Нұрлыбек Нәлібаев жаңа қызметке тағайындалды
АСТАНА. 1 сәуір. Бүгін Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Н.М. Нәлібаев бұған дейін, 2013 жылдың 13 ақпанынан бері Қызылорда қаласының әкімі болып қызмет атқарып келді.
Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев 1976 жылы 13 қазанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 2003 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Мамандықтары – экономист-менеджер, заңгер. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1997 жылы «Казахойл-коммерция» ЖШС мұнай және мұнай өндірісі сарапшысы болып бастады. Бұдан кейін 1998-2002 жылдары «Бұлақ», «Стандарт Трейд», «Стандарт Ойл Бейс», «Стандарт Ойл», «Стандарт Ойл Трейдинг», «Стандарт Газ» ЖШС директордың орынбасары, атқарушы директор, директор, 2002 жылы «Харрикейн Ойл Продактс» ШАҚ Қызылорда бөлімшесінің директоры, 2002-2004 жылдары «Қызылорда Мұнай Сервис» ЖШС бас директоры, 2004-2005 жылдары «Торговый Дом «ПетроКазахстан» ЖШС филиалының директоры болды. Мемлекеттік қызметке 2005-2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болу арқылы келді. 2007-2008 жылдары – Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, 2008 жылдың 8 ақпанынан Шиелі ауданының әкімі қызметтерін атқарды.
«Құрмет» (2011) және «Парасат» (2016) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен (2011) марапатталған.
«Қазақстанның құрметті құрылысшысы».
Біз Нұрлыбек Машбекұлына жаңа қызметінде табысты болуға тілектестік білдіреміз.