Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Қызылордада Ақмарал Әлназарова сенатор болып сайланды

ҚЫЗЫЛОРДА. 12 тамыз. Қызылорда облысында таңдаушылар бүгін  Ақмарал Әлназарованы Сенат депутаты етіп сайлады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Бұдан бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімдері бітіп, өкілеттіктерін тапсырған сенаторлар орнына 12 тамызда Парламент Сенатының сайлауын өткізу жөнінде Жарлық шығарған еді.

Қызылордада бұрынғы сенатор Бекмырза Еламановтан босаған орынға Ақмарал Әлназарова, Айдын Қайрул­лаев және Мұрат Сәрсенбаев таласты. Үміткерлердің үшеуі де «Нұр Отан» партиясы атынан дауысқа түсті.

Сайлаудың қорытындысында облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттарынан құралған таңдаушылардың 50 пайыздан астамының Ақмарал Әлназароваға дауыс бергені анықталды. Ол 102 таңдаушының қолдауына ие болды.

Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова 1971 жылы туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын дәрігер-педиатр, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін экономист мамандықтары бойынша бітірген. Медицина ғылымдарының докторы.

Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда қалалық балалар ауруханасының дәрігері болып бастаған.

2001-2004 жылдары – Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы;  2005-2013 жылдары – Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті облыстық басқармасының бастығы, Қызылорда медициналық колледжінің директоры; 2013-2015 жылдары – облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихаттың хатшысы, ал 2015-2018 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болған.

2018 жылғы 4 сәуірден биылғы сенатор сайлауына дейін «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін ақтарып келді.

Елеулі еңбек жетістіктері мен мінсіз мемлекеттік қызметі үшін «Құрмет» орденімен, «Шапағат» медалімен марапатталған.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button