Мемлекеттік қызметшілер тоғызқұмалақтан жарыс өткізді
ҚЫЗЫЛОРДА. 25 желтоқсан. Қызылордада еліміздегі мемлекеттік қызмет туралы алғашқы заңнаманың қабылдануына 25 жыл толуына орай тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат болып өтті. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Чемпионатты облыстық департамент пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Аймақ мемлекеттік қызметшілері қатысқан сайыстың бірінші кезеңі 21-22 желтоқсан күндері онлайн форматта өткен болатын. Ол ерлер және әйелдер арасында екі форматта жүргізілді.
Ұлттық интеллектуалды ойын жарысының жүлдегерлерін анықтау департаментте 23 желтоқсанда барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, офлайн өткізілді.
Жарыс қорытындысында ерлер арасынан Қызылорда қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Манас Толябаев бірінші орынды жеңіп алды. Екінші Жаңақорған ауданы Манап ауылдық округінің бас маманы Жалғас Мадилов, үшінші Шиелі ауданы Бестам ауылдық округінің бас маманы Әділет Әбуов иеленді.
Қыздар арасында бірінші орынға облыстық төтенше жағдайлар департаменті Сырдария ауданы №12 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі Құндызай Акбарова шықса, екінші орынды Қазалы ауданы Құмжиек ауылдық округінің бас маманы Нұрсұлу Қараманова, үшінші орынды ұлттық статистика бюросы облыстық департаменті басшысының орынбасары Сәуле Рысмаханова еншіледі.
Чемпионат жүлдегерлерін департамент басшысы Рафхат Бисенов пен дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов дипломдармен марапаттап, алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.