Қызылорда зауыты жемқорлыққа қарсы күреске қосылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 19 желтоқсан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл туралы Қызылорда облыстық ішкі саясат департаментінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Аталмыш құжат қазіргі күндері республикада жүріп жатқан «Protecting bussines and investments» жобасы аясында қабылданды. Меморандумның мақсаты сыбайлас жемқорлық байланысты жұртты құқықтық сауаттандыру, әкімшілік кедергілердің алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша өзара ықпалдастық пен ынтымақтастық құру болып табылады.
«Жоба аясында Қызылорда облысында 2020 жылғы 4 желтоқсанда жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» ЖШС мен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды», – делінген хабарламада.
Ал «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» ЖШС облыста шыны талшықтары мен композиттік материалдар шығарады. Ол осы бағыттағы импорттық матералдың көлемін азайтып, ішкі нарықтағы бағаны төмендетуді көздегендіктен, тиісті құқықтық құрылыммен осындай келісім жасасып отыр.
Шараға департамент бастығының бірінші орынбасары Б. М. Ниязов, Қызылорда облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы бастығының орынбасары Ж. С. Берденова, инвестор Т.Боранбаев қатысты.
Қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) облыстық департаменті «Protecting bussines and investments» жобасы негізінде жалпы құны 555,8 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық (6 шетелдік неше 16 отандық) жобаны сыбайлас жемқорлықтан қорғауды өз бөдіретіне алды.
Шара соңында департамент бастығының бірінші орынбасары Б. М. Ниязов БАҚ-тарға берген сұхбатында департамент тарапынан инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес климатын жасау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.