Әзербайжан Таулы Қарабақ соғысында жеңіске жетті
БАКЫ. 10 қараша. Өткен түнде Қарабақтағы 30 жылдық соғыстың соңғы нүктесі қойылды, таулы аймақ өзінің тарихи егесі – Әзербайжанға қайтарып берілді. Бұл туралы «Вестник Кавказа» хабарлады.
«Таулы Қарабақтың шешуші қаласы – Шуша басқыншылардан ресми түрде азат етілгесін екі күннен кейін Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарын тоқтату және жанжалды бейбіт жолмен реттеуге қайта оралу үшін Әзербайжан жағы ұсынып отырған барлық талаптарды орындайтынын жариялады, Армения жеңілгенін мойындап, өздері басып алған Келбаджар, Агдам және Лачин аудандарынан қалған әскерлерін шығаруға келісті», – делінген хабарламада.
Соғыс осы түнде Ресей Федерациясының бітімгерлігімен аяқталды. Армения премьері Никол Пашинян өз елінің жеңілгенін жариялағасын көп ұзамай Ресей президенті Владимир Путин Оңтүстік Кавказдағы соғыстан кейінгі өмір салты жайлы айтып берді. Әзербайжан және армян әскерлері сейсенбі, 10 қараша күні түн жарымында өздерінің қазіргі тұрған позицияларында қалады, Армения мен Ханкенди (оны армяндар «Степанакерт» дейді, бірақ қала атауы енді өзінің бұрынғы тарихи атауына көшеді – ред) арасындағы қатынас дәлізі мен екі елдің майдан шебінде Ресейдің бітімгерлік жауынгерлері орналасады. Осы кезден бастап екі жақ әскери тұтқындары мен қаза тапқандардың денелерін алмастырып алады. Босқындар мен ішкі көшіп-қонушылар азат етілген жерлерге оралады, Армения қарулы күштері басып алған территориялар БҰҰ-ның бақылауында болады, барлық шекаралар Ресей әскерлерінің қатысуымен жабылады.
Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян қол қойған құжатқа сәйкес, Армения 15 қарашаға дейін (бір бөлігін осы аптаның аяғына дейін) Келбаджар ауданынан, 20 қарашаға дейін Агдам ауданы мен Газах ауданының бір бөлігінен, ал 1 желтоқсанға дейін Ханкенди көлік дәлізін есептемегенде, Лачин ауданынан өз әскерлерін алып кетуге міндеттенеді. Бұдан басқа, Ереван Әзербайжанның батыс аудандары мен Нахычаван автономиялы республикасы арасындағы қатынасты ретке келтіруді міндетіне алып отыр. Осы бөлікте кейін қазіргі заманғы трасса салынады.
Ресей бітімгер әскерінің Таулы Қарабақ пен Лачин дәлізіндегі контингенті 1960 әскериден, 90 БМП-дан және 380 автомобильден тұрады. Сондай-ақ атысты тоқтатуды бақылайтын бітімгерлер орталығы жасалады. Алғашқы бітімгерлер бүгін Мәскеу уақытымен 00:07 сағатта келіп, өздерінің істеріне кірісіп кетті.
Осылайша, Арменияның басқыншы әскерлері Әзербайжанның Таулы Қарабақ автономиясындағы Ханкендиде, Агдерде, Аскеранда, Ходжавендте қалады, бірақ олар әзербайжан жерін басып алуға әрекет етпейді, себебі, әзербайжан армиясы қазір үстемдік құрушы Шуша биігімен қатар Ханкендиді өзінің толық бақылауына алады. Бес шақырымдық Лачин дәлізі Қарабақты басып алуды көздейтін идеологтарға Ханкендиді астыртын қарумен және солдаттармен көтеруге жол бермейді, өйткені, Арменияның Қарабақтағы барлық белсенділігін Әзербайжан ресейлік бітімгерлермен бірге бақылап тұрады. Таулы Қарабақтағы жанжалды бейбіт жолмен реттеу процесін тоқтату осыдан бастап мүмкін болмай қалады. Ол барлық уақытта Әзербайжанның территориялық тұтастығын сақтап қалады. Ал ұрыс даласында жеңіліске ұшырап, капитуляция сұраған армян тарапы енді келіссөзді шексіз соза бере алатын болмайды, агрессор елдің соғысты бұдан әрі жалғастыруға ешқандай ресурсы қалған жоқ, олар үшін бұл соғыстың мәні де жоқ. Осымен соғыс аяқталды, қираған территорияларды қалпына келтіретін уақыт туды, адамдар өз үйлеріне қайта оралулары керек.