Бұдан 11 жыл бұрын 10 қазан күні анамыз Зәмзеш дүниеден озған болатын. Сол кездері анам мен оның алдында ғана дүниеден өткен нағашымыз Аманбай аға жайлы мақала жазған едім. Соны сіздердің назарларыңызға тағы ұсынамын.
Аманбай ағамыз – шешеміз Зәмзештің ағасы, біздің нағашымыз, шешеміз екеуі – Мақан атамыз бен Ақболтай әжеміздің ұрпағы.
Жалпы, өзімнің осы кезге дейінгі көңілге түйгенім, адамның қалыптасуына, оның өмірлік ұстанымдарының тұрақты, оң бағытта болуына нағашы жұрттың тигізетін әсері зор. Атам қазақ «жігіттің жақсысы нағашыдан», – деп бекер айтпаған-ау, сірә.
Көзімізді ашып, есімізді жинағаннан бастап нағашы ауылында жиі болатынбыз. Біз Октябрь совхозында, ол кісілер көрші Энгельс колхозында тұрды. Ағайынның той-томалағы немесе каникул, демалыс кездерінде апаммен қыдырып жиі баратынбыз. Сәбира әжеміз, Балыш әжеміз, Кәмила апаларымыздың қолынан дәм татып, Жапақ, Сәтбек, Достық есімді балалармен азаннан кешке дейін ойнайтынбыз. Әсіресе, Балыш әжеміздің өзінің асқан мейірімімен шуағын төгіп тұратын қамқор, жайдары мінезі әлі күнге дейін есімізде.
Осындай мықты нағашыларымыздың арасында Аманбай ағамыздың орны ерекше болатын. Ағамыз бір сөзді кісі еді, оның айтқаны сол жұмыстың орындалғанының белгісі іспетті болатын. Көп оқитын, оқығанда беталды қолға түскен дүниені оқи салмай, белгілі бір тақырып аясында жүйелеп, саралап, салыстыра оқитын. Оқып қана қоймай, осы мәселе жөнінде өзінің ойын ашық білдіретін, ол ойды ауыл арасында емес, міндетті түрде баспа бетінде жариялайтын. Білімі терең, кез келген тақырыпта еркін әңгіме құра алатын.
Әкеміз Тәжімағанбет мықты математик, ұлағатты ұстаз еді. Соғыс жылдарында (1942-1945 жылдары) 16 жастағы әкеміз мектепте математикадан сабақ берген. Кейінгі жиырма жылдан астам уақыт совхозда бухгалтер, бас бухгалтер болды. Көп оқитын, өте білімді жан еді. Сондықтан шығар, Аманбай ағамыз үйге жиі келіп, әкемізбен сұхбаттасып тұратын. Үйде әкеміз жинаған кітаптар көп болатын. Аманбай ағамыз оқуға үйден кітаптар алып тұратын.
Ауылда ауыздағы дәлізді қоспағанда екі бөлмелі аядай үйде шиеттей он бала болып өсіп-өндік. Бірақ, сол құрқылтайдың ұясындай үйімізден қонақ арылмайтын. Ағайын-туыс, нағашылар, әкемізбен бірге қызмет жасайтындар, тіпті ауыл әскери совхоз болғандықтан Мәскеу, Байқоңырдан келген орыстарға дейін үйде қонақ болатын.
Сол тәрбие бойымызға сіңген болар шамасы, қазір де үйімізде қонақтар жиі болады. Әр қиырдан келген достарымыз болсын, немесе отбасында бір жақсылық болса болды, достарымыз, жақындарымыз үйден дәм татпай кеткен емес. Сол қонақтардың бел ортасында болсын деп Аманбай ағамызды шақырып алатынмын. Кейде, «Ұятты енді, осы жолы бармай-ақ қояйын» – дейтін ағамыз. Ондайда, «Аға, сізсіз қалай болады, төбедей болып төрде отырғаныңыздың өзі неге тұрады?» – десем болды, бар шаруасын ысырып қойып, үйге жететін. Қонақтармен бірге болып, әдебиет, мәдениет, саясат және қазіргі тәрбие жұмысындағы олқылықтар жайлы ашына айтатын, білгенін ортаға салатын. Білімі де, пейілі де дариядай еді-ау, ағамыздың.
Қайтыс боларының алдындағы жексенбіде ол кісіге апаммен бірге көңілін сұрауға кіріп шықтық. Күркілдеп жөтеліп, кеудесі сырылдап әзер отыр екен. «Аға, ертең ауруханаға апарып, укол салып емдесек, әлі-ақ жазылып кетесіз», – деп жатырмын ғой, жұбатып.
Ауруханаға жатқаннан кейін, үлкен палатада жағдайы болмай, жеке палатаға ауыстырып, сәлем беріп кіргенімізде де «Мына дүниенің уколын алып болдым, енді ана дүниенің де емін қабылдайын. Айналайындар, енді болды, рахмет», – деген кеудесі сырылдай. Сол күні түн жарымында ағамыздың дүниеден озғаны жайлы хабар жетті. Хабар жеткен бойда Зағира екеуміз асығып-үсігіп баласы Сәтбектің үйіне келіп, ағайын-туғандармен жасалатын шаруалар жөнінде ақылдастық.
Таңертең ертелеп жұмысқа кеттім. Түндегі келісім бойынша үйден қазан-ошақ алып кетуге таңертең жігіттер соғатын еді. Солардың біреуі маған телефон соғып, «Бауке, қазан-ошақты алдық. Бірақ апамызға хабар жетпеген-ау, естірте салайық па?» – деп тұр. Мен оған: «Денің сау ма өзі? Қазақ қашан қайғыны ат-үсті естіріп еді», – деп бас салып ұрыстым. Сонан, сағат 10-дарда үйге келдім. Ендігі қиын мәселе, бұл хабарды апама жеткізу болды.
Үйге келіп:
– Апа, ағамыз ауырып жатыр ғой, көңілін сұрап шықсақ қайтеді? – дедім. Апам күйбеңдеп асханада жүріңкіреп қалды. Сөйтсем, апам еңкейіп шкафтан бір қалта құртты алып жатыр екен.
– Мұны қайтесіз? – дедім кібіртіктеп.
– Аманбайға беремін, ауруханада аузына салып, дәмін алып жатпайды ма? – дегені.
– Апа, алмай-ақ қойыңыз, қажеті жоқ, – десем де, «Апарып берейін, арнайы сақтап қойдым ғой», – деді.
Мұнан әрі қарсылық білдірсем, бүлдіріп алармын деген оймен үндемедім. Көлігіммен ағаның үйіне бара жатып: «Кеше ауруханаға соққанымда жағдайы ауыр еді, қайдан білейін?», – деп қойдым.
Сәлден кейін: «Кеше дәрігерлер балаларына дайындала берсеңдер де болады деп еді, олар не істеп жатыр екен?» – дедім тағы да жәйменен.
Апама қарасам, көзінен жас тамшылап отыр екен. Менің де көңілім босап кетті, көзіме күнге киетін көзілдірік киіп алған соң білінбейді, әйтеуір.
Әшейінде 10-15 минутта жетіп баратын жерге жарты сағаттан астам жүрдік. Үлкен көшеден ағамыздың үйі жағына бұрылсақ, үйдің жаны толған көлік, абыр-сабыр жүрген адамдар, айқара ашылған қақпалар. Мұның не жағдай екенін бірден түсінген апам қыстыға жылап жіберді. Жылаған күйі машинадан түсіп жатып: «Аманбайға әкеліп едім, Аманбайға әкеліп едім», – деп қайталап, өзін құшақтаған Сәтбектің қолына бір қалта құртты ұстата берді. Бұл шешеміздің нағашымызға, өзінің туған ағасына, бауырына деген ыстық, іңкәр сезімі емес пе?
Ана – тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің кәусар бұлағы. Нәресте өмірінің нәрі де ана сүті ғой. Халықтың рухы, жаны, тарихы, арман, үміті болып табылатын тілдің де басқаша емес, «ана тілі» аталуы да тегін емес. Бұл – ұлттың тілі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті мен әдебиеті ұрпақ бойына ана сүтімен дариды деген емес пе? Сондықтан, осы бір кішкене оқиға арқылы жалпы аналар жайлы, оның ішінде, шиеттей он баланы тәрбиелеп өсірген, баққан-қаққан, Аманбай ағамыздан соң төрт айдан кейін дүниеден баз кешкен марқұм анам Зәмзештің бауырға деген таза көңілін кейінгілерге үлгі-өнеге ретінде айтып отырғаным ғой.
Мерекелер сайын ағамызға соғып, костюм-шалбар, көйлек-көншек кигізетінбіз. Бірде Шымкентке барған сапарымнан ағамның иығына шапан әкеліп жауып едім. Өткенде іссапармен Шымкентке барып тұрып, енді шапан апарып жабатын Аманбай ағаның жоқ екенін еске алып, «замана дөңгелегі тек алға қарай домалап бара жатыр ғой, бұл дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеді-ау» – деп ауыр ойға шомдым.
Бірақ атамыз қазақ «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді», – дейді. Ал Аманбай ағамыз әрі ғалым, әрі жақсы жан еді…
P.S. Осы мақала жарық көрген сәттен 10 жыл өткеннен кейін Аманбай ағамыздың баласы Сәтбек пневманиядан 5 күн ауырып дүниеден озды. Барлығымыз бұл ауыр қазаны қинала қабылдадық. Өйткені, Сәтбек бауырымыз Аманбай ағамыздың бойындағы барлық қасиеттерін бойына толығынан сіңірген, нағашылардың арасындағы шоқтығы биік, орны бөлек азаматымыз еді. Жатқан жерің жайлы, жаның жәннатта болсын, бауырым!
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ