Желіде Лукашенконың инфаркт алғаны айтылып жатыр
МИНСК. 2 тамыз. Кешелі бері әлеуметтік желілерде Беларусь президенті Александр Лукашенконың инфаркт алып қалғаны туралы айтылып жатыр. Бұл туралы белорус БАҚ-тары хабарлады.
Анықталмаған мәліметтер бойынша, мемлекет басшысы бұдан бірнеше күн бұрын инфаркт алып қалған. Осыған байланысты әкімшілік оның қатысуымен өтетін бірнеше шараны кейінге қалдырған. Соның ішінде Лукашенконың 3 тамыз күні парламентте оқылуға тиісті белорус халқына үндеуі келесі күнге жылжытылған. Ал президенттің баспасөз қызметі оны белсенді қимыл үстінде етіп көрсету үшін бұрынғы видеоларын үзбей көрсетуге кірісіп кетті.
Дегенмен, Александр Лукашенконың науқастанып қалғаны туралы ресми мәлімдеме берілген жоқ.
Атап өтетін жайт, соңғы күндері, Беларусь президентін сайлау күні жақындаған сайын іс басындағы президенттің денсаулық жағдайы күрт нашарлап кеткені жайындағы қауесеттер көбейіп келеді.
Лукашенконың өзі әскерилермен кездесуі кезінде «түрегеп жүріп» коронавирус індетімен ауырғанын айтып қалды. Тағы бір жиында ол бір қолын байлап алып отырды.
Соңғы кездері биліктің мың сан сылтаумен бұл сайлауды өткізбей, кейінге қалдыратыны туралы болжам да жиі айтылуда. Бұған электораттың Александр Лукашенконың емес, оның қарсыласы Светлана Тихановскаяның жағына шығып кеткені анық байқала бастағаны себеп болатын сияқты.