Қызылордада Orhun medical атты медициналық орталық ашылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 19 ақпан. Бүгін Қызылордада жоғары технологиялық Orhun medical медициналық орталығының ашылу рәсімі болып өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Іс-шараға Қызыорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және ардагерлердің қатысты.
Жиынды ашқан Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде өңірдің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге тоқталды.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт саулығы жақсы болса, қоғам орнықты дамиды» деп, салаға әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Сыр өңірінде тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру шаралары кешенді түрде жүргізілуде.
Бүгін өздеріңізбен бірге өңіріміз үшін маңызы зор нысан Orhun Medical медициналық орталығының ашылуында бас қостық. Орталықтың негізгі бағыты – позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томографияны біріктіретін жоғары технологиялық диагностика», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақ басшысы құны 4 млрд теңге тұратын жобаның онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, дерттің таралу деңгейін бағалауға, емдеу тиімділігін бақылауға мүмкіндік беретінін айрықша атап өтті. Сыр бойының жұртшылығы енді Астана, Алматы сияқты ірі емдеу орталықтары бар қалаларға бармай-ақ, шетелдерге арнайы сапар сызбай-ақ, осы жерде сапалы медициналық қызметтерді ала алады.
«Ел игілігі үшін табыс етілетін медициналық орталық дәрігерлері келушілерге қызмет етіп, науқастың дертіне дауа, көңіліне рауан беріп, халықтың ықыласына бөленеді деп сенеміз. Жауапкершілігі жоғары салада уақытпен санаспай, күні-түні жасаған қызметтеріңіз табысты, мәртебелеріңіз биік болғай!», – деді облыс әкімі.
Рәсім барысында Ақмарал Әлназарова, Әлібек Қуантыров сөз сөйледі, облыс медицина саласының ардагері Абдулла Шүленбаев бата берді.

Аймақтың денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, медициналық орталықтың жылдық жобалық қуаты айтарлықтай жоғары. Мұнда жылына 3 500 позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томография зерттеуі жүргізіледі. Сонымен қатар, 16 000 магниттік-резонанстық томография, 20 000 компьютерлік томография, 25 000 рентгенологиялық зерттеу және 10 000 маммография жасауға мүмкіндік бар.
Қызылорда қаласындағы орталық – Orhun Medical компаниясының Қазақстан өңірлерінде жоғары технологиялық онкологиялық көмекті дамытуға бағытталған жобасының екінші кезеңі. Ұлытау, Түркістан, Ақтөбе тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Бірінші кезеңде Ақтау қаласында осындай орталық іске қосылған. Зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүргізіледі.
Бұдан бөлек, медициналық орталықта МРТ, КТ, рентгенография, маммография, ультрадыбыстық диагностика, бейінді мамандардың кеңестері, зертханалық зерттеулер және емшара бөлмелерінің қызметтері халыққа қолжетімді болады.







