Қамбаш көлінің суы астына 4 адам кетіп қалды
ҚЫЗЫЛОРДА. 11 желтоқсан. Қызылорда облысының Арал ауданы аумағындағы Қамбаш көлінде 4 адам суға кетіп, қаза тапты. Бұл туралы «Сыр бойы» хабарлады.
Оқиға биылғы 8 желтоқсан күні «Қамыстыбас» ауылының дәл жанындағы Қамбаш (Қамыстыбас) көлінде орын алған.
Кабинасында 7 адам бар «УАЗ» көлігі көлдің мұз қатқан бөлігімен жүріп келе жатады. Кенет оның астындағы мұз ойылып, машина суға бата бастайды. Сол кезде кабинадан 4 адам шығып үлгереді. Қалған 4 жолаушы автокөлікпен бірге көлдің түбіне батып кетеді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары сол күні суға кеткендерді іздестіруді бастады. Бірақ қатты аяз буып, жұмысты аяқтау мүмкін болмайды. Олар жұмысты 9 желтоқсанда жалғастырып, су түбінен алдымен көлікті көреді. Ал оның ішінен 4 адамның мәйіті табылады. Қаза тапқандар 1973, 1981, 1985, 1994 жылы туған кісілер болып шықты.
Жыл басынан бері облыста осыған ұқсас 5 оқиға орын алып, оларда 9 адам опат болған екен.
Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті мұз үстімен жүргенде сақтық шараларын қатаң сақтауды өтінеді.