:1 етіп ұтты. Ал 75 кг салмақтағы Диас Молжігітов ресейлік Михаил Усовтан 1:4 болып ұтылды. Ең соңынан 60 кг салмақтағы Елнұр Сүйінбай колумбиялық Джон Элин Оравио Синестраны 5:0 етіп талқандады.
Чемпионаттың финалдық айқастары екі күнге созылады. Ертең, яғни сәуірдің 22-сі күні рингке тек қана қыздар шығады. Жігіттер 23 сәуірде шайқасады.
Сонымен, қыздар арасындағы жекпе-жектер мына боксшылар арасында өтеді:
48 кг. Наталия Доминика Кужевска (Польша) – Гитика (Үндістан)
51 кг. Бабырожжана Чану Наорем (Үндістан) – Валерия Линкова (Ресей)
54 кг. Нигина Уктамова (Өзбекстан) – Кристина Лакинчук (Украина)
57 кг. Пунам (Үндістан) – Стэлин Гроси (Франция)
60 кг. Жұлдыз Шаяхметова (Қазақстан) – Винка (Үндістан)
64 кг. Азалия Аминева (Ресей) – Мохинобану Абдуллаева (Өзбекстан)
69 кг. Арундхати Чоудхари (Үндістан) – Барбара Маркинковска (Польша)
75 кг. Дана Дидай (Қазақстан) – Санамача Чану Цохом (Үндістан)
81 кг. Бусра Исилдар (Түркия) – Ксения Олифиренко (Ресей)
+81 кг Тараннум Акрам Патхан (Үндістан) – Дария Козорез (Молдова).
Жігіттер финалында мына жұптар өзара күш сынасады:
49 кг. Санжар Тәшкенбаев (Қазақстан) – Роберт Бадалян (Ресей)
52 кг. Шахзод Музафаров (Өзбекстан) – Евгений Жоров (Ресей)
56 кг. Ерболат Сабыр (Қазақстан) – Сачин (Үндістан)
60 кг. Елнұр Сүйінбай (Қазақстан) – Рейто Цуцуми (Жапония)
64 кг. Сабыржан Аққалықов (Қазақстан) – Бозорбой Матякубов (Украина)
69 кг. Юрий Захариеев (Украина) – Чурав Ашалаев (Ресей)
75 кг. Михаил Усов (Ресей) – Илья Тогобицкий (Украина)
81 кг. Василий Каверин (Ресей) – Петар Лижевич (Черногория)
91 кг. Якуб Страшевски (Польша) – Хорхе Луис Фелимон (Куба)
+91 кг. Ованес Папазян (Армения) – Жахонгир Зокиров (Өзбекстан).
Біз қазақстандық боксшыларға осы сайыстарда жеңіске жетуді тілейміз.
Әлем чемпионатының шайқастарын YouTube-тегі AIBA Boxing арнасынан көруге болады.
Жекпе-жектер Астана уақытымен 20:00 сағатта басталады.