Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Президент белгілі журналист Еркін Қыдырды 60 жасымен құттықтады

АСТАНА. 1 тамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана ақшамы»  газетінің бас редакторы, белгілі журналист Еркін Қыдырды 60 жасқа толуымен құттықтады. Бұл туралы ras.kz хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ журналистикасында өзіндік орны, айрықша қолтаңбасы бар Еркін Қыдырды бүгін келіп жеткен туған күнімен және мерейлі жасымен құттықтады.

Осы Құттықтау хатты Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов тапсырды.

Президент құттықтауында былай деп жазылған:

«Құрметті Еркін Сағындықұлы! Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын!

Қарымды қаламгер, іскер азамат ретінде өзіңізге жүктелген маңызды міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындап, сенім үдесінен шыға білдіңіз. Ұзақ жыл «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етіп, отандық журналистиканың өркен жаюына үлес қостыңыз.

Бүгінде «Астана ақшамы» ұжымына басшылық жасап, елордамыздың экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени дамуын насихаттауға атсалысып келесіз. Қолға алған жобаларыңыздың сәтті жүзеге асуына сенім білдіремін.

Сізге зор денсаулық және отбасыңызға бақ-береке тілеймін».

Еркін Қыдыр 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі – Түркістан)  облысы, Қызылқұм (қазіргі – Отырар) ауданында туған. 1984 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1985-1990 жылдары Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде еңбек етті.

1990-1996 жылдары республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болды.

1996 жылдан «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары.

2007-2008 жылдары «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ директоры, 2008- 2016 жылға дейін акционерлік қоғам вице-президенті (басқарма төрағасының орынбасары) болды.

2016 жылдың сәуір айында «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.

2017 жылғы наурыздан бастап республикалық «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарады.

Еркін Қыдыр ақпарат саласында атқарған жемісті қызметі нәтижесінде 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанса, 2010 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағына қол жеткізді. Ол, сонымен қатар, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері.

«Ұсақталма, Үкімет», «Отырар», «Кәусар кез» кітаптарының авторы (1999).

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button