Көкарал бөгетінің келешегіне үлкен қауіп төніп тұр
Біздің сайт редакциясы поштасына «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінен арнайы Үндеу келіп түсті. Біз енді аталмыш хатты сол қалпында оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Қадірлі Арал ауданының ақындары, жыршылары, жазушылары, журналшылары, ел алдындағы жайсаңдары мен жүйріктері!
Толыбай Абылаев, Оңталап Нұрмаханов, Оңталап Базаралиев, Ержеңіс Тастыбай тегі, Нұрлан Көбегенұлы, Ерғали Абдуллаев, Абай Елешов, Қайрат Құлекешов және де басқа жас қырандар мен қырағы журналистер, блогерлер!
Сіздер, киелі өңіріміздің, қасиет дарыған азаматтарысыздар, ел-жұрт өздеріңізге қарап түзеледі, не айтар екен деп тосыла күтеді. Құрметтейді. Жаратқанның берген дарыны мен талантының арқасында әрбіреуіңіз сөз мәйегін шағып, ой бәйтерегінің шыңына шыққан өңіріміздің жүз мыңнан асқан тұрғындарының арасындағы саусақпен ғана санар бірегейісіздер.
Туған өлкеміздің айнасы – айдынды Арал тартылғалы да біраз жыл өтті. Ел-жұртымыз мыңдаған жылдан бергі кәсібінен ажырап, еңбектің ері болып жүргендер елеңдеген күйге түсті, ер азамат састы, табысы жоқ болған соң айбаты қашып, әкені – ұл, ананы – қыз тыңдау, үлкенге құрмет кішіге ізет азайды. Тартып алған – мықты, ұрлаған – қазыналы, арсыз – атақты болды. Ұятсыздың мұрты едірейді, қасиетсіз – күжірейді. Тәрбиелі-бишара, адал-тақыр болды. Теңіздің ғана тартылуы – қадір-қасиетіміздің қашумен бара-бар келді. Жер де су да тірі десек, жері құрғап, суы қашқан өлкемізде адам мен теңіздің жаны ұқсас екендігіне көзіміз жетті. Құлазыған, құйын аралаған, кепкен теңіздің табанын көрген адам, осы өлкенің әр адамының ішкі дүниесін көзден көріп тұрғандай екен… «Теңіз қайтпас Алланың ісі болды не шара» деп кеуіп отырған халық…
… Екі мыңыншы жылдардың басында Жаратқанның қалауымен, ел басшыларының қолға алуымен Арал теңізінің бөлігін, Кіші Аралды сақтап қалу жолы ашылып, ел елең етіп есін жия, белін буа бастады. 2005 жылы САРАТС жобасы аясында Көкарал бөгеті салынғанда, барша жұрт бағы ашылғандай қуанышқа бөлінді. Су көбейді, теңізге балық келді, шағала шаңқылдап, үйрек-қаз қонды. Ел-жұртым атқа қонып, қоқия сөйлеп, жоғалғанын таба бастады. Теңіздің толқыны – шайқалған бағымызды қайтарғандай күйге келдік…
…Өкінішке орай, бүгінгі күні осы Көкарал бөгетіне қауіп төнді, өткен жылғы мемлекет басшысы – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі бұл бөгеттен айырылып қалуымыз мүмкін екенін жасырмай жария етті. Іс барысын Үкіметке – Премьер-Министр Асқар Маминге тапсырды. Алайда, бір жыл өткенмен Көкарал бөгетіне оралған жан болмай отыр!
…Арал өңірінің халқы үшін Көкарал бөгетінен айырылу, теңізбен Кіші Аралмен қоштасу болып шығады.
Осы мәселені жаңа құрылған Тұран-Арал (Тұран ойпаты – Арал теңізі) ұйымы қолға алып, ел-жұрттың қамыққан күйін жазбақты, ерлік пен өрлікті оралтпақты ниет етіп отыр. Көкарал бөгетін қалай да сақтап қалу, әрі қарайғы САРАТС жобасы аясындағы іс-шараларды жүзеге асыруды ниет етеді. Құрамында сыртта болса да, елім деп еңіреген ерлер жиналған – ел ағалары, қайраткерлері, ғалымдары, заңгерлері, спортшылары, жастары бас қосқан, тәжірибені тәж қылып жол алған жандар бас қосқан.
«Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше – шындықтың уын ішіп өлген артық» – депті Бауыржан Момышұлы. Мақсаты да, міндеті де туған жеріміздің асқақтағаны, «Алладан ешкім ұлық емес, тіріден-тірі биік емес»-деген намысты жұртымыздың, берекесі мен мерекесі қайтып келсе екен, «Тұран ойпаты – Арал теңізі» киесі қолдаса екен деп, үлкен істерді алқымдауды арман-мақсат етіп отыр. Жалғандықтың жолын кесіп, шындықтың шыңынан аққан бұлақпен елдің сусынын қандырсақ дейді.
Қаһарман Бауыржан Момышұлы: «Жақсы сөз жанға-жақын, құлаққа -жағымды, ойға қонымды келеді», «Сөз жылата да, жұбата да алады» деген екен.
Өңірімізде Сіздерден асқан сөз шеберлері, қара сөздің құдіретін игерген жандар жоқ! Ата-бабаларымыз қай заманда да, тар жол тайғақ кешуде де жырауына жүгінген, ақындарына жол ашқан. Батырлары бата алып, жауынгері жау алған.
Көре көзге Көкаралға төнген қауіп маза берер емес, басшысы мен қарасы біріксе бітер шаруаның назардан сәл тыс қалып тұрған жайы бар.
Сондықтан осы Көкаралдың мәні мен мағынасы, бергені мен берері туралы, қара қылды қақ жарған шындықты, ел санасын оятар серпілісті берер, басшылық пен халықты біріктірер, игі іспен сүйсіндірер жыр сұраймыз.
Ел мен жұртты адастырмай, айдынды көлін жағалай үй қондыруды, көк теңізді жырға толтыруды, Ел басқарушылардың назарын Көкаралға бұруды, кешіккен әр күннің ел несібесіне түскен ұры екенін жеткізуді өтінеміз.
Ақ ниеттеріңізбен, өлең-жырларыңыздың оқырмандары:
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Көлбай ДАНАБАЙ,
ҚБ-тің өкілі, аралдық Нұртуған ТҰРЖАНОВ»