Пайғамбарды мазақ қылған Charlie Hebdo-ға қатер төнді
ПАРИЖ. 23 қыркүйек. Мұхаммед пайғамбарды каррикатура етіп, келемждеп жариялағаны үшін француздың Charlie Hebdo атты апталық журналына «Аль-Каида» террорлық ұйымынан ескерту келді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Журнал бұл жолы 2015 жылы өздерін терроршылардың нысанасына ұшыратқан Мұхаммед пайғамбардың каррикатурасын 2 қыркүйек күні қайталап жариялапты. Осыдан кейін редакцияға 11 қыркүйек күні екі рет қоқан-лоққы жасалған.
Арада екі аптаға жуық уақыт өткенде, француз БАҚ-тары сөз бостандығын қорғау деген желеумен ашық хат жариялады. Басылым сайтында жарық көрген оған елдегі 90-ға жуық журнал, газет редакциялары мен телеарна ұжымдары қол қойыпты.
«Біз демократиямыздың мейлінше іргелі құндылықтарының бірі – сөз бостандығына қатты қатер төніп тұрғаны туралы ескертуіміз керектігін барынша маңызды деп есептейміз. Бүгін, 2020 жылы біздердің бірқатарымыз баспасөз құралдарында жарияланып жататын жеке адамдардың пікірлері үшін әлеуметтік желілерде өзімізге өлім жазасы қолданылатыны туралы ескертпелер алып тұрамыз. БАҚ ашықтан-ашық халықаралық террористік ұйымдардың нысанасы болуда. Мемлекет сын заметкалар жариялағандары үшін «жазықты» болып қалатын француз журналдарына қысым көрсетіп жатыр. Сөздің зомбылығы біртіндеп дене зорлығына айналып келеді», – делінген онда.
БАҚ өкілдері сондай-ақ егер бекітілген қоғамдық тәртіп бұзылмайтын болса, тіпті діни мәселелер жөнінде де жеке пікірдің айтылуына кедергі жасамауды қарастыратын француз конституциясының ережелері мен 1789 жылы қабылданған адам мен азамат құқықтары декларациясына сілтеме жасайды.
Бірақ бұлар өздеріне пайғамбарды мазақ қылуға кім құқық берді екен, ол туралы ләм-мим деп жақ ашпайды.
Ал «Аль-Каиданың» бұл жолғы ашу-ыза білдіруінің қаншалықты шындыққа жанасымды екенін тек уақыт қана көрсетеді.