Бауыржан Байбек өзінен $1 млрд табылғаны«жала» деп отыр
АСТАНА. 21 сәуір. Қазақстандық белсенді Жанболат Мамай өзінің Бауыржан Байбек туралы зерттеулерінің қорытындысын жариялады. Бұл туралы қырғыздың knews.kg сайты хабарлады.
Кейбіреулер «қазақстандық Навальный» атап жүрген Мамай Youtube-тегі «Демократиялық Қазақстан» арнасына «Ол сіздерге Бәуке емес» деген ролик шығарды. Онда белсенді бұған дейін 4 жыл Алматы қаласын басқарған кезінде Байбектің жемқорлық сызбаларды қолдана отырып, миллиард доллардан астам пайда тапқанын атап көрсетеді. Сөйтіп, қазіргі таңда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы бойынша орынбасары болып отырған тұлғаның осы жағына қоғам назарын аударғысы келеді.
Зерттеудің мәліметтері бойынша, Байбек Алматы қаласындағы элиталы жерлерді өзі заңсыз меншігіне айналдырып алған, сондай-ақ құрамында бірнеше бизнес орталығы мен құрылыс компаниялары бар орасан зор бизнес-империя құрған.
«Өздеріңіз назар аударыңыздар, бұл бизнес құрылым қалай сауатты жасалған. Ол «Бәрі де үйге, бәрі отбасына» деген қағидатты ұстанады, – дейді роликте Жанболат Мамай. – Еске салайық, Бауыржан Байбек өзінің бүкіл өмірінде тек мемлекеттік қызметте келеді, ешқашан ресми түрде бизнеспен айналысып көрмеген. Соған қарамастан, империя құрып алған. Бизнессіз кезекті қазақстандық миллиардер шығып отыр!»
Ал Байбек бұған жауап ретінде Жанболат Мамайды сотқа беретінін мәлімдеді. Ол мұның бәрін «жала» деп бағалап, бір-ақ ауыз сөзбен сызып тастағысы келеді. Бірақ бұдан айылын жия қалайын деп отырған белсенді жоқ, ол шенеунікті дебатқа шақырды. Мамай Байбектің «істеп жатқан дүниелері таза екені рас болса, дебатқа шығып дәлелдесін» дейді.
Алайда, партия жетекшісі орынбасарынан мұндай батылдық шыға қоятыны нәгүмән.
Youtube арнасына берген сұхбатында Бауыржан Байбек Жанболат Мамайды өзіне «жалаң айып тақты» деп кінәлап, өз атына кір келтіргісі келмегендіктен, сотқа беретінін жеткізді.
«Ол (Жанболат Мамай) өзінің саяси мансабын құртты. Жіктеп айтатын болсақ, ендігі «саяси өлік» (? – сұрақ белгісін қойған біз) деуге болады. Партияның кодексі мен жарғысына сай бүгін оны азаматтық, әкімшілік іс жүргізу шеңберінде сотқа беретінімді ресми мәлімдеймін. Бұлай болмауы керек деп есептеймін. Мен бұл әрекетті болашақта Мамай сияқты адамдар кінәсіз адамдарды айыптамас үшін жасаймын», – деді Байбек сұхбатта.
Ол сұхбатта кейбір телеграм-арналар хабарлағандай, өзіне – жүз емес, оншақты компания ғана тиесілі екенін, бәрінің декларацияға енгенін атап өтіп, сол үшін салық төлейтінін де айтқан. Дегенмен, Байбек сұхбатында журналистік зерттеуде айтылған кейбір жайттарға жауап бергенмен, кейбіріне тоқталмаған. Атап айтқанда, «ағайынды Ахметовтармен бірігіп ашқан компаниялары» жайлы мәліметтерге реакция білдірмеген.
Ал белсенді Жанболат Мамай «Байбектің айтқаны рас болса, менімен тікелей эфирде дебатқа шықсын» деп отыр.
«Ол мені сотқа беремін деп отыр ғой. Бірақ Қазақстанда әділетті сот жоқ. Қазақстандық соттардың барлығы «Нұр Отан» басшылығы қолында. Атқарушы билік не айтады, тура сондай шешім шығарады. Сондықтан Байбекке айтқым келеді: Егер жасыратын ештеңесі болмаса, егер осы «Нұр Отан» партиясының жасап жатқан істерінің барлығын дұрыс деп санаса, онда ол менімен тікелей эфирде дебатқа шықсын. «Нұр Отанға» қатысты, елдің дамуына қатысты, өзінің жемқорлық істеріне қатысты, жер дауына қатысты осы мәселелердің барлығын тікелей эфирде халық алдында ашық талқылайлық», – деді Жанболат Мамай.
47 жастағы Бауыржан Байбек 2015 жылдың тамыз айынан 2019 жылдың 28 маусымына дейін Алматы қаласының әкімі болды. Бұған дейін Алматыда наразылық акциялары өтіп, кейбір тұрғындар оны «әкім болып тұрған кезде жемқорлық әрекеттерге барды» деп айыптаған еді. Бұған Байбек тарабынан кезінде ешқандай реакция болмаған.