Генерал Костоев – Ақмола түлегі
Кешегі Ақмола-Целиноград табанында туып-өскен немесе өсіп-жетілген ұландар арасында кейін ел-халқына есіме танымал болған атпал азаматтар аз емес. Солардың қатарында бүгінде прокуратура саласының генералы дәрежесіне дейін жетіп, ардагер атанып отырған Исса Костоев та бар. Рас, ол Қазақстанда жоғары білім алғаннан кейінгі бар саналы ғұмырын Ресейдің құқық қорғау органдарында өткізді. Дегенмен, азамат болып қалыптасар шағы Арқаның төсінде өтті.
Ескілікті оқырманның есінде болар, сонау өткен ғасырдың 80-ші жылдарында көп адамның қанын жүктеген Андрей Чикатило деген педофил-маньяк біраз жыл қолға түспей, күллі Одақ жұртының үрейін ұшырып тұрды. Жазықсыз әйелдер мен жас балаларды әбден қорлап, азаптап өлтіріп отырған қылмыскерді дөп келіп танып, тап басып ұстау өте-мөте қиынға соқты. Ол тіпті құқық қорғау органдары ізшілері құрған қақпанға түсіп тұрған жерінен бірнеше рет өзіне айғақ тауып, сытылып кетіп жүрді.
Осы сұмдықтың жолына тосқауыл қойып, қанқұйлы қылмыскерді қолға түсіру үшін айрықша талантты криминалист, тәлімі күшті тергеуші керек екені анық көрінді. Біздің бұрынғы жерлесіміз Исса Костоев сондай адам болып шықты. Бұл кезде Дондағы Ростов қаласы прокуратурасына тергеуші болып келген ол соған дейін 8 жыл бойы ұстатпаған маньяктың соңына індетіп түсті. Бірақ айлакер албастыны «қораға қамау» үшін Иссаның өзіне тағы табандатқан 4 жыл керек болды. Алдыңғы 8 жыл ішінде істің көпе-көрнеу бұрмаланғандары сондай, бірнеше адам өздері жасамаған осы қылмыстарды мойындарына алып үлгерді. Тіпті бір адам осы қылмысқа байланысты өлім жазасын алып, атылып та кетті.
Алайда, істі тексеруді Исса Магометович қолға алғаннан бастап бірде-бір адам жазықсыз жазаға тартылған жоқ. Ол алдымен осы іске қатысты жинақталған барлық материалдармен мұқият танысып шығады. Сонда органдар қолға түсірген адамдардың бәрінің психикалық ауруға ұшыраған жандар екеніне көз жеткізеді. Тергеу кезінде олардың барлығы өздерінің кісі өлтіргендерін «мойындайды». Бірақ істі тереңірек зерттеп қараған адам мұның түгел барып тұрған сандырақ екенін аңғарар еді.
Осылайша «жындылармен» арпалысқан тергеушілер қылмыскердің ұсталғаны туралы Мәскеуге, СОКП Орталық Комитетіне қайта-қайта баянаттар жазумен болды. Бұл істі одан бетер сапырылыстырып, қылмысты ашудың жолдарын тарылта түсті. Рас, сол кездері олардың бәрін зерттеген РСФСР прокуратурасының өкілі Владимир Казаков қамауға алынғандардың бәрінің ақыл-естері дұрыс еместігін пайымдап, олардың кінәлі екендеріне үлкен шәк келтіреді. Бірақ «жаппай жетістікке» масайрап жатқан ортада мұны дәлелдеу оңайға түспейді. Ақырында ол КСРО Бас прокуратурасы алдына мәселе қойып, істі қайта тергеуге рұқсат алады. Сөйтіп, 1986 жылғы 10 қарашада Исса Костоев өндірісті қабылдап алып, тергеуді қайта жалғастыру үшін Ростовқа шұғыл аттанып кетеді.
«Қолда бар материалдарды зерттеп, талдап шыққаннан кейін мен қамауға алынған топтың көрсеткен айғақтарына сенуге болмайды деген тұжырымға келдім, – дейді бұрынғы тергеуші қазір. – Әуелгіде маған жергілікті тергеу машинасының бетімен кеткен төрешілдігіне қарсы біраз күресуге тура келді. Жағдай өте ауыр еді. Бұл аралықта маньяктың қолынан қаза тапқан кісілердің мәйіттері табылып жатты. Соның ішінде ақ сүңкеге айналып кеткен қаңқалар да шықты. Осыдан кейінгі 4 жылдың ішінде осы іске қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ондаған мың адам тексеруден өтті».
Осы тексеруден өткендер қатарында нағыз қылмыскер Андрей Чикатило да болған екен. Мәскеуден келген тергеуші оны 6 айдан аса уақыт қамауда ұстап, айыбын таңып қоя алмағаннан кейін босатуға мәжбүр болған. Оған тек азын-аулақ ұрлық жасады деген кінә ғана тағылған. Бұған мәйіттерден алынған шаухаттар анализі әсер еткен. Мәселе мынада, медициналық сараптама соған сәйкес қылмыс жасаған кісінің АВ антигеніне, төртінші қан тобына жататынын анықтаған. Сондықтан бұл топқа кірмейтіндер босатылып тұрған.
Бірақ тергеуші тексеру ауамында екінші қан тобына жататыны аян болғанымен, барлық параметрі қылмыскерге келіп тұрған Чикатилодан бәрібір көз жазбайды. Кейін одан қан алу кезінде қателік кеткені анықталды.
«Иә, оның қылмыскер екенін дәлелдейтін тура айғақ болмаса да, жанама айғақтарға негізделген ішкі бір интуиция мені одан алысқа апара қоймады, – дейді Исса Костоев. – Мен ешқашан бір айғаққа қарап, тұжырым жасамаймын. Қашанда қамалған адамның қылмысты неге мойындап отырғанын анықтағанша тоқтамайтын едім».
Сөйтіп жүргенде, 1990 жылдың 13 қарашасы күні темір жолға жақын орман алабынан тағы бір әйелдің денесі табылады. Бұл Чикатилоның өлтірген ең соңғы әйелі болып шығады. Ол бұл жолы да әйелдің омырауын, жыныстық мүшесін кесіп алыпты. Ал сұрау салынған жұрт, – араларында теміржол платформасында кезекшілік еткен милиция қызметкерлері де бар, – сол күні орман белдеуінде саңырауқұлақ тергендер тобын түзіп шығуға жәрдем берген. Сол топтың ішінде Чикатило есімді орман кезуші де болған. Сол күні түнде оның 1984 жылы да қолға түсіп, толық тексеруден өткені мәлім болады. Бірақ сот материалында оның екінші қан тобынан екені атап көрсетіліпті.
Исса Костоев сонымен бірге Чикатилоның 1980 жылы жазда электр жабдықтарын алу үшін Ташкентке барып қайтқанын, сол шамада «тоқ қалада» екі әйелдің омырауы мен жыныстық мүшелері кесіліп, өлтірілгенін анықтайды. Тергеуші оны 1990 жылы 20 қараша күні ақыры қамауға алады. Бұған күдіктінің ПТУ-де мұғалім болып жүргенінде балаларды жорыққа алып шыққанда 14 жасар қызға шабуыл жасағаны туралы дерегі де әсер етеді.
Тоғыз күнге созылған тергеуден кейін Чикатило өзінің бар шынын айта бастайды. Сөйтсе, алғаш рет 1978 жылы Шахты қаласында бір мектеп оқушысын өлтіріп, зорлап, денесін өзекке лақтырып кеткен екен. Осылайша маньяктың қылмысының басы тергеу болжамынан екі жыл бұрын басталып кеткені есепке алынады. Осы 12 жылдың ішінде оның 55 адам өлтіргені мойнына қойылды. Олардың 21-і 7-16 жас аралығындағы ұл бала, 14-і 9-17 жастардағы қыз бала, 18-і қыздар мен әйелдер болып шықты. 1936 жылы туған аса қауіпті қылмыскер Чикатилоның соты 1992 жылы сәуірде басталып, ол 15 қазанда ату жазасына кесілді. Үкім 1994 жылғы 14 ақпанда орындалды.
Осындай «ғасыр қылмысын» ашқан Исса Костоев 1942 жылғы 8 тамызда Чешен-Ингушия автономиялы республикасының Экажево селосында туған ингуш перзенті еді. 1944 жылғы ақпан айында ингуштардың депортация жасалып, Қазақстанға әкелінгені белгілі. Сол қуғын көшінде кішкентай Исса да әке-шешесімен бірге біздің республикаға келіп, Ақмола жеріне қоныс тебеді. Ол осы қалада 1960 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласына барып, КазГУ-дің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1965 жылы бітіріп шығады. Оқу бітірген бойда елдеріне оралған әке-шешесінің артынан барып, Солтүстік Осетия мен Шешен-Ингуш АССР-інің прокуратура органдарында қызмет етеді. Кейін мансап жолымен біртіндеп өсіп, КСРО Бас прокуратурасында қызмет етуге дейін барады.
Серік ПІРНАЗАР