Кызылордада әскери курсанттар мергендіктен жарысты
ҚЫЗЫЛОРДА. 11 желтоқсан. Қазақстан Қорғаныс министрлігіне қарасты Қызылорда гарнизонында әскери-техникалық мектеп курсанттары арасында пневматикалық қарумен нысана көздеуден жарыс болып өтті. Бұл туралы Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Сайыс Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналды.
Қызылорда қаласындағы әскери-техникалық мектептің тирінде өткен пневматикалық қарудан ату сайысы аяқталды. Жарыста санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормалар сақталды. Екі күнге созылған сайыс іріктеу және финалдық кезеңдерден тұрды. Екі кезең алдында да қатысушыларға нұсқаушылар тарапынан барлық қауіпсіздік ережелері мен сайыстың тәртібі түсіндірілді. Әскери-техникалық мектептің 25 курсанты бірінші күні толық құрамда іріктеу кезеңіне түсті, олардың арасынан жоғары нәтиже көрсеткен 8 курсант финалдық кезеңде шайқасты. Нәтижесінде курсант Нұрбақыт Кәденов жеңімпаз атанды.
«Осындай сайыстар бізге жігер береді. Әскери-техникалық мектептің офицерлеріне алғысымыз шексіз. Практикалық, теориялық тұрғыдан өте жоғары деңгейде дайындады. Оқып жүрген аз уақыт аралығында әскери өмірге бейімделіп келеміз. Отан алдындағы борышымды өтеп жатқаныма қуаныштымын. Еліміздің Қарулы Күштеріне қызмет еткім келеді», – деді Нұрбақыт Кәденов.
«Бұл әскери-техникалық мектептегі жас өрендердің әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруіне мүмкіндік беретін сайыстардың соңғысы емес. Сонымен қатар, техникалық мектепте курсанттарға пневматикалық қарудан атудан басқа көптеген қосымша тәжірибелік сабақтар өткізіліп келеді. Атап айтқанда, сапер күрегі мен пышақты нысанаға дәл қадау сияқты жоспардан тыс тәжірибелік дәрістер курсанттардың базалық білімін жетілдіруге әсер етері сөзсіз. Осы оқу орнын бітірген түлектер арасында Қарулы Күштерімізге қызмет ететін азаматтардың саны артқан», – делінген баспасөз парақшасында.