Қызылордада электрондық қызмет алу орталығы ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 25 желтоқсан. Қызылорда қаласында республика бойынша алғашқы «Электрондық қызметтерді өздігінен алу орталығы» жұмысын бастады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігің Қызылорда облысы бойынша департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Орталық азаматтарға электрондық қызметтерді қолжетімді ету мақсатында ашылып отыр. Ол азаматтарға «электронды үкімет» веб-порталынан қызметтерді оңай, кедергісіз және тегін алуға мүмкіндік береді.
Аталған орталық Қызылода мемлекеттік қызмет істері департаментінің бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен, қала әкімдігінің және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының қатысуымен ашылды.
Оның ашылуына департамент басшысы Рафхат Бисенов, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалының директоры Айдын Қайруллаев және облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова қатысып, орталықтың жұмысымен танысты.
«Биылғы жылы әлемде орын алған коронавирус пандемиясының салдарынан онлайн қызметтерге деген сұраныс артты. Бұл өз кезегінде, азаматтарға ақылы түрде қызмет көрсететін орындардың көптеп ашылуына ықпал етті. Аталған «қызмет көрсетушілер» «электронды үкімет» веб-порталынан тегін алуға болатын қызметтерді алуға делдалдық жасағаны үшін тұрғындардан 500 теңгеден бастап 3000 теңгеге дейін аралықта ақша сұрайды. Енді кез-келген азамат осы орталыққа келіп, электрондық қызметтерді алуына мүмкіндігі бар», – деді Рафхат Бисенов.
Қаланың халық көп шоғырланған ауданынан ашылған орталық қызмет көрсетуге қажетті техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Орталықта тұрғындарға қажетті кеңес беретін Мемлекеттік корпорация мамандары бекітіліп, электрондық қызмет алуға жүгінген азаматтарға тегін қызмет көрсетіледі.
Айта кету керек, бүгінгі таңда облыстың мемлекеттік органдары мен ұйымдарында 574 «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» және 8 «сервистік әкімдік» ашылған.