Минскідегі шерулер рекордтық көрсеткіш көрсетті
МИНСК. 1 тамыз. Беларусь астанасы – Минск қаласында бірнеше күннен бері өтіп жатқан президенттікке кандидат Светлана Тихановскаяны қолдаушылар митингісіне қатысушылар саны бұрнағы күні рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл туралы naviny.by сайты хабарлады.
Ол 30 шілде күні кешке қаладағы Халықтар достығы паркінде президенттікке кандидат Светлана Тихановскаяны колдауға арналған үгіт митингісі түрінде өтіп, 63 мың адамның басын қосты.
Мұндай көлемдегі ірі жиын белорус жерінде сонау 90-шы жылдардың басынан бері болған емес. Митингіде сөйлеушілер мемлекетті басқаруға қабілетсіз қазіргі билікті алмастыратын уақыт жетті дегенді айтты. «Осы шыдағанымыз да жетер», – десті олар. Жиынның ұраны да осы болды.
Журналистердің атап көрсеткеніндей, митингіге билікті күшпен алмастыруды қош көрмейтін адамдар жиналды.
Жиынды Беларусьте тіркелмеген «Вясна» қоғамдық ұйымы ұйымдастырды.
Светлана Тихановская – бұған дейін президенттікке басты үміткерлердің бірі саналған Сергей Тихановскийдің әйелі. Бірақ оны билік әртүрлі жаламен сайлауға жеткізбей қамап қойды. Ол қазір уақытша тергеу оқшаулағышында отыр.
Қазіргі күндері елде оппозиционерлер мен тәуелсіз журналистерді қамау қатты қарқынмен жүріп жатыр.
Жағдай президент Александр Лукашенконың ойлағанындай болмай тұрған сияқты. Соңғы сауалдама Минскі тұрғындарының 80 пайызы оның қарсыласы – Светлана Тихановскаяны қолдайтынын білдіріп отыр.
Светлана Тихановская бастаған команданың қазіргі мақсаты президенті сайлауында жеңіске жетіп, билікті түгел ауыстырып, соңынан қайтадан президент сайлауын өткізіп, биліктің жоғары басына Сергей Тихановскийді әкелуге саяды.
Беларусьте президент сайлауы 9 тамыз күні өтеді.