Елу сотық жер үшін екі баласы мен өзінің өмірін қиыпты
НАМАНГАН. 31 қазан. Өзбекстанның Наманган облысында бір әйел кәмелетке толмаған екі баласымен бірге суға батып, жантәсілім еткен. Бұл туралы CentralAsia.us хабарлады.
«Наманган облысының Янгикурган ауданындағы «Эски ер» су қоймасының территориясынан үш адамның денесі табылды», – деп баяндады Өзбекстан бас прокуратурасы.
Ведомствоның мәліметі бойынша, қайғылы оқиға 26 қазан күні 17:00 сағат шамасында болған. «Навкент» махалласының 36 жастағы тұрғыны өлер алдында хат жазып қалдырып кетіпті. Онда әйел азаматтық некедегі күйеуінің өзіне тұт ағашын егу үшін бөлініп берілген 2 гектар жердің 50 сотығын інісіне бергеніне наразы екені атап көрсетіпті.
Осыған қатты ренжіген әйел екі кішкентай баласын судың жағасына алып келіп, алдымен оларды суға батырып өлтіреді, соңынан өзіне өзі қол салады.
Аталмыш факт бойынша Наманган облыстық прокуратурасы іс қозғады.
Тергеу жүріп жатыр.