Облыстық штаб бастығы шетелдік бақылаушылармен кездесті
ҚЫЗЫЛОРДА. 23 желтоқсан. Қызылорда облыстық байқаушылармен жұмыс және өзара іс-қимыл жөніндегі штабының жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов шетелдік байқаушылармен кездесті. Бұл туралы облыстық ішкі саясат департаментіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Аймақта қазір алдағы жылдың басында өтетін сайлау дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осыған орай саяси науқанға дайындық барысының ашық және заң талаптарына сәйкес өткізілуін қоғамдық мониторинг арқылы бақылау мақсатында құрылған байқаушылармен жұмыс және өзара іс-қимыл жөніндегі облыстық штабы белсенділік көрсете бастады. Соның бір көрінісі – аталмыш штабтың бастығы Жандос Тұсмағамбетов шетелдік байқаушылармен және бірқатар қоғамдық ұйым жетекшілерімен сайлауалды кездесулер өткізді. Оларда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ОБСЕ) ұзақ мерзімді байқаушылары Инго Бютнер (Германия) мен Оствальд Андреймен (РФ) болды. Екі азамат та ЕҚЫҰ құрамындағы елдерде өткен сайлау барысына байқаушы ретінде қатысқан білікті сарапшылар болып табылады.
Басқосу кезінде Жандос Тұсмағамбетов шетелдік байқаушыларды облыстық штабтың жұмыс барысымен таныстырып, өзара пікір алмасты.
Айта кететін бір жайт, сайлау күні облыстағы 376 сайлау учаскесінде қоғамдық байқаушылар мониторинг жүргізетін болады. Қоғамдық байқаушылардың қатарында қоғамдық ұйымдардың белсенді азаматтар мен өкілдері бар. Олардың қатары күн санап артып келеді.
Ал кеше облыстық штаб төрағасы «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшелерімен кездесті. Онда қатысушылар алдағы сайлаудың ашық және заңнамаға сәйкес өткізілуіне қоғамдық ұйымдар тарапынан мониторинг қалай жүргізілетіндігі туралы ой бөлісті.