Бірнеше жыл марқұм әйелінің қаңқасымен бірге тұрып келген
ДУБЛИН. 7 наурыз. Бір ер кісі жалғыздықтан қорыққаннан бірнеше жыл бойы өлген әйелінің қаңқасын үйде сақтап тұрып келген. Бұл туралы «The Sun» хабарлады.
Оқиға ирландтың Коув деген қаласында болған. Осында тұратын бір ер кісі бірнеше жыл бойы марқұм әйелінің қаңқасын үйде сақтап келген. Ол мұны «жалғыздықтан қорыққаннан» деп түсіндірген.
Басылымның жазуынша, 78 жастағы Дэниел Мэлли деген қария өз ажалынан өлген әйелінің қаңқасын үйінде сақтаған. Мұны ол полицейлерге әйелінің өлгенімен келіскісі, онымен өлгеннен кейін де ажырасқысы келмегеннен және үйде бір өзі тұруға қорыққаннан жасағанын айтып берген. Енді полицейлер әйелдің неден қайтыс болғанын тексеруге кірісіп кетіпті.
Ал Мэллидің өзі болса, осы кезге дейін әйелі Кристина жайлы сұрағандардың бәріне оның шетелде тұрып жатқанын айтып келген.
Алайда, басылым атап көрсеткендей, көршілердің көбі оның әйелі болғанын да білмейді екен.
Қарт әйелдің мәйіті бұдан бірнеше күн бұрын белгілі болған. Дэниел оның өлгені туралы ешкімге хабарламаған, ал медицина қызметкерлері Кристина ковидке қарсы екпеге келмей жатқасын дабыл қағыпты. Дәрігерлер Мэллидің көршілерінен әйел жөнінде сұрастырыпты. Сонда олар ешқандай да Кристинаны білмейтіндерін, бұл үйде тек Дэниел деген қарт тұратынын айтыпты.
Құжат бойынша, бұл жұп 1976 жылы үйленгенге ұқсайды. 1995 жылы Коувтегі екі пәтерлі үйге көшіп келеді. Қазір Кристина Мэллидің жасы 80-нен асып кетуі тиіс екен.