Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Ысқақов ісі: еш дәлелі жоқ қылмыс

«Жас алаш» газетінің өткен санында (№100-101. 15  желтоқсан, 2020 жыл) «Сот экс-әкімге жеті жыл кесті» деген мақала жарық көрген-ді. Онда Қызылорда облысының экс-әкімі мен оның орынбасарлары сотталғаны жөнінде  жазылған. Арада апта өтпей жатып редакция қоржынына сотты болған әкімнің кінәсіздігі жөнінде жазылған хат келіп түсті. «Жас Алаш» ашық пікір алаңы болғандықтан, бұл мақаланы да оқырман назарына ұсынып отырмыз. Егер де екінші тарап уәж айтамыз десе, оларға да газет бетінен орын беруге даярмыз.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдарды саралап, сот процесінің стенограммасымен таныса отырып, Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовқа тағылған айыптардың біріне де дәлел жоқ екеніне көз жеткізесіз.

Бұлтартпас дәлел. Экс-әкімге қатысты бұл оқиға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметі тарапынан «жәбірленуші» деп танылған Абдрахимова Сапураның 2020 жылғы 26 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасымен сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қабылдауына кіруінен басталады. Әкімнің алдына дыбыс жазу құралымен кірген Абдрахимованың әкіммен әңгімесі түгел аудиоға таспаланады. Дыбыс таспа сот залында тыңдалып, сот назарына ұсынылған-ды.

№14 ЗЕРТТЕЛІНЕТІН ФОНОГРАММАНЫҢ АНЫҚТАЛҒАН МӘТІНІ

Таспадағы жазуға сүйенсек, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов «Сыр мейірімі» қайырымдылық қорының директоры Сапура Абдрахимованы әкімдік заңгерімен бірге отырып қабылдайды. Ортадағы әңгімеде Қуанышбек Ысқақовтың Сапура Абдрахимованың басқаруындағы «Сыр мейірімі» қорынан шыққан қаражатқа еш қатысы жоқ екені анық көрініп тұр.

Қуанышбек Ысқақов С.Абдрахимованың мәселесін тыңдап отырып, төрт құрылыс компаниясына 20 млн-нан 80 млн ақшаны ешбір құжатсыз жібере салғанына таңғалады. «Неге құжатсыз жібересіз, басыңыз екеу емес. Кім тапсырма берсе де, құжатсыз аудармаймын деп отырып алмадыңыз ба?» деп, неге осы уақытқа дейін ол компаниялардан тиісті құжатты талап етпегенін, неге тиісті компанияларға құжатты талап ететін ресми хат жазбағанын сұрайды.

Сонымен қатар әңгіме барысында Абдрахимоваға тиісті құқық қорғау органдарына арыздануға кеңес береді.

Егер Қуанышбек Ысқақовтың бұл «алаяқтық» деп, аталып отырған іске қатысы болса, өзіне-өзі қастандық жасап, Абдрахимоваға құқық қорғау органдарына арызданыңыз деп айта ма? Оның үстіне, дәл сол кездесуде Қуанышбек Ысқақов Абдрахимованың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерлерінің тапсырмасымен бойына дыбыс жазу құралын тағып келгенінен бейхабар еді.

«2020_03_26_11-30-53.wav» файлдағы дыбыс жазуда таспаланған Сапура Абдрахимова мен экс-әкім Қуанышбек Ысқақовтың арасында болған әңгімеге ден қойсақ, Қуанышбек Ысқақов алдына шағымданып, «қиналып» келіп отырған Абдрахимоваға таза адамгершілік тұрғыда жанашырлық танытып, кеңес беріп отырғаны байқалады. Ал, шынтуайтында, Сапура Абдрахимова сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерлерінің тапсырмасымен облыс әкімін «қылмыстық торға» түсіруге келіп отырған еді. Абдрахимованың «жорығынан» соң, сол күні түстен кейін Қ.Ысқақовты кабинетінен ұстап әкетеді.

Екінші дәлел. Іс материалдарына сәйкес, «Nur Otan» партиясы  басшылығы облыс әкімі аппаратының сол кездегі басшысы М.Делмұхановқа Арыс қаласының әскери бөлімінде орын алған төтенше жағдайға байланысты облыс бойынша барлық мекеме қызметкерлерінің бір күндік жалақысын аударуға қолдау көрсету туралы 25.06.2019 жылы  №SQ- 1212-19/318 санды хатын жолдайды (Қылмыстық істің негізгі фактісіне айналып отырған 80 млн теңге осы бір күндік жалақыдан жиналған қаражаттан аударылған).Хат 25 маусымда жолданған. Бұл датада Ысқақов Қуанышбек облыс әкімі де, облыс әкімінің міндетін атқарушы да болмаған. Яғни бұл дата – Ысқақовтың өзі сияқты облыс әкімінің орынбасарларына тапсырма беретіндей құзыреті жоқ кез.

Дәл сол кезеңде Қ.Ысқақовтың облыс әкімінің орынбасары лауазымындағы қызмет функциясы тек экономика, бюджет, еңбек саласындағы мәселелерді ғана қамтыған. Оның функционалдық міндеттемелерінің қатарына әлеуметтік сала мәселелері кірмейді. Демек, өзі сияқты орынбасарларға тапсырма беруі мүмкін емес.

25.11.2020 жылы өткен сот процесінде сол кездегі «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары 25 маусымда Қызылорда облысының бұрынғы әкімі өз орнында болғанын және облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақовтың тарапынан ешқандай тапсырма берілмегенін растайды. Қуанышбек Ысқақов сот процесінде өзінің бұл қылмысқа еш қатысы жоқ екеніне былайша дәлелдер келтіреді: «Бірінші дәлелдеме: Айыптың жалған, өтірік, ойдан құрастырылғанын бір сөзден-ақ көруге болады. Айыпқа көңіл бөлуіңізді сұраймын. Онда «облыс әкімі К.Д.Искаков тапсырма берді» деп көрсетіп отыр. Жарылыс 24 маусымда болған, ал мен жеті күннен кейін, 1 шілде 2019 ж. әкімнің қызметіне ресми кірістім. Мен ол кезде әкім емеспін, әкімнің міндетін де атқарған емеспін.

Екінші дәлелдеме:  Арыс қаласында жарылыс 24 маусымда болса, ал қор 25 маусымда шешім қабылдаса, онда облыс әкімі тарапынан тапсырма 24-і мен 25-і күні арасында берілуі керек. Оның үстіне, «тапсырма алдым» деп, көрсетім берген Р.Рүстемов, өзінің көрсетімдерін тағы бір мәрте өзгертіп, 8 қазан 2020 жылы болған сот процесінде «Ысқақов тапсырманы 24-і мен 25-і аралығында берді» дейді. Алайда мен 24-25 маусым күндері, айыпта көрсетілгендей, облыс әкімі емеспін. Мен облыс әкімі лауазымына 28 маусым күні  кешке тағайындалдым (2019 жылғы 29-30 маусым күндері сенбі-жексенбі болғандықтан, жұмысқа ресми түрде 2019 жылдың 1 шілдесінде қосылдым), мұны тергеушінің өзі қаулыда көрсетті. Алайда сот осы фактілерді тағы да ескермеді. Олай болса облыс әкімінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасары Р.Рүстемов сол уақытта өзінің лауазымымен бірдей, атқару функциясы мүлдем бөлек орынбасардың (К.Д.Искаковтың – менің) тапсырмасын не себепті, ненің негізінде орындайды? Әлеуметтік салаға түк қатысы жоқ менімен ақылдаспайды да, орындамайды да.

Үшінші дәлелдеме. Бұдан бөлек, қылмыстық іске «Сыр мейірімі» қоры құрылтайшыларының  2019 жылдың 25 маусымындағы жалпы жиналысының №4  хаттамасы тіркелген. Онда күн тәртібінде: «Снарядтар жарылысынан зардап шеккен Арыс халқына көмек көрсету туралы және арыстықтарға көмек көрсету бойынша комиссия құру туралы» делінген. Осы жиналыста бірінші сұрақ бойынша облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов баяндама жасап, сөз сөйлеп, жұмыскерлердің бір күндік жалақысын «Сыр мейірімі» қоғамдық әлеуметтік қоры есепшотына аударуды Р.Рүстемовтің өзі ұсынған (1-бума 9-бет).

Төртінші дәлелдеме. 2020 жылы 30 қазан күні сот тергеуі кезінде куәгер, «Сыр мейірімі» қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ж.Қ. бірінші сұрақ бойынша Р.Рүстемовтің баяндама жасағанын толық қуаттады және сол жерде өзінің бұл ақша қаражаттарын: «Неге «Сыр мейірімі» қорына аударамыз, неге тікелей Арыс қаласына аудармаймыз?» деген сұрағына баяндама жасаушы «басшылықтың тапсырмасы» деп айтты дейді. Менің «баяндама жасаушы Искаков Қуанышбек Досмайылұлының тапсырмасы деген әңгіме айтты ма?» деп қойған сұрағыма ол «жоқ, сіздің фамилияңызды айтқан жоқ, тек облыс басшылығының тапсырмасы деген әңгімені айтты» деп жауап берді». Ал ол кезде мен облыстың әкімі емеспін, бұл фактіні документ дәлелдеп тұр. Ол құжат, ол документ. Біз әркімнің айтқанына сенеміз бе, әлде құжатқа сенеміз бе?» – дейді әділдік іздеген Ысқақов. Қ.Ысқақов «Құрметті сот! Ескеруіңізді сұраймын», – деп, 5-ші, 6-шы дәлелдемелеріне  соттың назарын  ерекше аударады.

Қ.Ысқақов өзінің алтыншы дәлелінде «Сыр мейірімі» қорының есепшотына ақша қаражаттарының жиналуына өзінің ешқандай қатысының жоқ екенін айта келе, оның  тағы бір дәлелі ретінде сол кездегі облыс әкімінің Түркістан облысы Арыс қаласында 2019 жылы 24 маусымда орын алған төтенше жағдайға байланысты ҚР Үкіметінің отырысында, 2019 жылғы 26 маусымда сағат 08:00-де сөйлеген сөзінің желісін ұсынады. Онда, жалпы, Арыс қаласы бойынша атқарылған көмектердің баяндалуымен қатар, «Бұдан бөлек, облыс бойынша атқарушы органдардағы 2000-нан астам мемлекеттік қызметші бір күндік жалақысын аударатын болады» делінген. Осылайша Қ.Ысқақов Қызылорда облысының өзіне дейінгі әкімнің үкімет отырысында жасаған баяндамасынан үзінді келтіреді (30-бума 90-бет). Демек, мекемелерден бір күндік жалақыны аудару да Ысқақовтың тапсырмасы емес. Өйткені бұл кезде Қуанышбек Ысқақов облыс әкімі болатынынан бейхабар болған-ды.

Міне, сот процесінде осындай бұлтартпас айғақтар көрсетіліп, айтылып, дәлелденсе де, сот тарапынан оған маңыз берілмегені мүлдем түсініксіз.

Сот басталарда күдікті деп ұсталып, айып тағылған Қуанышбек Ысқақов  бүкіл халық алдында өзінің кінәсіздігін дәлелдегісі келіп, судьядан соттың ашық өтуін әрі сот процесіне журналистердің қатысуын өтінеді. Бұл да кінәсіз адамның сот процесіне журналистер қатысса, соттың әділ шешім шығаруына сеп болар ма екен деген үміті деп түсінуге болады.

Бұлтартпас дәлел. 2018 жылы Түркістан облысының құрылуына байланысты тұңғыш президент Н.Назарбаевтың жарлығымен әр облысқа Түркістан қаласында бір  нысанның құрылысын жүргізу міндеттелгені белгілі.  Осыған орай, Қызылорда облысы да өз үлесін қосу мақсатында Түркістан қаласында «Шығыс моншасы» құрылысын бастайды.

20.04.2020 жылы «Багам Аудит» аудиторлық компаниясы жүргізген аудит қорытындысымен және 6.05.2020 жылғы №908 сот-экономикалық сараптама қорытындысымен «Сыр мейірімі» қорынан төрт кәсіпорынға аударылған қаражаттың Қызылорда облысы атынан Түркістан қаласында салынған «Шығыс моншасының» құрылысына жұмсалғаны, одан әрі  іске қатыстытөрт кәсіпорынның есепшотынан ақшаның қолма-қол мүлдем босатылмағаны  дәлелденген. Осындай бұлтартпас дәлелдер тұрғанда Қуанышбек Ысқақовты қандай ақша қаражаттарды «жымқырды» деген айыппен соттап отырғаны түсініксіз әрі миға сыймайтын жайт.

Ең таңғаларлығы, Қуанышбек Ысқақовтың сот барысында айтқан дәлелдемелері де, тәуелсіз сарапшылардың зерттеу нәтижелерінің қорытындысы да сот тарапынан мүлдем ескерусіз қалады.

Төртінші дәлел. Тергеу амалдары мен сот процесі басталған сәттен бастап іске қатысты қай куәгерден жауап алынса да, Қуанышбек Ысқақовтан ешқандай тапсырмалардың болмағанын мәлімдейді. Есесіне олардың барлығы да мұндай заңсыз тапсырма бұрынғы құрылыс басқармасының басшысы М.Алсериковтен түскенін көрсеткен. Ал М.Алсериков сот процесі аяқталғанға дейін қызметінен кетіп отыр. М.Алсериковтің  сот процесі аяқталмай, қызметтен кетуі және күдікті тұлғадан куәгерге ауысуы да ойлантатын жайт.

Сондай-ақ облыс әкімінің сол кездегі орынбасарлары Руслан Рүстемов, М.Делмұханов, бұрынғы құрылыс басқармасының басшысы  М.Алсериков, кәсіпкер Ж.Искаков болған жағдайды «белгісіз себептерге байланысты» нақты баяндаудан жалтарып, жауаптарын әр сот процесінде әртүрлі етіп айтып отырған. Бұған да судья мән бермейді.

Тағы бір маңызды жайтқа мән берілмей қалған. ҚР бас прокуратурасының 22 маусымдағы істі қосымша тергеуге жіберу туралы қаулысының 9-пунктінде 25.06.2019 қайырымдылық қорда ақша жинау туралы шешімге Қ.Ысқақовтың қатыстылығын анықтау қажет» деп көрсетілсе де, прокуратура  қаулысында көрсетілген «анықтау қажет» деген мәселеге мән берілмеген. Тергеу органы Ысқақовтың бұл іске қатыстылығының жоқ екенін анықтамақ түгіл, оған сот тарапынан баға да берілмейді.

Егер «Сыр мейірімі» қоры ақшаны төрт мекемеге аударса, неліктен қор директоры Абдрахимова тиісті құжаттарын сұратпаған? Неліктен С.Абдрахимова қаражат құжатын іздеп, төрт мекеменің үстінен арыз жазудың орнына арызды қорға еш қатысы жоқ әкімдік басшылығының үстінен түсірген?

Неге деген сұрақтың сот процесінде ескерілмегені қисынсыз. Ойланатын жайт.

Қор директоры Абдрахимова төрт мекемеге аударған қаржының  игерілуін растайтын құжаттарды жазбаша да, ауызша да сұратпағаны тіпті түсініксіз.  Оны сот тергеуі барысында үш мекеме басшысы: А.Ерназаров, С.Садықов, Р.Иманова да толығымен растайды Яғни Абдрахимова өзі ақымақтықпен не басқалай себеппен құжатсыз аудара салған қаражат үшін қорықса да, қор мен төрт мекеме арасында туындаған мәселені азаматтық іс тәртібімен шешу үшін ешқандай әрекет жасамаған.

Әрі қарай істің өрбуінде «Сыр мейірімі» қайырымдылық қорынан шыққан  80 млн соманың «Бақ-Береке» құрылыс компаниясы арқылы Түркістан қаласындағы монша құрылысына жұмсалғаны тайға таңба басқандай анық болса да, процесс қылмыстың қитұрқы сценарийіне жалғасады.

Әуелі Ысқақовтың курстас досы Жеңісбек Ысқақов күдікті ретінде іске кіргізіледі. Ж.Ысқақовты тергеу барысында Қуанышбек Ысқақовқа қарсы көрсетім беруге үгіттейді. Бір қызығы, әкім Ысқақовтың досымын деп жүрген Жеңісбек Ысқақов тергеушілер үгітіне бірден көне кетеді. Істің мән-жайымен танысқан адамға «қитұрқы сценарий» бойынша Жеңісбек Ысқақовтың әуелі айыпталушының туысқаны ретінде іске қатыстырылғанын байқау қиын емес. Одан туысы болмай шыққан Жеңісбек Ысқақовты бұл істе жаңа фигурант шығаруға пайдаланады. Сөйтіп, Ж.Ысқақовтың көмегімен Қуанышбек Ысқақовтың шын бауыры Азат Досмайылов қылмыстық істің бір фигуранты болып шыға келеді.

Бір сөзбен айтқанда, төрт құрылыс компаниясының құжаттары бойынша Түркістан қаласындағы «Шығыс моншасы» құрылысына жұмсалып кеткен 80 млн қаражатты, яғни жоқ қаражатты ағасы Қ.Ысқақовқа апарып беруші ретінде танылған Азат Досмаилов «қолма-қол ақша тасушы» деген айыппен қамауға алынады. Азат Досмаиловты қамауға алған сәттен бастап қаржы полициясының қызметкерлері оны Қуанышбек Ысқақовқа нақақтан жала жабуға, қарсы түсініктеме беруге үгіттейді.

Бірақ істің басы-қасында болмаған Азат Досмаилов үгіттеуге көнбей, өзіне қарсы және ағасы Қуанышбек Ысқақовқа қарсы жалған көрсетімдер беруден бас тартады.  Ол үшін карцерге қамалады. Осындай сот процесіндегі судья мен тергеушілердің әрекеттеріне қарап, біздің Қазақстан Республикасының сот жүйесіне, құқық қорғау органдарының қызметіне қандай баға беруге болады? Заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орган қайда қарап отыр?

Қуанышбек Ысқақовтың ісімен танысқан тәжірибелі заңгерлер, Ысқақовтың қорғаушы  адвокаттары жоғарыда аталған орган қызметкерлерінің мұндай әрекеттерін өз уәкілеттіктерін асыра пайдалану және адамгершілік принциптерге жат нәрсе деп, ашық айтып отыр. Егер дәл осы сот процесіне өркениетті елдер сотының өкілі қатысатын болса, Қазақ елін демократиялық, президенттік емес, шектен шығушы құқық органдары билейтін ел ретінде бағалар еді.

52 томға қатталған бұл сот процесінде айыпталушы, бүгінде жеті жылға бас бостандығынан айырылған Қ.Ысқақов пен оның осы іске негізсіз тартылған інісі Азат Досмайыловтың кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақтар көп келтірілген. Телефон детализациясы, куәгерлердің жүрген, кездестік деген аумақтарының сәйкессіздігі сот барысында анық көрсетілген. Сот процесінде берілген айғақтар мен жарыссөздерде келтірілген нақты бұлтартпас дәлелдерге мән бермеген судья Сайдуллаев Абдуллажанның әрекеті тапсырыс картинасына ұқсайды дейді заңгерлер. Бұл жерде жоғарғы жақтағы лауазымды кісілердің абыройын сақтау тапсырмасы тұруы мүмкін деген болжам да жоқ емес.

Елімізде аса маңызды саяси науқан – парламент және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау күні жақын қалды. Осындай жауапты науқан алдында тұрған қоғамымызға соттың әділетсіз шешіміне наразылық танытып, әділдік іздеген шудың қажеті жоқ. Сондықтан осындай әділетсіздіктің қайрағына түскен бұрынғы әкім Қуанышбек Ысқақовқа қатысты қылмыстық істің ақ-қарасын ашуға, оның әділетті шешілуіне Конституция  кепілі –  президент Қасым-Жомарт Тоқаев, жоғарғы сот, бас прокуратура, бас партия «Нұр Отан» ықпал етеді деген үміттеміз.

Сафдаян САҚҚЫЗЫ.

«Жас алаш» газеті, 22 желтоқсан, 2020 жыл

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button