АймақЖаңалықтар жаңғырығы

«Ауқымды істер атқарылды, алдағы меже одан да биік»

Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбәраковпен сұхбат

 Сыр елінің құтты өңірі, шырайлы Шиелі – шығысында қарт Қаратау, оңтүстігінде Дешті Қыпшақтың байырғы астанасы Сығанақ, солтүстігінде Қазақ елінің астанасы болған Ақмешіт, теріскейінде қазаққа аты мәлім Телікөл, Бетпақдала, батысында сұлу Сыр өзені, орман-тоғайы, шағылды Қызылқұмға етене еніп жатқан фаунасы мен флорасы бай өңір. Шиеліде өспейтін дақылдар, жеміс ағаштары жоқ есепті. Ең алғаш ел ырысы – Сыр күрішінен рекордтық өнім алынған жер де осы.

Біздің аудан әкімі Қамбарбек Мүбәраковпен әңгімеміз ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында болды.

Қамбарбек Амангелдіұлы, әдетте қай ауданның тұрғындары болса да, аудан әкімі ауысқан соң жаңадан келген әкім тірлікті неден бастар екен, қай мәселеге ерекше назар аударар екен, деп өзара әңгіме ететіні бар. Шиелі ауданының тізгінін қолыңызға алған кезде мұндағы халықтың көкейінде сондай сұрақ болған шығар. Әкім болып тағайындалғаннан кейін алғашқы жұмысты неден бастадыңыз? Қандай мәселеге ерекше ден қойып келесіз?

– Тарихы терең, шежіреге бай, өндірісі өркендеген Шиелі ауданындағы атқарылған әрбір игілікті іс пен жаңалықтың, жаңарудың куәсі – өздеріңіз. Халықтың бірлігі, ел қазынасын еселеу, әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер аясында жүзеге асырылды.

Өздеріңізге белгілі, 2020 жыл мемлекет үшін де, халық үшін де  сындарлы уақыт болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылдың 15 наурызында әлемді жайлаған пандемияға қатысты елде төтенше жағдай режимі енгізілді. Елімізде таралған жұқпалы індет біздің ауданымызда да тіркеліп, аудан тұрғындарының 307-і  ауырып, емделіп шықты. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылып, мемлекет басшысының қолдауымен ірі серпінді жобалар жүзеге асырылды.

Пандемиядан кейінгі Шиелі… Аудан экономикасына әсер етті ме?

– Өткен жыл еліміз жер жаhанға қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес жүргізіп, ел халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күрделі де қиын кезеңді кешірдік. Халықтың күнделікті тұрмыс тіршілігі мен қалыпты өмір сүруіне, жүріп–тұруына, кәсіпкерлік пен бизнес, қызмет көрсету орындарына шектеулер қойылып, бірқатар нысандардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бүгінде короновирустың салқыны әлі де бәсеңдеген жоқ, әлем халқы эпидемиологиялық ахуалмен күресті жалғастыруда. Індеттің алдын алуда Шиелі ауданымыздың тұрғындары, жерлестеріміз елде жайлаған пандемиямен күресуде ауызбіршілік танытып,береке мен бірліктің үлгісін көрсетті.

Шиелі – еңбекті сүйген жұрт. Содан болар, бұл елде бейбіт күннің батырларының көптеп болуы. Шағын ауыл – «Ақмая-Авангардтың» өзінен 16 Еңбек Ері шыққан. Шиеліден 40 адам Социалистік Еңбек Ері атанған. Ыбырай Жақаев атамыздың өзі қара кетпенін құлаштай сермеп, осы марапатты екі рет иеленген.

Карантин аудан  экономикасына әсер етпеді деп айта алмаймын. Жалпы құны 64 млрд теңгені құрайтын,  жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығаратын зауыт «Гежуба Шиелі Цемент» жұмысы уақытша  тоқтатылды. Алайда, зауыт жұмысы уақытша тоқтап тұрғанына қарамастан, мекеме қызметкерлеріне 50 пайыз жалақыларын төлеп отырды. Пандемияға қарамастан, ауданда  29 461 гектар жерге егін егіліп, одан 23,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өзбекстанның «Organic solutions» компаниясы мен ауданның 3 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі бірлесіп, 60 гектар жерге (40 895 дана көшет) алма, жүзім және түрлі жеміс ағаштарын отырғызды. Оған қоса, «Сұлутөбе» және «Қарғалы» елді мекендерінде жеке кәсіпкерлер 5 гектарға алма және жеміс ағаштарын екті.

Аудан бюджетінің кірісі 2021 жылғы 1 қаңтарға болжамдалған 25 482,2 млн теңгенің орнына 26  073,1 млн теңгеге немесе 102,3 пайызға, оның ішінде бюджеттің өз кірісі болжамдалған 2 428,8 млн теңгенің орнына 3 019,2  млн теңге болып, 124,3  пайызға орындалды. Есепті мерзім ішінде аудандық бюджет шығысы 27 699,5 млн теңгеге немесе 99,5 пайызға (болжам 27 837,3 млн теңге) игерілді.

Шиелі ауданы өзінің әлеуметтік-экономикалық потенциалын тиімді пайдаланып отыр ма? Аудан көлемінде қандай ірі жобалар жүзеге асырылмақшы?

– Өздеріңіз білетіндей, Шиелі ауданынның кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. Және кәсіпкерлердің белсенділіктері өте жоғары. Биылғы жылы аудан әкімдігі тарапынан 2021 жылы жүзеге асырылуы жоспарланған жобалық құны 6 млрд 384 млн теңгені құрайтын 44 жоба іріктеліп, олардың жүзеге асырылуына тиісті қолдау шаралары жүргізілуде. Аталған жобалардың ішінен «Шиелі жолшы» ЖШС-ның жобалық құны 124 млн теңгені құрайтын темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты және «Әбдіманап базары» ЖШС-ның жабық сауда базары пайдаланылуға берілді.Сонымен қатар, «Индустриялдық инновациялық даму» бағдарламасы арқылы жобалық құны 24 млрд 483 млн тг құрайтын  3 жоба өңірлік картаға енгізіліп,  құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.«Тіn oris» ЖШС 10 000 гектер жоңышқа егу және жем шығарузауытын ашу – жобалық құны 4 млрд 335 млн теңгені құрайтын «Жоңышқа өсіру және терең өңдеу» жобасы. Бүгінде ауданның индустриялды аймағынан 10 гектар жер берілді. Жоңышқа егуге қажетті 10 000 гектар жер беру мәселесі облыстық басқармалар арқылы шешілуде.«Караганды Агро Инвест-Т» ЖШС-ның жобалық құны 20 млрд 360 млн теңгені құрайтын «Ауылшаруашылық кешенін құру» жобасы. Кешен жобасы іске асқан жағдайда 15 мың тонна көкөніс дақылдарын сақтауға арналған қойма, шырын өндірісі, көкөніс кептіру т.б ауыл шаруашылық дақылдары өңделетін болады. «Молдир и К» ТС-нің жобалық құны 148 млн теңгені құрайтын құс фермасын кеңейту жобасын қолға аламыз деп отырмыз.

Сіз әкім болып келгелі Шиелі ауданына сырттан тартылған инвестиция көлемі қанша? Ішкі инвестицияның жағдайы қалай?

– 2021 жылы негізгі капиталға салынған ішкі және сыртқы инвестициялар көлемі 13,8 млрд теңгені құраса, 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында негізгі капиталға салынған инвесиция көлемі 1 млрд 48 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 2,7 есеге артты. Жалпы, аудан бойынша шағын және орта бизнес өкілдері есебінен 2021-2023 жылдары 30 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда.

Ауданды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жүйелі түрде  жүзеге асып жатқан көрінеді. Қанша елді мекен газға қосылады?

– Ауданда бүгінгі таңда Шиелі кентін қосқанда, 4 елді мекен газ отынын пайдаланып отыр. Үстіміздегі жылғы мамыр айында «Н.Бекежанов» елді мекені газға қосылады. Жыл аяғына дейін «Алғабас», «Қодаманов», «Ақмая», «Бестам», «Ақтоған», «Жиделіарық», «Еңбекші», –  барлығы 7 елді мекен газ отынына қосылады деп жоспарлап отырмыз.

Жеке тұрғындардың есебінен «Ы.Жақаев» және «Бидайкөл» елді мекендерінде газдандыру жұмыстары жүргізілуде. «Жақаевта» 430, «Бидайкөлде» 225 жеке тұрғын үйге газ кіргізілді. 2020 жылға «Байсын» елді мекенінде газ құбырларын жүргізуге 204, 5 млн теңге қаржы бөлініп, 2020 жылы 26 желтоқсанда «Байсын» елді мекені тұрғындарына табиғи газ беріліп, 90 үйге газ кіргізілді. «Н.Бекежанов» ауылын газдандыруға өткен жылдың желтоқсан айында 100 млн теңге қаражат бөлініп газдандыру жұмыстары бастау алса, бүгінгі таңда осы жобаға қосымша 327 млн теңге қаржы бөлінді, үстіміздегі жылы ауылды толық газға қосатын боламыз. 2021 жылға  «Қодаманов» ауылын газдандыруға республикалық бюджеттен «Ауыл ел – есігі» бағдарламасы аясында 557 млн теңге қаражат бөлініп, жақын арада газдандыру жұмыстары басталатын болады. Бұдан бөлек, «Ақмая», «Алғабас», «Бестам», «Ақтоған», «Жиделіарық», «Еңбекші» елді мекендерін газдандыруға ЖСҚ әзірленіп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. «Алмалы» және «Ә.Тәжібаев» елді мекендерін газдандыруға жоба сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы әзірленуде. Сонымен қатар, «Сұлутөбе», «Жаназар батыр», «1-Мамыр», «Тартоғай», «Жансейіт», «21-бекет», «Майлытоғай», «Ортақшыл» ауылдарын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттарына тиісті қаражаттар бөлінді. Ал «Балаби», «Бәйгеқұм», «Жөлек» ауылдарын газдандыруға қажетті құжаттарды дайындау үшін тиісті қаражаттар ақпан айында қарастырылады.

– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың
2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ауданда жүзеге асуы қай деңгейде? Оның аясында нақты қандай әрекет бар? Жұмыссыздық деңгейі қалай?

– Елдегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі Қазақстан үшін экономикалық өсуге өз септігін тигізуде, оның үстіне, одан əрі жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында халықты жұмыспен қамту саясаты жүзеге асырылуда. Яғни, ауданымызда жұмыссыз жүрген азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамту шараларына қатысуына, өзін-өзі жұмыспен қамтимын деушілерге кәсіп бастауға мол мүмкіндік жасалуда. Атап айтар болсақ, 2020 жылға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету бірінші бағыты шеңберінде 142 азамат жолдама арқылы техникалық және кәсіптік білім алуға 36 айға дейінгі мерзімде оқуға қабылданды. Қысқа мерзімді оқу курсының жоспарына сәйкес 60 азамат 3 ай мерзімге оқуға жолданып, оқуын аяқтаған азаматтың 57-сі тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Бағдарламаның жаппай кәсіпкерлікті дамыту екінші бағыты аясында «Бастау Бизнес» жобасымен 268-і оқуды аяқтап, 241-і яғни, 90 пайызы қаржылай қолдау тапты. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында жоспарға сәйкес 776 азаматқа 200 АЕК яғни, 555 600 теңге көлемінде жалпы 428 047,0 мың теңге қайтарымсыз негізде мемлекеттік грант берілді. 2020 жылы 103 азаматқа кәсіп ашу немесе бар кәсіптерін кеңейту мақсатында 489 245,0 мың теңге шағын несие беріліп, қосымша 105 жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту үшінші бағыты аясында әлеуметтік жұмыс орындарында 207 азамат уақытша жұмыс жасап, 156 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыз 502 жас азамат жастар практикасы бойынша уақытша негізде жұмыс жасап, 138 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 1 271 азамат жолданып, 189 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

Өкінішке орай, халықтың əл-ауқатын жақсартуға бағытталған кедейлікті азайту іс-шаралары жəне жұмыспен қамтылған халық санын көбейтуге жасалып жатқан мемлекеттің оң саясатына қарамастан, жұмыссыздық мәселесі əлі де алаңдату туғызуда. Оның басты себебі, елімізде жаппай белең алған коронавирус індеті салдарынанэпидемиологиялық ахуал қоғамды аса қатты алаңдатып, күрделендіре түсті. Соның салдарынан 2020 жылы карантиндік шектеу шаралары енгізілуіне байланысты біршама жұмыс орындарының ауқымы азайып, кейбір жұмыс орындары тоқтатылып, қысқарту салдарынан кірісінен айырылу жағдайына байланысты азаматтарға біржолғы яғни, 42 500 теңгеден төлем жүргізілді. Халықты жұмыспен қамти отырып олардың әл-ауқатын арттыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында биылғы жылы да ауқымды жұмыстар жүргізіледі.

Бағдарламаның бірінші бағыты аясында техникалық және кәсіптік білім даярлау бағытында нысаналы топтағы яғни, көпбалалы отбасынан шыққан, мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен отбасы балалары қатарынан  75 азаматты 3 жылға дейінгі мерзімді құрайтын кәсіптік білім беру оқу орындарында қыркүйек айынан бастап оқыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша жыл көлемінде 130 азаматты «тігінші», «тігіп пішуші», «шаштараз шебері», «аспазшы», «жылы жай шаруашылығы өндірісі», «мал шаруашылығы», «автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» мамандықтары бойынша қысқа мерзімді оқу курстарына оқыту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда оқудан өтуге үміткер азаматтардың тізімі қалыптастырылуда, оқу курстары мамыр айынан бастап жүргізілетін болады.

Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында жыл көлемінде 300 азамат кәсіпкерлік негіздеріне бекітілетін кестеге сәйкес топ-тобымен оқытылатын болады. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы басшысымен бекітілген 2021 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытудың кестесіне сәйкес  бірінші топ 26.04.2021 жылдан бастап онлайн түрде жүргізіледі.  Жоба аясында оқуға өтініш білдірген азаматтар санының артуына байланысты қосымша 500 азаматты оқытуға Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қосымша сұраным жолданды. Жалпы жыл соңына дейін 800 азамат оқытылады деп күтілуде.

Биылғы жылы 350 азаматқа жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында мемлекеттік грант беру жоспарланып, жыл басынан 80 азаматқа 583 400 теңге көлемінде жалпы 46 672,0 мың теңге қайтарымсыз негізде грант беріліп, өз кәсіптерін ашуда. Мемлекеттік грант алуға өтініш білдіруші азаматтар санының артуына байланысты қосымша 450 азаматқа жалпы 262 530,0 мың теңге мемлекеттік грант беруге Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қосымша сұраным жолданды. Өтінім мақұлданған жағдайда жалпы жыл соңына дейін 800 азаматқа мемлекеттік грант берілетін болады. Сонымен қатар, биылғы жылы өз кәсібін ашу немесе кеңейту мақсатында 50 азаматқа шағын несие беру жоспарланып, жыл басынан 31 азаматқа мал басын көбейту бағытында 184 827,0 мың теңге шағын несие берілді. Бағдарламаның халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту үшінші бағыты аясында әлеуметтік жұмыс орындарына 80 азамат, жастар практикасына 330 азамат, ақылы қоғамдық жұмыстарға 751 азамат уақытша жұмыстарға орналастырылды. Аталған жұмыспен қамту шараларынан кейін келісім шарт мерзімі аяқталған 40 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

– Аудандағы  жалпы өнім көлемін қалыптастыруда шағын және орта кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларының шешуші рөлге ие екенін білеміз. Оларға аудан билігі тарапынан қандай қолдау бар? Әлде халық нарық заманының қағидаларын меңгеріп, өздері  ілгері жылжып бара ма?

– 2021 жылдың 3 айында 5 274 шағын кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Оның ішінде: Заңды тұлға – 556, жеке кәсіпкерлер – 2 787, шаруа қожалықтар – 1 931. Бизнесті қолдау мақсатында Шиелі кентінің шығыс аймағынан индустриялық аймаққа 96 гектар жер беріліп, жарықпен, сумен, жолмен, темір жолмен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні индустриялдық аймақтан жобалық құны 66 млрд 30 млн теңгені құрайтын 11 жобаға  67 га жер телімі тапсырылды. («Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС,«Мия Шиелі» ЖШС, «Тұлпар 2000» ЖШС, «Шиелі тас» ЖШС,«Шиелі жолшы» ЖШС, «Бек-транс строй» ЖШС, «Бөпежанова» ЖК). Сонымен қатар, 2020 жылы өткізілетін сауда-саттық арқылы жобалық құны 4 млрд. 470 млн теңгені құрайтын 7 жобаға 23 га жер телімін табыстау жөнінде шешім қабылданып, құжаттары рәсімделуде. 2020 жылы ауданның өнеркәсіп орындары арқылы 39 млрд 378 млн теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, нақты көлем индексі 100,3 пайызды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 16,4 млрд теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда, 119,4 пайызға артты. 2021 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант қаражатын алуға 80 жоба қолдау алып, бүгінгі күні 40 жобаға 23 млн 336 мың теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалына «Еңбек» бағдарламасы аясында төмен пайызбен несиелендіру үшін 2,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, ауданнан жобалық құны 172,2 млн теңгені құрайтын 27 жоба қаржыландырылса, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-на жобалық құны 109 млн теңгені құрайтын 18 жоба ұсынылды. Президент тапсырмасына орай, халықпен тиімді кері байланыс орнатып,адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару – мен үшін басты мәселе. Әрине, дер кезінде тиісті жұмыстар атқарылды. Аудан бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге барлығы 1 млрд 405 млн теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ, бір жастан алты жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға берілетін кепілдік әлеуметтік топтамаға республикалық бюджеттен 180,4 млн теңге бөлінді. Жыл басынан бері мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алуға 1 369 отбасының 7 246 мүшесіне 120,8 млн теңге тағайындалды. 2020 жылға аудан бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге республикалық бюджеттен 926,3 млн теңге, жергілікті бюджеттен 31,3 млн теңге, барлығы 957,7 млн теңге қаржы қаралған. Былтырғы жылы аудан бойынша 1 941 отбасының 10 551 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2020 жылы  мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өзгерістер енгізіліп, 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмектен бөлек «Кепілдірілген әлеуметтік пакет» тағайындалуда. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 87,8 млн теңге, жергілікті бюджеттен 3 778 мың барлығы 91,5 млн теңге қаралған.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында тиімді кері байланыс орнату жұмысы жолға қойылды. Осы ретте өткен жылы аудан әкімдігіне әртүрлі мәселелермен барлығы 571 азаматтан жазбаша өтініш келіп түсті. Оның ішінде 42 жұмысқа орналасу, 58 тұрғын үй мәселесі, 104 коммуналдық шаруашылық (жол жол жөндеу, көше жарығы, су, газ, т.б.), 67 жер туралы (мақсатын өзгерту, жеке меншікке беру, жер телімін бөлу), 120 әлеуметтік-материалдық көмек беру, кәсіпкерлік – 20, білім – 25, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша әлеуметтік қолдау шаралары – 29, заңдылық пен құқықтық тәртіп – 61, құрылыс – 4, көшеге атау беру мәселесі – 2, ауыл шаруашылығы мәселелері – 10, ауыл әкімі қызметі ұсыныс – 4, мүгедектердің қамқоршылық және қорғаншылық мәселелері – 9, денсаулық саласы мәселелері – 4, басқа мәселелер – 12. Түскен өтініштердің 540-ы қанағаттандырылса, 15 өтініш басқа органдарға жолданды, 16 өтініш себебі көрсетіле отырып, қараусыз қалдырылды. Бекітілген кестеге сәйкес 247 азамат әртүрлі мәселелер бойынша онлайн, оффлайн форматта қабылдауға жүгінді. Азаматтардың жеке қабылдауда көтерген мәселелерінің 43-і жұмысқа орналасу, 52-сі материалдық көмек көрсету, 19-ы атаулы әлеуметтік көмек алу, 53 тұрғын үй, 24 жер телімін бөлу, 17-сі коммуналдық шаруашылық мәселелері, 3-уі кәсіпкерлік мәселесі, 16 – білім беру саласы мәселелері, 9 – денсаулық мәселесі, 11 басқа мәселелер. Оның ішінде, түрлі мәселелермен аудан әкімі – 114, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы – 133 азаматқа жеке қабылдау өткізген.

– Мемлекеттік қызметте кімді ұстаз тұтасыз?

– Бір ғана тұлғаны ұстаз тұтамын деп айта алмаймын. Ал егер бір ғана ұстазды айт десеңіз, мен өзіме ұстаз ретінде өзінің нар тұлғасымен халық жүгін қажымай көтерген атпал азамат,  даңқ пен дақ­пыртқа бой алдырмай, табиғи мінез қалпын еш өзгертпей, өзі межелеген биікке «ақырын жүріп, анық басып» жеткен, Егемендігіміз бен елдігіміздің алғаш қалыптасу барысындағы тар жол, тайғақ кешуде саяси-экономикалық реформаларды тұңғыш ұйымдастырушылардың, мемлекеттігімізді нығай­туға белсенді ұйытқы болған тұлғалардың бірі болып, тәуелсіз елдің тұғырын бекемдеуге айрықша ең­бек еткен Сейілбек Шаухаманұлын үлгі етемін.

– Сұхбатыңызға рахмет! Киелі Шиелі ауданы көркейе берсін!

Сұхбаттасқан Жансая НҰРҚОЖА.

Шиелі ауданы,

Қызылорда облысы

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button