Балжан Шәменова – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары
ҚЫЗЫЛОРДА. 2 сәуір. Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Балжан Мөрәліқызы Шәменова Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімдігі сайтына сүйенген rast.kz хабарлады.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңа орынбасарын ұжымға өзі таныстырды. Жиын барысында ол өзінің жаңа орынбасарына қызметте табыс тіледі.
«Балжан Мөрәліқызы өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалымен жақсы таныс, – деді Гүлшара Наушақызы. – Әртүрлі салада жинақтаған мол тәжірибесін, қазіргі таңда маңызды болып саналатын әлеуметтік саланы одан әрі жетілдіруге аянбай жұмсайды деп сенім білдіремін. Облыс әкімінің орынбасары ретінде Балжан Мөрәліқызы денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және еңбек саласындағы бақылау салаларына жетекшілік жасайтын болады. Жаңа қызметіңізбен құттықтай отырып, алдағы атқарар жауапты жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз».
Шәменова Балжан Мөрәліқызы 1962 жылы Қызылорда облысында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Еңбек жолын 1979 жылы Қызылорда қаласындағы «Риссовхозстрой» тресінің № 27 жылжымалы механикалық колоннасында штукатур-сырлаушы ретінде бастаған.
1984-1997 жылдары облыстың жоғарғы оқу орындарында жауапты педагогикалық қызметтер атқарған.
1997-2012 жылдары облыстық экономика басқармасының басшысы болған. 2012-2013 жылдары облыстық медицина орталығы директорының экономика бойынша кеңесшісі, 2013-2014 жылдары Қазақ инженерлік-техникалық академиясының доценті ғылыми қызметтерін атқарған. 2014-2016 жылдары Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің департамент директоры, 2016-2019 жылдары «Nur Otan» партиясы орталық аппараты жетекшісінің орынбасары лауазымдарында болған.
2019 жылғы қыркүйек айынан «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамында басшылық қызметтер атқарып келді.