Атышулы Стрельцов туралы фильм көрсетілімге ұсынылды
МӘСКЕУ. 24 қыркүйек. Бүгін Ресей астанасында аты аңызға айналған футболшы Эдуард Стрельцов туралы фильм кең прокатқа жіберілді. Бұл туралы «Вести.ру» хабарлады.
Режиссер Илья Учитель түсірген лента «Стрельцов» деп аталады. Ол кезінде даңқы жер жарған кеңес футболшысы, Мельбурн Олимпиадасының чемпионы, КСРО құрамасы мен Мәскеудің «Торпедо» командасының өзгеріссіз шабуылшысы Эдуард Стрельцовтың өміріне арналған. Басты рөлде Александр Петров ойнайды.
Премьераны көрермен қауым сәуір айында күтіп еді, бірақ коронавирус эпидемиясы салдарынан кейінге жылжытылды. Сол мәуріт енді келіп жетті. Картина 4 қазаннан тағы Германия, Австрия, Швейцария, Бельгия, Нидерланд және Люксембург елдерінде, яғни неміс тілді мемлекеттерде көрсетіле бастайды.
Фильмге баспасөз өкілдері өз бағаларын беріп үлгерді.
Лентаның бас кейіпкері – 20 жастағы Олимпиада чемпионы Эдуард Стрельцов жалған айыппен түрмеге кесіледі. 1958 жылы Швециядағы әлем чемпионатына бару орнына құлып астына кетеді. Оның тағдырының осылай аяқ астынан бүлінуіне Кеңес Одағының Никита Хрущев бастаған сол кездегі басшылығының да қатысы бар. Олар жастай аты шығып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген өр жігіттің осылай «сындырылуына» қарсы болған жоқ, қайта оның қалайда кесімді мерзім алып кетуіне мүдделі болды. Оның жазықсыз кетіп бара жатқанын сезсе де, ара түспеді.
Талантты футболшы қапастан келгеннен кейін де бұрынғы ойынын жоғалтқан жоқ. Дәл баяғы қалпындай болмағанмен, деңгейін біраз сақтап қалған екен. Соның арқасында 1967, 1968 жылдары «Футбол» апталығының анықтауымен КСРО-ның ең үздік футболшысы атанды. Ол Олимпиялық ойындардың чемпионы болғанда жасы 19-да еді, сол жетістігі үшін 1957 жылы «КСРО-ға еңбегі сіңген шебер» атағын алды. Бірақ келесі жылы сотталғанда, атағынан айырылып қалды. Оны тек арада он жыл өткесін, 1967 жылы қайтарып алды, дәлірегі, оған бұл атақ екінші рет берілді. 1965 жылы «Торпедо» сапында КСРО чемпионы болса, 1968 жылы Кубокты жеңіп алды.
Эдуард Анатольевич Стрельцов 1937 жылғы 21 шілдеде Мәскеу түбіндегі Перово қаласында туған. 1990 жылы 22 шілдеде туған күнінен бір күн кейін, небәрі 53 жасында өмірден өтті. Бұған түрмеде денсаулығын құртып келгені де айтарлықтай әсер етті.
Эдуард Стрельцов өмір бойына бір ғана командада – Мәскеудің «Торпедосы» құрамында ойнады.
Суретте: Эдуард Стрельцов өмірде